Мақұлбеков Мәдібек Мақұлбекұлы

  • Фото ветерана: Мақұлбеков Мәдібек Мақұлбекұлы
    Мақұлбеков Мәдібек Мақұлбекұлы

Ардагердің өмірбаяны:

"Мен соғысқа 1942 жылдың мамыр айында аттандым. Бізді жүк пойызымен 20 күндей алып жүріп, Орынбор қаласынан ары Жайық өзені жағасындағы Тотск станциясындағы айдалаға апарып, екі айдай әскери дайындықтан өткізді. Өз киімімізбен шала құрсақ жүрдік те, әскери киімді 1942 жылдың қыркүйек айында берді.

Әскери дайындықтан кейін пойызбен Ленинград қаласының маңына әкеліп, Ладога көлі арқылы пароходпен қалаға кіргізді. Мен 125-ші дивизияның 466-шы атқыштар полкі, батальонының пулемет ротасында болдым. Қаланың Оңтүстік батысындағы Пушкин қаласында батальон штабы орналасты. Қала немістер қоршауында, біз қала ішіндегі қорғанысты қамтамасыз етеміз, қорғаныс үш шептен жасалған. Әр ұрыстан кейін жауынгерлер қатары сиреп қалады, артынша толықтыру болады. Тағы да ұрыс, тағы да сиреу, тағы да толықтыру.

Қиянкескі ұрыс бір толастамай жүріп жатты, азық-түлік, оқ-дәрі тапшы. Ленинград майданында 1942 жылдың қыркүйек айынан бастап, 11 ай болдым. Ұрыс өте ауыр болды, соғыстан аман қаламыз, елге ораламыз, бұл күнге жетеміз деп ойлаған жоқпыз. Аллаға шүкір, дәм-тұзымыз таусылмаған екен. Жеңіс күнін көрдік. Елге келдік, шаңырақ көтердік, еңбек еттік, абыройсыз болғанымыз жоқ, бұл күнге де жеттік. "Героическая оборона Ленинграда" медалімен марапатталдым.

Қаланы жау қоршауынан 1944 жылдың 14 қаңтары күні босаттық. Халықтың ондағы қуанғанын айтып жеткізу қиын. Мен сол күні ауыр жараланып 1012-ші госпитальға түсіп, үш айдан аса жатып, емделіп шықтым. Әскери комиссия соғысқа жарамсыз деп, КСРО ішкі істер министрлігіне қарасты 84-ші, кейін 79-шы полктарында қызмет еттім. Міндетіміз немістерден азат етілген қалалар мен темір жолдарда қалып қойған неміс жауынгерлерінің дұшпандық әрекеттеріне тойтарыс беру және оларды қарусыздандыру болды. Бұл бұйрықты қалтқысыз орындап отырдық. Соғыстың өзі жан күйзелістерінен тұрады, оны бастан кешіру, өліммен күнде бетпе-бет келу, қасындағы қарулас досыңнан әп-сәтте айырылу, қияметтің қамытын киіп жүру деп түсіну керек. Елден соғысқа бірге аттанған жігіттер туған бауырлардай болып кеттік. Менімен Ленинград майданында алғы шепте бірге болған Молдақұл Шөкеев басына оқ тиіп, қаны тоқтамады, арқалап бес шақырым жердегі санбатқа апардым. Содан қайтып хабар болмады, өлі-тірісін біле алмадым. Соғыс аяқталған соң елге келгенде қызы Баянға жолығып, не дерімді білмедім. Екінші оқиға, соғыста командирім, лейтенант Степанов жаудың бомбалауынан кейін мені топырақ астынан ес-түссіз жатқан жерімнен ашып алыпты. Егер ол тауып, аршып алмағанда не болары бір Аллаға ғана аян еді. Осы оқиғалар есімнен шықпайды, - дейді ақсақал.

Соғысты Брянск облысында КСРО ішкі істер министрлігіне қарасты 79-полкта аяқтадым. Немістер шегініп бара жатып, халықты аяусыз қырып, жойып, рельстерге асып кеткен екен, соларды жерледік. 1946 жылы қыркүйек айында аяғымды сылтып басып елге келдім. Содан Жамбылдағы бір жылдық мал дәрігерлік оқуды аяқтап "Қызыл жұлдыз" ұжымдық шаруашылығында мамандығым бойынша жұмыс істедім. Ел әлі оңала қоймаған кез. 1950 жылы Үкіметтің ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру туралы қаулысы шығып, "Қызыл жұлдыз", "Қызылқұм" және "Ақжар" ұжымдық шаруашылықтары бірігіп "Жамбыл" ұжымдық шаруашылығы болып аталды, аталған шаруашылық 1959 жылы тағы да КСРО Үкіметінің уақ шаруашылықтарды ірілендіру туралы қаулысына орай, "Трудовой пахарь" ұжымдық шаруашылығына қосылды. 1964 жылы шаруашылықта жұмыс істей жүріп, Луговойдағы мал дәрігерлік техникумын сырттай оқып, бітірдім. Аталған шаруашылықта 40 жыл мал дәрігері болып еңбек еттім, жалпы 50 жылдан аса жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Бүгінде ұл-қыздарымнан тараған немере, шөберелердің қызығын көріп отырған жайым бар, - деп әңгімесін түйіндеді.

Нравится