Тәуелсіздікке қанат қаққан 1991 жылы ел астанасы 1 млн 134 мың тұрғыны бар оңтүстіктегі ару қала
Алматы болды.
Бұл тұста болашақ астана, Сарыарқаның төсінде жатқан Целиноград қаласының 300 мыңға жуық халқы
бар еді.
ХХ ғасырдың соңында иен далаға осы заманғы қаланы салу мүмкін емес, бұл өлкені көтеру, тек кеңестік кезеңде, тың көтерумен ғана байланысты болды деген сөздер жиі айтылатын. Алайда, қазіргі Астана тұрған жер – ықылым заманнан адам қоныс қылған өңір.
1998 жылы археологтар қазіргі Астанадан бес шақырым жерден ортағасырлық Бозоқ қаласының орнын тапты. Бозоқ Қыпшақ хандығының ірі діни-мәдени орталығы болған. Бүгінде Астана қаласының аумағы болып отырған Қараөткелде 1830 жылы Ақмола әскери бекінісі салынды. Ал 1962 жылдың мамыр айында Ақмола елді мекеніне қала мәртебесі берілді.
Қаланың орналасқан аймағы өз тиімділігін 1863 жылдың өзінде-ақ байқата бастады. Қытай, Ресей және Орталық Азия арасындағы сауда жолдары түйісетін тұста қоныстанған Ақмола өзінің қолайлы географиялық жағдайының арқасында Қазақстанның ғана емес, оңтүстік Сібірдің де ірі сауда орталығына айналды. Ал сауда-саттық тұрғындар санының артуына сеп болды.
Ақмоланың даму тарихындағы маңызды кезеңнің бірі тың игеру жылдары болды. 1953 жылы Солтүстік Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен еріктілер келе бастады. Тек 1953 жылдан 1958 жылға дейінгі аралықта Ақмола облысына 270 мыңға жуық адам көшіп келген.
1960 жылы Ақмолада 100 мыңға жуық тұрғын өмір сүрді. Ал 1961 жылы Ақмола қаласының аты Целиноград болып өзгертілді және ол Қазақстанның барлық солтүстік облыстары кірген Тың өлкесінің орталығына айналды.