04 февраля 2020 | 17:39

Балалар үйінен шыққан, "Жыл адамы" атанған. Желіні таңғалдырған аяқ-қолы жоқ спортшы кім?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото kp.kz сайтынан Фото kp.kz сайтынан

Соңғы күндері Ресейде Желі қолданушылары аяқ-қолы жоқ курьердің видеосын жариялап жатыр. Кейін тамақ жеткізу сервисінің қызметкері параспортшы Михаил Асташов екені белгілі болды. Ол Токиода өтетін Паралимпиада ойындары қатысу үшін ақша жинап жүр екен. Tengrinews.kz тілшісі Михаил Асташовтың арманына жету жолындағы күресі туралы баяндайды.


Соңғы күндері Ресейде Желі қолданушылары аяқ-қолы жоқ курьердің видеосын жариялап жатыр. Кейін тамақ жеткізу сервисінің қызметкері параспортшы Михаил Асташов екені белгілі болды. Ол Токиода өтетін Паралимпиада ойындары қатысу үшін ақша жинап жүр екен. Tengrinews.kz тілшісі Михаил Асташовтың арманына жету жолындағы күресі туралы баяндайды.

Балалар үйінде тәрбиеленген

31 жастағы Михаил Асташов Бурятияда Тарбағатай ауданына қарасты Хандагатай ауылында дүниеге келген. 5 жасына дейін Улан-Удедегі балалар үйінде тәрбиеленген. Артынша мүгедектерге арналған мамандандырылған балалар үйіне ауысқан. Болашақ спортшы 18 жасқа келгенде әлеуметтік қызметкерлер оның ата-анасын тауып, ата-ана құқығын қалыпқа келтіріп беруді ұсынған. Екі тарап та бұл ұсынысты қабылдаған. Қазір Асташов жақындарымен жақсы қарым-қатынаста. Бүгінде Екатеринбургте тұрып жатыр.

Михаил спорттағы алғашқы қадамын балалар үйінде жасай бастаған. Басында бадминтон спортына көңілі ауған. Спортты жаны сүйетін ол үстел теннисімен де айналысқан. Ал кейін Мәдениет институтында оқып жүргенде жүзумен айналысқан. Асташовтың жүзуден алғашқы бапкері Николай Тетериннің айтуынша, Михаил басқаларға үлгі болардай адам.

"Асташов - жігері бойынша ең көп ұпайы бар адам. Мүмкіндігі шектеулі болса да, түрлі қиындық болса да, бұл өмірге бейімделгені сонша, оны көргендер "Нағыз азамат" деп айтып жатады", - дейді Тетерин.


Михаил Асташов. Фото vesti.ru

Параспортшы жүзуді бала кезінде үйренгенін айтады.

"Мүгедектерге арналған балалар үйінде жазғы лагерьге жиі баратынбыз. Сол жақта бассейн болатын. Бәріміздің жақсы көретін ойынымыз - үлкендер кішкентайларды суға лақтырып, қағып алатын. Мені бірде бассейнге лақтырып, ешкім қағып алған жоқ. Ұстай алмай қалған болар. Сөйтіп жүзуді үйреніп кеттім. Суға тұншықсам да, үйрендім", - дейді ол.

"Жыл адамы" атанған

Ресейлік параспортшы кез келген адамда мүмкіндік бар екенін, тек соны пайдалана білу керек екенін айтады.

"Бір жігітті көрдім, қолдары мүлдем жоқ, аяқтары жетілмеген. Диагнозын білмеймін. Ол аяғын қозғалтпай, тек денесімен ғана жүзеді - дельфин секілді. Өзіне толқын жасайды да, жүзе береді. Әлем чемпионы атанған. Мүмкіндік бәрінде бар, оны пайдалана білу маңызды", - дейді ол.

Михаил жүзумен айналысқан соң бір жылдан кейін мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында Ресей чемпионатында жеңіп, рекорд орнатқан. Бүгінде ол жүзуден Ресейдің үш дүркін чемпионы атанып отыр. Жүзуден бөлек Асташов жеңіл атлетикамен де айналысқан. Сондықтан, кейін түрлі спорттың басын қосқан паратриатлон жарыстарына қатыса бастаған.


Михаил Асташов. Фото: instagram.com/astashov03

Түрлі қиындықтарға қарамастан өмірге деген құлшынысын көрсеткен Асташов 2015 жылы Бурятияда "Жыл адамы" атанған.

"Өзімді мүгедекпін деп санамаймын"

Асташовтың аяқ-қолы туғанынан жоқ. Бірақ Михаил өзін мүгедекпін деп санамайды.

"Өзімді мүгедекпін деп санамаймын. Менде ешқандай шектеу жоқ, қарапайым адамдар секілді өмір сүріп жатырмын. Жаттығамын, тамақ дайындаймын, пәтерді жинаймын, кір жуамын", - дейді спортшы.


Михаил Асташов. Фото: instagram.com/astashov03

Михаил Асташовтың әр күні жаттығумен өтеді екен. БАҚ-қа берген сұхбатында күніне бес жаттығуға дейін жасайтынын айтқан.

"Күнім былай өтеді: 6-да ұйқыдан тұрамын, 7-де алғашқы жаттығуым басталады. Сөйтіп, кешкі 18:30-19:00 арасында жаттығуларым бітеді. Күніне 3-4, тіпті, 5 жаттығу болады", - дейді ол.

Жексенбіде параспортшы үстел теннисімен айналысады екен, бірақ оны тек жан рахаты үшін ойнайтынын айтады. Ал сенбіде спорттан толығымен демалады, үйінде теледидар қарап жатады екен.

"Телефон және қаламмен оңай жұмыс істейді"

Михаил Асташовтың басты арманы - Паралимпиада ойындарына қатысу. Параспортшы биыл Токиода өтетін Ойындарға қатысуға ақша жинау үшін "Яндекс.Еда" тамақ жеткізу сервисіне жұмысқа кірген. Сервистің баспасөз қызметі жаңа жұмысшысының барлық тексерістен қиналмай өткенін айтады.

"Хабқа ол досымен келді, бірақ стандарт тексерістердің бәрінен қиналмай өтті. Супервайзердің сөзінше, ол телефонмен және қаламмен оңай жұмыс істейді. Жалпы, жұмыс істеуге деген жігері зор", - деді баспасөз қызметіндегілер.

2 ақпанда Михаил алғашқы жұмыс күніне шығып, тапсырыстар қабылдай бастаған.

Асташовтың бапкері Анатолий Решетов Ura.ru сайтына берген сұхбатында шәкіртінің неге жұмысқа орналасқанын айтты. Оның сөзінше, Михаил қазір зейнетақы алып отыр, спорт федерациясы да қолдау көрсетеді.

"Ақпанның аяғында Аустралияда сайыстар өтеді, соның нәтижесі бойынша елдің Паралимпиадаға құрамасы іріктеледі. Михаил паратриатлон және паравелоспорт спорты бойынша құрамаға үміткер. Қазір сайыстарға дайындалып жатыр. Велосипедіне жаңа рөл, басқа да детальдарын, жаңа кроссовка сатып алғысы келеді. Соларға ақша жинау үшін жұмысқа тұрды. Оның техникалық демеушісі жоқ, ал оған қажетті нәрселерді жиі сатып алуға тура келеді", - дейді бапкері.

Ресей Паралимпиада комитетінің вице-президенті Павел Рожковтың айтуынша, Михаил Асташовтың спорт қағидалары бойынша биыл Токио Ойындарына қатысуға мүмкіндігі бар.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 482.09   532.1   5.08 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети