ПОДЕЛИТЬСЯ
08 февраля 2022 | 11:37
Бейжің Олимпиадасы: шетелдегі қазақ спортшылары туралы не белгілі?
Бейжің Олимпиадасында өзге елдердің намысын қорғап жатқан қазақ спортшылары бар. Оның кейбірі Олимпиада алтын медаліне үміткер саналады. Tengrinews.kz тілшісі қысқы Олимпиадада шетелдің атынан шығып жатқан қазақ спортшыларының нәтижесін баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бейжің Олимпиадасында өзге елдердің намысын қорғап жатқан қазақ спортшылары бар. Оның кейбірі Олимпиада алтын медаліне үміткер саналады. Tengrinews.kz тілшісі қысқы Олимпиадада шетелдің атынан шығып жатқан қазақ спортшыларының нәтижесін баяндайды.
Динара Әлімбекова
Қысқы Олимпиададағы шетелдік қазақ спортшысы туралы айтсақ, ойға Динара Әлімбекова келетін шығар. Динара Беларусь намысын қорғайды. Ол 1996 жылы 5 қаңтарда Қарағанды маңындағы Абай қаласында дүниеге келген.
Бірақ оның ата-анасы Динара үш жаста болғанда Беларусьтің Чаусы қаласына көшіп кеткен.
Беларусь БАҚ-тарының мәліметінше, Әлімбекова биатлонға бірден бармаған - бала кезінде би, музыка үйірмелеріне қатысқан. Кейін дене шынықтыру мұғалімінің кеңесімен шаңғы үйірмесіне барып, кейін өмірін биатлон спортына арнаған.
Динара Әлімбекованың карьерасындағы ең үлкен жеңісі - Олимпиада ойындарының алтын медалін алуы. 2018 жылы ол Олимпиаданың эстафета жарысында топ жарған.
2019 жылы "Прессболға" берген сұхбатында Қазақстан туралы ештеңе білмейтінін айтқан.
"Қазақстан туралы ештеңе есімде жоқ. Кішкентай кезімде әжем мен атама барғанмын, бірақ есімде ештеңе қалмапты. Әрине, туған жеріме шақырту келсе, барып қайтар едім. Ол жақта әлі туыстарым тұрады", - деген еді Әлімбекова сол кезде.
Ал Бейжіңдегі Олимпиадаға келер болсақ, кеше Динара жекелей жарыста бақ сынады. Ұзақ уақыт көш басында болған ол бір нысананы дәл көздей алмай, бесінші орынға түсіп қалды. Беларусьтік журналистердің айтуынша, ол жарысты аяқтаған соң жүлде ала алмағанына өкініп, көз жасына ерік берген.
Бірақ қазақ спортшысы биылғы Олимпиадада әлі бірнеше рет өнер көрсетеді.
Баян Жалынқызы
Тағы бірқатар қазақ спортшысы Бейжің Олимпиадасында Қытай құрамасының атынан шығады. "Шыңжан" газетінің мәліметінше, Қытай намысын қорғайтын қазақ спортшыларының қатарында Баян Жалынқызы бар. Baidu.com мәліметінше, ол 17 жасынан бері шаңғы жарысы спортына қатысады, сол кезде Қытай қысқы спорт түрлеріне спортшылар жинап жатқан. Олимпиадаға ол үш жыл бойы Норвегияда дайындалған.
ХОК сайтындағы дерекке сүйенсек, Баян 1999 жылы 17 желтоқсанда Алтай аймағындағы Зимунай қаласында дүниеге келген.
Баян былтыр шаңғы жарысынан Германияның Оберстдорф қаласында өткен әлем чемпионатында бақ сынаған. Сонда командалық жарыста 13-орын, 10 шақырымға жекелей жарыста 38-орын иеленген.
Баян Жалынқызы 5 ақпанда Бейжің Олимпиадасының скиатлон жарысына қатысты. Онда Баян 46-орын алды. Енді бүгін ол еркін стильдегі спринт жарысының іріктеу кезеңіне қатысады.
Қадыс Беделханұлы
Қадыс Беделханұлы да Баян Жалынқызы секілді шаңғы жарысында Қытай намысын қорғайды. Ол 1999 жылы 3 қаңтарда Қытайдың Фукаң қаласында дүниеге келген.
Спортшының үлкен жарыстардағы дебюті 2018 жылы Контиолахтидегі FIS турнирінде өткен. Сол кезде 15 шақырымдық жарыста 69-орын алған. Ал былтыр 50 шақырымға еркін жүріспен жарыста Қытай ұлттық чемпионатында топ жарған.
Биылғы Бейжің Олимпиадасында Қадыс Беделханұлы жарыс жолын аяқтады. Ол 15+15 шақырымға скиатлон жарысында 50-орын алған болатын.
Ақнар Адаққызы
Қытай атынан өнер көрсетіп жүрген тағы бір қандасымыз - Ақнар Адаққызы. Ол конькимен жүгіру спортында өнер көрсетеді. Ақнар 1999 жылы 1 маусымда Шыңжаң өлкесінің Құттыби ауданында туған.
Ол басында шорт-тректе өнер көрсеткен, ал 2018 жылдан бері конькимен жүгіруден ұзақ қашықтықтағы жарыстарға қатысады. Конькимен жүгіруге ауысқаннан кейін алты айдан соң ол жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының 1500 метрге жарысында күміс медаль еншілеген. 2019 жылы Қытай ұлттық чемпионатының 5 мың метрге жарысында алтын, 3 мың метрге жарысында күміс медаль таққан.
2020 жылы төрт құрлық чемпионатының масс-старт жарысында төртінші, 3 мың метрге жарыста алтыншы орын алған.
Жалпы, Ақнар Адаққызының конькимен жүгіруде Олимпиадаға дейін жетуіне бапкері Синь Циншань әсер еткені көп айтылады. Қытайдың қысқы Олимпиададағы алғашқы чемпионын кезінде осы бапкер жаттықтырған екен.
Биылғы Бейжің Олимпиадасында Ақнар Адаққызы 1500 және 3 мың метрге жарыстарға қатысты. Екеуінде де 17-орын алды. Енді ол 10 ақпанда 5 мың метрге жарыста бақ сынайды.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также