"Декретке шығып кетесің, ала алмаймыз". Дарынын дәлелдеп шыққан ақтаулық шахматшы әжей

18 Қараша, 15:20
3
"Декретке шығып кетесің, ала алмаймыз". Дарынын дәлелдеп шыққан ақтаулық шахматшы әжей -

Ұлдай Оразалина жасы 73-те. Ақтау қаласының тумасы. Балалық шағы Атырау облысының Сарайшық деген жерінде өткен. Балалық шағын өзге балалар секілді асыр салып ойнамай, шахматпен айналысқан. Шахматты кейіпкеріміздің әкесі, анасы, ағасы ойнаған. Балалық шағында кішкентай Ұлдай үйіндегілермен шахмат ойнап жарысқан.

"Менің балалық шағымда жарық 12-ден кейін сөніп қалатын. Ойымның бәрі шахмат болды. Шахматтан бөлек қызығушылығымның бірі кітап болды. Кішкентай күнімнен орысша кітаптарға жақын болдым. Үйге қонақ келсе, ең бірінші "Шахмат ойнайсың ба?" деп сұрайтын. Даладан көріп қалған адам "шахмат ойнайсың ба?" деп сұраса, отыра қалып шахмат ойнайтынмын. Кішкентай күнімнен тәртіпті қыз болдым. Мектепте 7-сыныптан бастап, шахмат жарыстарына қатыстым. Сол Гурьевтегі жарыста бірінші орынды иелендім. Күніне шахматтан 3 сағат сабақ беремін. Жұмыстан келгесін ғаламтордағы шахматпен ойнаймын. Ғаламторда 2040 баллым бар. Шаршасам, бірдеңеге ренжісем шахмат ойнаймын. Сонда барлығын ұмытып кетемін. Шахмат маған әрдайым күш береді. Шахмат сияқты ешқандай спорт күш бермейді. Шахмат ойнағанда үйдегі ренішті, болмай жатқан дүниелерді бәрін ұмытып кетесің", - деп кейіпкеріміз сөзін бастады.

Бәрі де мектептен басталған

Шахмат әрдайым ізденісті талап етеді. Бір апта шахматтан қол үзсең, шахмат ойынындағы формалар өзгеріп кетеді. Кейіпкеріміздің сөзінше, шахматтың ол формасын стереотип дейді. Мектепте 8-сынып оқып жүрген кезінде, 2-ші рет Гурьевтегі жарыста бас жүлдені алған. Сол жарыстан кейін шахматшыны Алматыға жіберген.

"Алматыдағы жарыстарда бірінші орын алдым. Сонда менің ойнағанымды көрген бапкерлер "Алматыда қал, сені интернатқа орналастырамыз, сені оқытамыз" деген болатын. Мен үйдің бір түйір қызы болғандықтан, анам келіспеді. Үйге қайтып келдім", - дейді ол.

Әрдайым жеңіс туынан көрінген шахматшы келесі жылы тоғызыншы сыныпта тағы да бірінші орын алған. Сол кезде батыстан шыққан шахматшыны Алматыда қалдырады. Бір жарым ай жарыс алды дайындықта болып, сосын Волгоградқа жіберген.

"Ол кезде халықаралық шахматтан жарыс деп аталады. Сол кезде батыстан тек өзім, Алматыдан екі ұл бала сол жарысқа бардық. 10-сыныпта да жарысқа қатыстым. Біз жарысқа барған жылдары бірінші Оралға, сосын Ақтөбеге, содан өтсек қана Алматыға баратынбыз. Сол Алматыда қалғаннан мені ешқайда жібермеді. Наурыз, сәуір, мамыр, маусым айларында сол қалада дайындалдым. Маған белгілі жаттықтырушы білім берді. Сабаққа баратынмын, одан келгесін шахматқа баратынмын. Ол кездің өзінде би кеші, кино деген жоқ", - деп сұхбатшымыз өткен күндегі шақтарын тарқатты.

Сол жылдың тамыз айында-ақ оны Ленинградқа жіберген. Жылма-жыл жарыстарға барып, қол үзбеген. Сол 11-сынып оқып жүргенінде Қазақтанның оқушылар арасында чемпионаты өткен. Сол кезде кейіпкеріміз 1-орын алған.

"Сені алмаймын, сен декретке кетесің" деді

Ұлдай Оразалина 1964 жылы, 18 жасында ересектер арасындағы жарыста да бірінші орын алған. Осылайша ол он сегіз жасында Қазақстанның чемпионы деген атақ алды. Жарыс Целиноградта (қазіргі Нұр-Сұлтан) өткен.

"Жарыстан үлкен кубок пен мақтау қағазымен оралдым. 1965-1969 жылдары Алматыда оқыдым. Сол төрт жыл бойы Студенттер арасында Қазақстанның чемпионы болдым", - дейді ол жеңісті сәттерін есіне алып.

Кішкентай күнінен жеңімпаз болып келген кейіпкеріміз 1969 жылы Ақтауға келіп, өмірі түбегейлі өзгерген.

"Ақтауда шахмат ойнайтын әйелдер болмады. Шахматты ер адамдармен ойнайтынмын. Ер адамдармен ойнаған әйелдермен ойнағаннан басқаша. Ер адамдар басқаша ойлайды. Бірақ шахматта "Кім мықты - сол жеңімпаз". Алматыда оқып жүргенімде, белгілі ғалым маған барлығын үйретті. Ол ұстазым шахматқа берілген жан болатын. 1969 жылы Ақтауда мектепте маған орын жоқ деді. Себебі директор "сені алмаймын, сен декретке кетесің" деді", - деп әңгімеледі кейуана.

Содан ол Ақтау қаласындағы Пионерлер үйінен ең алғаш рет сол кезде шахмат үйірмесін ашқан. Шәкірттер тәрбиелеген. Үйірмеге жаттықтырушы болған. Ол дайындаған шәкірттері орыс балалар болыпты. Көп шәкірті Ресей еліне кеткен. Сол жылдары оны мектепке мұғалім болып шақырады. Бірақ ол ешқашан шахматтан қол үзбеген. 

Шахмат жарыстарынан қол үзіп қалған 30 жыл

Алайда Ұлдай әже 1969-1999 жылдар аралығында, бақандай 30 бойы ешқандай жарысқа бармаған. Шахматты ұмытып қалуға шақ қалған.

"Сол кездерде үйде өз-өзіммен ойнайтынмын. Сосын 1999 жылы бірінші рет наурыз мейрамына арналған турнир болды. Ақтауда турнирден бірінші орын алдым. Сайын Шапағатовтың 60 жылдығы болды. Сол кезде бірінші орын алдым. Ақтауда қанша жыл тұрсам, қатысқан жарыстарымда тек 1-орын алып отырдым. Содан кейін 2000 жылдардан кейін бізді жан-жаққа жібере бастады. Алматы, Тараз, Шымкет, Талдықорған, Қостанай... бір сөзбен айтқанда бармаған жерім жоқ. Қазақстанда тек Семей мен Қызылордаға бармадым", - дейді ол.

Кейіпкеріміздің сөзінше, шахматты үздік шахматшы боламын деп ойнамау керек.

"Мен бала күнімнен жарыстарға қатысып жүрген адаммын. Мақтау да естідік, сыйлық та алдық. Бірақ ешқашан үздік боламын деп, ала бергеннің үстіне ала берсем деген оймен ойнамадым. Ең бастысы, жақсы ойын көрсетуің керек. Мен барлық қалада болдым. Союздың кезінде Ленинград, Волгарад, Мәскеуде ойын көрсеттім. Шахмат болмаса, ауылдан шыққан мен сияқты қызға осы қалаларды ешкім көрсетпейтін еді", - дейді ол.

"Денсаулығымның жақсы болуы шахматтың арқасы"

Кейіпкеріміз бүгінде жасына қарамастан, өте шапшаң әрі есте сақтау қабілеті жақсы. Осының бәрінің сақталуына шахмат әсер еткен. Зейнеткердің өзі шахматтың пайдасын көріп, жастарға шахмат ойнауға кеңес береді.

"Менің жасым 73-те. Бірінші менің айтатыным, мына менің жасымдағы адамдардың есте сақтау қабілеті нашар және көзі көрмейді. Көздің көруі миға байланысты. Себебі менің көзім жақсы көреді. Жасы 35-ке келгендермен көзім бірдей көреді. Осының бәрі шахматпен байланысты деп ойлаймын. Жарыстарға барған кезде, дайындық кезінде шоколадты күштеп жегізетін. Шоколадты күнде жеп жалығатын едім. Үш ай бойы шоколад жедім. Сол жеген шоколадтардың пайдасы бар деп ойлаймын. Мен 73-ке келіп жұмыс істеп жүрмін. Жұмыстастарымның арасында ең үлкені мен. Менің жасыма келіп, жұмыс істеп жүргендер аз. Менен бәрінің сұрайтыны, көзілдірік киесің бе, тіпті кейде поштаға барсам, "жазып бере қояйыншы" дейді. "Маған сіздің көзілдірігіңіз жоқ, көрмейсіз ғой" дейді. Маған көзілдірік керек емес, өзім жазамын деймін. Денсаулығым жақсы. Көзім көреді, құлағым естейді, есте сақтау қабілетім анық. Денсаулығым үшін Құдайға рақмет айтамын. Бәрі түптеп келгенде шахматтың арқасы. Одан басқа, жұрттан артық денсаулығыма қарап жүрген ештеңем жоқ", - дейді ол.

Кейіпкеріміз екі бірдей жоғары оқу орнына өз білімімен түскен. Студенттік кезде оқудан шығып кетіп, жұмыс істеген.

"Мен мектеп бітірдім. Мен мектеп бітірген жылы Қазақстанның чемпионы болып жүрген кезім. Өз күшіммен Ақтөбенің медициналық институтына түстім. Құрбым да шахматшы болған, екеуміз бірге түстік. Сол құрбыма оқуға түскені үшін ағасы алтын сағат сыйлады. Сол алтын сағат бізге бәле болды. "Ақтөбені не істейміз, келесі жылы Алматыға түсеміз. Одан да жұмыс істейік". Құрбым екеуміз оқуды тастап, Ақтөбеден қашып кеттік. Чкаловқа бардым. Чкалов мектебінде жұмыс істедім. Келесі жылы Алматыдағы медициналық институтқа түсемін деп Алматыға бардым. Содан жаттықтырушым айтады ғой, маған келген де мен сені ойланбай алатын едім деп. Алматыдағы мединститутқа ауылдан анықтамамды алмай келіп, соның кесірінен түсе алмадым. Алматыда үй болмағасын, баратын жерім болмағасын, далада, вокзалда қонып жүрдім. Сосын пединститутқа студенттерді шақырған хабарламаны көрдім. Шығарманы жақсы жазып, орыс әдебиеті бөліміне түстім. Сол кезде де сабақты жақсы оқығасын екі институтқа да өз біліміммен түстім", - дейді кейіпкеріміз.

6 шахматшы қызға естелікке 6 стақан

Кейіпкеріміз ыдысыс жуып тұрып, сол студенттік шақтағы қызықты оқиғаларының бірін әңгімеледі.

"Ол кезде 2-курс студентімін. Бану Садвакасова атты политехта математикадан берген оқытушы болды. Ол кісі көптеген шахмат ойыншыларын мойындатқан. Үш күн бойы төрт жарым сағаттан ойнадық. Ең ұзақ партия деп тіпті біз газетке де шықтық. Сол қарсыласымды ұттым. Сол кезде маған жүлде деп бергендері 6 стақан болды. Сол кездегі оралдық Клара, қарағандылық Марияш деген достарым қасымда болды. Біз алты қыз едік. Сол менің жүлдеме 6 қызда 6 стақан болады деп қатты қуандық. Сол кездерімді әлі сағынамын. Студенттік күндерде тез ренжейсің, кішкентай нәрсеге қуанасың, таңғаласың", - деп әдемі естеліктерін бөлісті шахматшы әже.

Ұта алмай кеткен қарсыластары

Әрдайым жеңістерден көрінген шахматшының да жеңіліс тапқан күндері болған. Кім ұтылуды білмесе, сол шахмат ойнай алмайды.

"Мен ұта алмаған қарсыластарым бар. Алматыда жүргенде Попрукаева деген болды. Ол менен үлкен дәрігер еді. Одан қараптан-қарап сескенетін едім. Тағы бір әйел болды. Аты-жөні қазір есімде жоқ. Шашы әрдайым үрпейіп тұрады. Ойын басталғаннан сол үрпейген шашына қарай беремін. Солай ұтылатынмын. Жолдасым "сен соның шашына қарап, ұтыласың" деп күлетін еді. Сол әйелді бірде-бір рет ұтып көрмеппін. Ақтау да, Атырау да болсын ешкімнен ұтылып көрмеппін", - дейді ол.

Қазір шахматтан бөлек, спортшы үй шаруасымен айналысады.

"Немеремді балабақшаға апарамын, алып келемін, сабағын оқытамын, үйдің шаруасы бар. Барлық әйел сияқты тамақ пісіремін. Бәрін өзім істей беремін. Балаларым да, немерелерім де шахмат ойнауды біледі. Былтыр шипажайда демалдық. Менің 10 жастағы немерем жарыстан 1-орын алды. Одан кейінгі 5 жасар немеремді шахматқа үйретпедім, бірақ қабілеті бар сияқты. Шахмат фигураларын біледі", - деп немересінің жетістіктерін бөлісті ардагер шахматшы.


Суреттер Ұлдай Оразалинаның жеке мұрағатынан

Кейіпкерімізді еліміздегі шахматтың дамуы қуантады. Шахматшыларға көңіл бөлініп жатқанына іштей риза. Шахматтың деңгейін көтеру - спортшының арманы.

"Мен шахматты еліміз де дамыту мақсатында Ақтаудан бастағым келді. Бірақ ол арманым ақталмады. Балалар үшін ең аз жалақыға да жұмыс істедім. Мен үшін ақша емес, балаларға шахматты үйрету маңызды. Алматыда шахмат мектебін ашты. Сол жаңалықты естіп, риза болдым. Бүгінде мемлекет тарапынан шахматқа көңіл бөлініп жатқаны мені тек қуантады. Осыдан 30-40 жыл бұрын болса, шахматты өзім-ақ көтеретін едім. Бірақ қазір мен үшін кеш. Ендігі мақсатым артымнан ерген балаларым, немерелерім, шәкірттерім", - дейді кейуана.

Жастар неге шахмат ойнауды білуі керек?

Айтары ойы бар, берер өнегесі мол спортшыдан жастарға не деп кеңес айтатынын сұрадық.

"Жастарға кеңесім мен өзім сабақ беретін сыныптарға айтамын, кейбір мемлекеттерде жоғары орындарға шахмат ойнап білетін мамандарды алады. Жұмысқа шахмат білсе ғана алады. Сондықтан шахмат үйреніңдер деп жатамын. Балалар да қызығушылық бар. Ең бастысы оларға жол сілтеп жіберу керек. Оқушыларымның болашағы бар. Инситутта шахмат ашса, тіпті керемет болар еді. Жаратқан барлық пендесіне талант береді. Сол талантты өлтіріп алмаңыздар. Сәл қиындық көрдім деп мақсаттарыңыздан бас тартпаңыздар. Алға ұмтылыңыздар", - дейді Ұлдай Оразалина.

Кейіпкеріміз шахмат ойнаудың қыр-сырын сұхбат соңында айтып берді. Шахмат ойлауды қажет ететінін жақсы білеміз. Спортшы шахматта өзіне әрдайым екі сұрақты қояды екен. Сол сұраққа жауап беріп, жетістікке жетеді.

"Шахматта тек ашық позиция да ойнайтындары жақсы көремін. Шахматта ашық позиция, жабық позиция деген түсінік бар. Жабық позицияда ойнайтындар сенің қате жіберіп, мүлт кеткеніңді күтіп отырады. Өзі шабуылға шықпай, күтіп отырады. Кейбіреулер бар, ашық позицияда қорықпай ойнайды. Шабуылға бірінші шығады. Бәрін асықпай ойланып, ойын көрсетеді. Шахматтан үздік деп ашық позицияда ойнайтын Анатолий Карпов ұнайды. Шахматта көп әдіс бар. Қазіргі таңда шахматты меңгеру үшін екі сұраққа жауап бере білуің керек. Шахмат ойнап отырғанда "қайда жүрді?" және "неге жүрді?" деген сұраққа жауап бере алуың керек. Логикалық ойлануды қосуың керек. Осы сұраққа жауап бергенде ғана, сен ұтасың", - деп шахматшы сөзін аяқтады.

Шахмат - ақ сызығы мен қара сызығы қатар жүретін өмір. Бірде ұтасың, бірде ұтыласың. Ең бастысы, шыдамды болуға үйренесің. Сол қасиетті үйренгенде ғана өмірде өз орныңды табуға болады.

Сұхбаттасқан Гүлбақыт Жанұзақ

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (3)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц