ПОДЕЛИТЬСЯ
13 июня 2019 | 16:04
Денис Тен ел намысын қалай қорғады
13 маусым - Қазақстанның біртуар спортшысы, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің туған күні. Қазақстандықтардың мәнерлеп сырғанау спортын сүйіп қарауына себеп болған Денис былтыр 25 жасында қаза тапқан болатын. Тengrinews.kz тілшісі спортшымыздың жеңіс жолы жайында баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
13 маусым - Қазақстанның біртуар спортшысы, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің туған күні. Қазақстандықтардың мәнерлеп сырғанау спортын сүйіп қарауына себеп болған Денис былтыр 25 жасында қаза тапқан болатын. Тengrinews.kz тілшісі спортшымыздың жеңіс жолы жайында баяндайды.
"Конькиді әкем жасап беретін"
Денис бала кезінен жан-жақты еді. Теннис, акробатика, тхэквондо, карате, жүзу үйірмелеріне қатысқан. Би, сурет және ән мектептеріне барған. Денсаулығын жақсарту үшін мәнерлеп сырғанауға да қатысты. Кейін нақты бір саланы таңдап, бар назарын соған аудару қажет болғанда Теннің таңдауы мәнерлеп сырғанауға түсті. Расын айтқанда, ол кезде елімізде мәнернеп сырғанаудың болашағы жоқ болып көрінген еді.
"Ашық мұз айдындарында жаттықтым. Мәнерлеп сырғанауға арналған құрылғылар, дүкендер болмады. Әкем конькиді қолдан жасап беретін. Мен элементтерді әкем жазып әкеліп берген бейнекассеталар арқылы жаттайтынмын", - дейді Денис.
2003 жылы 10 жастағы Денис мәнерлеп сырғанаудан "Хрустальный конек" турниріне қатысады. Сол жарыста дарыны көрінген ол белгілі бапкер Елена Буянованың көзіне түскен. Ол Денисті Мәскеуге келіп, бірге жаттығуға шақырады.
© 24smi.org
Нәтижесінде Денис 12 жасында-ақ ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысып, жеңіске жетті. Бірақ әлі жасы кішкентай болғандықтан, халықаралық жарыстарға бара алмады. Тек бір жылдан соң мәнерлеп сырғанаушы Нидерландыға аттанып, жасөспірімдер арасындағы Гран-приде бақ сынады. Денис бұл жарысты 10-орынмен аяқтаған. Алдағы екі жыл бойы Дениске халықаралық аренада жүлде еншілеу мүмкін болмады. Жас спортшы тек өз шеберлігін арттыра түсті.
Бұл еңбегі бекер кетпеді. 14 жасында Минскідегі Гран-При кезеңінде жеңіске жетті. Сол жылы Францияда өткен жарыста финалға жолдама алып, 5-орыннан көрінді. Бұл 2008 жыл болатын. Сол жылы Денис Мәскеуге барып, Ресей кубогына қатысты. Бұл турнир де Денис үшін табысты болып, қазақстандық спортшы "алтын" алды.
Әлемді таңғалдырған - Тен
2009 жыл Денис үшін ерекше орын алады. Ол алғаш рет ересектер арасында әлем чемпионатына қатысты. Турнир сол жылы Лос-Анджелесте өткен. Денис "Стэйплс-центр" аренасына жиналған 18 мың көрерменнің алдында өнер көрсетті. Әлемдік додада жүлде алмаса да, оның 8-орны Қазақстанға Ванкуверде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына 2 жолдама сыйлады. Бұл мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан тарихында тұңғыш рет болған жағдай.
Денис Тен 2009 жылғы әлем чемпионатында
2010 жылы қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы ең жас қатысушы болған Денис 11-орынға табан тіреді. Кейін әлем чемпионатында да, Гран-При кезеңдерде де үздік ондыққа кіре алмады.
Дениске алтын медаль 2011 жылы Қазақстанда өткен жарыста оралды. Елімізде ұйымдастырылған VII Азия ойындарында Тен алтын жүлдеге қол жеткізді. Азия ойындарынан соң Денис Golden Spin of Zagreb турнирінде күміс, Istanbul Cup-та алтын медальға ие болды.
2013 жылы Денис Тен канадалық Лондонда өткен әлем чемпионатында табысты өнер көрсетті. Еркін бағдарламада жеңіске жеткен ол турнир қорытындысы бойынша екінші орын иеленді. Бұл - Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатындағы алғашқы медаль. Бірақ Теннің "күмісі" мәнерлеп сырғанау әлемінде үлкен жанжал шығарды. Евгений Плющенко, Джонни Вейр, Тодд Элдридж сынды танымал спортшылар алтын медальді Денис Тен алуы керек деген пікір білдірген. Тіпті, Тенге де алтын медаль берілсін деген талаппен петиция жазылып, оған 1000-нан аса адам қол қойған.
Бірақ Тенге берілген жүлде өзгермеді. Дегенмен осы жүлдесінен соң 20 жастағы Денис ҚР спорт шебері атанды.
Тарихымыздағы жалғыз медаль
Әлем чемпионатынан кейін 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарында Денис еліміз үшін тағы бір жетістікке жетті. Олимпиадада қысқа бағдарламадан кейін 9-орында тұрған Тен еркін бағдарламада жоғары нәтиже көрсетіп, бірден үшінші орынға көтерілді. Бұл қола медаль Қазақстан үшін ерекше орында. Себебі бұл - Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан жеңіп алған алғашқы және жалғыз медаль.
Денис Тен Сочи Олимпиадасында
"Мен үшін қола медаль алтынмен тең. Бұл біздің тарихымыздағы алғашқы медаль. Бірақ бұл елімізде мәнерлеп сырғанаудың дамуына жол ашып, болашақта көп жетістігіміз болса екен деп тілеймін. Басқа да мәнерлеп сырғанаушыларымыз шығып, олардың медальдарына бірге қуанамыз деп үміттенемін", - деген еді Денис Forbes.kz-ке берген сұхбатында.
Олимпиададан кейін де Денистің айы оңынан туды. Франциялық Бордодағы Гран-приде үшінші орын алса, Zlatna pirueta Zagreba турнирінде топ жарды.
Ал 2015 жылы ақпанда Денис әлемді таңғалдырды. Қазақстандық спортшы Сеулде өткен Төрт құрлық чемпионатының қысқа бағдарламасынан соң көш бастаған. Еркін бағдарламада да үздік нәтиже көрсетіп, 289,46 ұпаймен жеңіске жетті. Айта кетерлігі, Денистің ұпайы сол маусымда әлемдегі ең үздік нәтиже болып тіркелді. Сол жылы Шанхайдағы әлем чемпионатында Тен қола медаль иеленіп, қоржынына кезекті жүлдесін салды.
"Елім үшін ерекше мақтандым"
2015 жылдың соңына қарай мәнерлеп сырғанаудан жаңа маусым басталған. Өкінішке қарай, сол сәттен бастап Денис Тен жоспарланған көп жарысқа қатыса алмады. Денистің жамбас буыны жарақаттанған. Емделе жүріп Тен жарыстарды мүмкіндігінше жібермеді. Нәтижесінде Германияда екінші, Хорватияда бірінші орынға қол жеткізді. Бірнеше жыл бойы Денис жарақатымен алысып, көптеген жарысқа қатыспады. Қатысқан жарыстарында да зор нәтижеге қол жеткізе алмады. Тек 2016 жылы Париждегі Гран-При кезеңінде алған күміс медалі мен 2017 жылы Алматыдағы қысқы Универсиадада еншілеген алтын жүлдесін атап өтуге болады.
Сол жылғы әлем чемпионатында екінші ондыққа енген Денис Пхенчханда өтетін қысқы Олимпиадаға жолдама алған. Денис үшін Кореяда болатын бұл дода маңызды еді. Себебі арғы атасы Оңтүстік Кореяның генералы болған, соның құрметіне сәтті өнер көрсеткісі келді. Бірақ мұнда да оның көсіліп өнер көрсетуіне жарақаты бөгет болды. Қысқа бағдарламадан соң ол 27-ші орынды місе тұтты.
2018 жылғы Олимпиададағы сәтсіздіктен соң Денис жарақатын толық емдеп алмақ болады. Сол сәтті пайдаланып басқа да салаларға қызыға бастайды. Фильм түсірумен, ән жазумен айналысады. Оқуын жалғастырып, Оксфордта білім алуды да жоспарлайды. Бірақ Денис алға қойған мақсаттарының бәрін де орындап үлгермеді. Былтырғы жаздың 19 шілдесінде Денис Тен автоұрылардың қолынан қаза тапты.
Денис Қазақстанның атын бүкіл әлемге танытқысы келген еді. Оның кезекті жеңістерінің бірінен соң бір адам "Денис ойдан шығарылған ел үшін медаль ұтып алды" деген екен. Сол кезде ол Қазақстан туралы бүкіл әлем естиді деп өзіне уәде берген. Кейін "Қазақстанды әлем естігенде, елім үшін ерекше мақтандым", - деген еді Денис.
Показать комментарии
Читайте также