"Ендігі мақсат - әлем чемпионы атану". Тоғызқұмалақтан талай жарыста топ жарған Медина

17 Маусым, 15:31
0
"Ендігі мақсат - әлем чемпионы атану". Тоғызқұмалақтан талай жарыста топ жарған Медина - Суреттер жеке мұрағаттан
Суреттер жеке мұрағаттан

Елімізде ұлттық спорт үйірмелеріне қатысатын балалар саны артып келеді. Ақмолалық сегіз жастағы Медина Садықованың да бар қызығушылығы тоғызқұмалаққа ауған. Бұл үйірмеге қатысқанына бір жыл енді ғана асқан. Биыл ол өз құрдастары арасында Қазақстан чемпионы атанды. Тengrinews.kz тілшісі Медина және оның әкесі Болат Садықовпен әңгімелесіп, тоғызқұмалақта топ жарып жүрген қыз бала туралы баяндайды.

Бір жарыс - үш алтын медаль

Медина 2010 жылы Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Макинск қаласында туған. Мектеп табалдырығын сол жақта аттағанымен, 2018 жылы отбасымен бірге Қоянды ауылына көшіп барған. Мединаның тоғызқұмалаққа қызығушылығы сол кезде ашыла бастаған.

"Жаңа мектебімде әкем тоғызқұмалақ үйірмесіне алып барды. Шынымды айтсам, бірден ұнап қалды. Сөйтіп, үйірмеге тұрақты қатысып кеттім. Тоғызқұмалақтың пайдасы өте зор. Шахмат секілді ол да ойлау қабілетіңді дамытады", - дейді Медина.

Оның тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысып жүргеніне бір жылдан асқан. Бүгінде Целиноград ауданының спорт мектебінде жаттығып жүр. Оны Целиноград БЖСМ жаттықтырушысы Дүйсембай Молдабаев дайындайды. 


Медина бапкері Дүйсембай Молдабаевпен

Былтыр сәуірде Қояндыда облыстық ашық турнир өтіп, Медина бірінші орын алған екен. Кейін Астана қалалық чемпионатына қатысып, "блиц" пен "рапид" бөлімдерінен алтын медаль иеленген. Осылайша, ол биыл Ақмола облысының чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады. Мұнда да жас тоғызқұмалақшы қарсылас шақ келтірмей, бірден үш алтын медальді қанжығасына байлаған.

Мамырдың ортасында Медина Садықова шеберлігін тағы да таныта алды. Бұл жолы Қазақстан чемпионатында.

"Павлодарда тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өткен. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық спортшы қатысты. Бәрі де өз аймақтарының үздігі, жүлде алып жүрген балалар. Медина 8-9 жастағылар арасында "блиц" бағдарламасында сынға түскен. Қызымыз ел чемпионы атанды", - дейді Мединаның әкесі Болат Садықов.

Медина Садықова "блиц" бағдарламасына қатысқан 46 спортшының ішінен озып шығып, 7,5 ұпаймен бірінші орын алған.

"Үйірмелер сабағыма кедергі келтірмейді"

Медина мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Әкесі Болат пен анасы Меруерт Лекерова Қояндыда мұғалім болып қызмет атқарады.

"Мединадан бөлек, үлкен ұлымыз Аян да тоғызқұмалақ ойнайды. Екеуі бірге жаттығып, үйде дайындалады. Сондай-ақ Рауан, Асан және Саян есімді үшеміміз бар. Қазір олар 5 жаста. Медина оларға тоғызқұмалақ пен дойбы ойнауды үйретіп қойды. Үйде солармен де ойнап тұрады", - дейді Болат Садықов.

Жас спортшының айтуынша, тоғызқұмалақ үйірмесі оның сабағына мүлдем кедергі емес.

"Сабаққа да, үйірмеге де үлгеруге болады. Оның үстіне, тоғызқұмалақ миға пайдалы. Ойлану қабілетіңе көмектеседі. Соңғы бір жылдан аса уақытта іштей дамып, өсіп келе жатқанымды байқаймын. Тоғызқұмалақ үйірмесін тастау ойымда да жоқ", - дейді Мединаның өзі.

Биыл Медина Садықова 2-сыныпты үздік бағамен бітірді. Айтуынша, пәндердің ешқайсын бөліп-жармайды, барлық сабақ ұнайды екен.

"Тоғызқұмалақтан бөлек, ағылшын тілінің үйірмесіне қатысып жүрмін. Бос уақытымды бекер өткізбей, өзімді жан-жақты дамытқым келеді. Одан қалды, анама үй шаруашылығына көмектесіп, інілерімді бағамын. Үйде гимнастикамен айналысамын. Қазір мостикке тұрып, шпагатқа отыра аламын", - дейді жас спортшы.

Мединаның ендігі мақсаты - Азия және әлем чемпионаттарына қатысу. Бірақ жақын арада ол осындай байрақты додаларға түсе алмайды.

"Азия және әлем чемпионаттарына 13 жастан бастап қатысуға болады екен. Менің қатысуыма әлі 4 жылдай бар. Оған дейін ішкі біріншіліктерде топ жарып, сәті келгенде халықаралық жарыстарға дайын болуды жоспарлап отырмын. Қазақстан чемпионы атандым, ендігі мақсат - Азия және әлем чемпионы болу", - деді Медина.

Еске салайық, Tengrinews.kz редакциясы "Қазақстанның талантты балалары" жобасын бастаған еді, оның мақсаты - біздің, қазақстандықтардың жас дарындарымыз жайлы білсін деген ниет. Елімізде ең ақылды, өнерлі, алғыр балалар бар деп сенеміз. Егер сіздің балаңыз қандай да бір дарынымен таңғалдырса, ол жайлы оқиғаңызды бізге kids@tn.kz поштасына жіберіңіз. Сондай-ақ, сайтта көрсетілген телефондар арқылы редакцияға хабарласып, әңгімелеп бере аласыз.

Арнайы жоба ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Бұған дейін де ERG компаниясымен бірге "Батырлар арамызда", "Жеңімпаздар" жобалары қолға алынған еді.

Получить короткую ссылку

Автор :

  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц