Митингіге кімдер шықты

01 Шілде, 12:16
0

"А мы на Капчик". Алматыда митинг өткені жайлы алғашқы хабарға қолданушылардың бірі осылай пікір жазыпты. Басқа қаладағылар түсінбей қалар, "Капчик" деген сленг сөзбен Қапшағайдағы су бөгені айтылып отыр. Митингіге шығатындарға өте маңызды болған тақырыптар қалайша өзгелерге назар аударуға да тұрарлық мәселе емес деген ой туады. Былай қарасаң, расында да шеруде айтылып жатқанның бәрі өркениетті ел болуға, әділ қоғамда өмір сүруге деген талпыныс. Сол үнін шығару үшін жиналған 300-ге жуық адам - олар кімдер?

Бірі Арыстағы жағдайды айтып, АЭС салуға қарсылық білдірсе, бірі кешегі Теңіз мұнай кен орнындағы тәртіпсіздіктің түбінде шетелдік және отандық жұмысшылардың әлеуметтік пакетіндегі теңсіздікті айтып жатты. Алайда "митинг десе үркетін болған, сондықтан әкімдіктің арнайы орында арнайы күнге митинг өткізуге рұқсат беруін жеңіс десіп, сең қозғалды" дескендер де болды. Тіпті бір-бірін құттықтап, шын ризашылығын білдіріп жатты.

Әуелгі сұрағымызға оралсақ, үнін шығару үшін жиналғандар, митингіге шыққандар кімдер еді? 

Тізіліп тұрған қызметтік көліктер. Есіктері ашық. Бірақ жүргізушісі де, полиция жасағы да көрінбейді. Көзден таса жерде сапқа тізіліп, дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр ма екен деген ой туды. Иә, бірінші кезекте митингіге келген полицейлер екенін ұқтыңыз. 

Одан кейінгілері сары жилет киген журналистер. Бұл әсіресе өткен митингілерде (рұқсат берілмеген)  Tengrinews.kz тілшісіне жасалған шабуылдан кейін тенденция болды. Әріптестердің сәлем сұрасқан соң бірден "Шоқанның жағдайы қалай?" деп жиі сұрайтыны бұған дәлел болар. Сонымен, мінберге жақын орындарда сары жилеттілер көп болды. 

"Сары арқа" кинотеатрының артындағы саябақта біз көрген жұрттың дені жастар болды. Таза, ұқыпты, сәнді киінген. Орысша да, қазақша да сөйлейді. Ойлары анық - елде жағдай жақсаруы керек, өркениетке қайтсек те жетуіміз тиіс. 

Жастардың дені қайталанбайтын, ерекше стильде, ешкім айтпаған, әзілінен маразмы басымырақ мәтіні бар осындай үнқағаздар ұстады. Әдеттегі ақ қағазға емес, суреттегідей түрлі-түсті параққа "өз үнін" жазғандардың ұраны "Шындықтан қашып құтыла алмайсың" болды. Митинг кезінде орыс тілінде "От правды не убежишь" атты саяси әнінің орындалғанын да айтып өтейік.

Соңғы сән үлгісінде киінген жастар еркіндікті бейнелейтіндей, демократияны іші де, сырты да сүйетіні анық көрінеді. "Мы уязвимая группа населения" - үнқағазындағы сөз әдеттегі "АЭС салынбасын", "Біз әділ митинг үшін", "Қазір болмаса қашан" деген жауыр сөзден ерекше, озық, айтары салмақтырақ болып көрінді. 

Суретке анықтап қарасаңыз, артқы фонда камераға қарап тұрған қыз бетіне "Оян" деген жазу жазыпты. Бұл Міржақып Дулатұлының маса болып ұлтты оятуға тастаған ұраны ғасыр өткен соң елім деген бұл жастардың үнжарғысына айналғандай. 

Еркіндік деп қалдық. Шын мәнінде іші де, сырты да еркін, ерекше жаңалыққа, елден ерек болуға ұмтылатын жастардың да бой көрсеткенін айтпай өтпесек болмас. Бұл суреттен бүгін Алматыда өткен заңды митингіде қоғамның барлық буыны қатысты деп пайымдауға болатындай. Қайтсе де, бүгінгі жиында барлық саладағы қалтарыс-бұлтарыс айтылып жатты. Жастар шығып сөз бостандығы, жастар мәселесі, Арыстағы жағдай, экология, күні кеше Теңіз кен орнында болған дау сияқты өзекті мәселелерді қозғаса, үлкендер, қариялар жағы кейде рухани, кейде тарихи проблемаларды көтерді. Соңғы жиырма жылдағы бүгулі мәселелер айтылды, жастар оларды ұйып тыңдағанын байқадық.

"Астана" велокомандасының спорттық киімін киіп келген (расында өтіп бара жатып, қосылған да болуы мүмкін) мына спортшының топқа қосылмай, жырақтан ғана байқап, мінберге шыққандарды мұқият тыңдап тұрған сәтінен түстік. Оның бұл шараға арнайы келген-келмегеніне болжам жасамай-ақ қоялық. Қайткен күннің өзінде жиналған халық қарасын көбейткендердің ішінде кездейсоқ жүргендер болды.

Митингіде көптің қолдауын тапқан Әсия Төлесова болды. Алматыдағы марафон кезінде үнқағаз көтеріп, 15 тәулікке қамалған оның сөзін біз жоғарыда айтқан топтардың бірі қалмай қолдады. 

Суретте митингіні өткізуге әкімдіктен рұқсат алған Әлнұр Ілияшев журналистердің сұрағына жауап беріп тұр. Белсенді митинг барысында мінберге шыққандардың регламентін бақылап, ұйымдастыру барысын толығымен өз мойнына алған. 

Сағат 12.00-де ұйымдастырушылар да, жиналғандар да бір ауыздан тарады. Ешкім де айғай шығармады, даудан аулақ болды. Құрастырылған мінберді бөлектеп, аппаратурасын жинады. Арада "тарқаймыз" деген ұйымдастырушыларды да көрдік. Әуелден мінберген жақын орынды сайлап алған қариялар жағы дайындап әкелген үнқағаздардан ептеп қайта орап жатты. Суреттегі кейуананың үнқағазды ұқыппен, асықпай тұрып орағанына қарап, әлі де бұл жиналғандардың айтары бар, сондықтан заңды митингілер әлі де жалғасады деген ой келді. 

Байқағанымыз осы.

 Ардақ Құлтай

Получить короткую ссылку




  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц