1. Главная
  2. Почитай
Реклама
Реклама

Құжат жоғалтқанда не істеу қажет - Нұсқау

Интересная и полезная статья ✅ Құжат жоғалтқанда не істеу қажет - Нұсқау ⚡ Читайте онлайн публикации на актуальные темы на интернет-портале Tengrinews.kz.

Талай рет қоғамдық көлікте, көшеде әмиянымызды ұрлатып я болмаса жоғалтып алған кездер болған шығар. Ішінде жеке куәлік, паспорт, жүргізуші куәлігі секілді құжаттар бар екенін есімізге түсіріп, сасып қалып, қайда жүгіну керектігін, кімге хабарласу керектігін білмей де қаламыз. Осындай жағдайларда не істеу керектігін, ең бірінші қайда барып, кімге хабарласу керектігін, жоғалған құжатты қайта қалпына келтіру үшін қандай құжаттар керектігін, жеке куәліксіз жүрсе не болатынын Tengrinews.kz тілшісі анықтады. 

#1 Жеке куәлігімді жоғалтып/ұрлатып алдым. Ең бірінші не істеймін?

"Ең алдымен бірден тіркелген немесе нақты тұрып жатқан жеріңіз бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) барасыз. Сол жерден кеңес бөліміне барып, жоғалтып алғаныңызды айтасыз. Қызметші сізге өтініш үлгісі мен қағаз береді, соны толтырасыз. Өтініш екі тілде мемлекеттік және орыс тілдерінде бар, қалауыңыз бойынша бір тілдегі өтінішті жазасыз. Тек содан кейін жеке куәлікті жаңадан дайындата аласыз", - дейді ХҚКО қызметкері Айнұр Бабажанова.

Егер жеке куәлігіңізді жоғалтып емес, ұрлатып алсаңыз онда сіз тіркелеген аудандық ішкі істер бөліміне (АІІБ) арыз жазып, оның ішіне міндетті түрде қашан, қай жерде, қандай жағдайда ұрлатып алғаныңызды жазасыз. Содан кейін сізге ұрлатып алғаныңыз жайлы талон беріп, ХҚКО-ға бағыттайды. 

#2 Арызды қаншалықты тез жазу керек?

Мейлінше, жоғалтып/ұрлатып алғаннан кейін бірден жазу керек. Себебі, біріншіден жеке басын куәландыратын құжатсыз өмір сүру әкімшілік құқық бұзушылық болып саналып, он күннен аса жүрсеңіз ескерту жасалып, 1 айдан асса 7АЕК-ға дейін яғни 16 835 теңге айыппұл салынады. 

Полиция бөлімшесіне тездетіп барудың тағы бір себебі жеке куәлік болсын, паспорт болсын алаяқтар сіздің атыңыздан несие алып қоюы әбден мүмкін.

#3 Жоғалған құжатты қайта қалпыну келтіру үшін не керек?

Ең алдымен қалпына келтіру құжаттар пакетін дайындайсыз. ХҚКО-ның қызметкерінің айтуынша, жеке куәлігіңіз болсын, паспорт болсын қалпына келтіру пакеті бір форматта жиналады.

Сонымен оның ішіне:

1) Жеке куәлікті жоғалту мән-жайларын көрсете отырып, оны қалпына келтіру туралы жазбаша өтініш.
2) Мемлекеттік баж төленгені туралы құжат (мемлекеттік баж төлеуден босатылған адамдар растайтын құжаттарын ұсынады).
3) Қазақстан Республикасы азаматының паспортын (бар болса). Егер төлқұжатыңыз жоқ болса, ЖСН (жеке сәйкестендіру номерін) өткізесіз.

Ал жеке куәлікті ұрлатып алған жағдайда қалпына келтіруге арналған құжаттар пакеті қандай?

1) АІІБ құжаттың ұрланғаны туралы анықтама.
2) Мемлекеттік баж төленгені туралы құжат (мемлекеттік баж төлеуден босатылған адамдар растайтын құжаттарын ұсынады).
3) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты (бар болса).

#4 Жоғарыда айтылған барлық құжатты жинадым, тіпті суретке түстім. Енді оны қайда тапсырамын?

Құжатты қалпына келтіру пакетінің барлық тармағын орындап болғаннан кейін тіркелген орныңыз бойынша ХҚКО-ға келіп, дайын құжаттарды тапсырасыз. 

#5 Мемлекеттік баж салығы деген не? Жетімдер мен мүгедектерге арналған жеңілдік бар ма?

Баж салығы заңмен бекітілген мемлекеттік салық. Яғни, егер сіз жеке куәліксіз бір айдан астам жүрсеңіз баж салығын төлеуге міндеттісіз. Өтініш жазар кезде жоғалтқан уақытын көрсетіп, сол күннен бастап салықтың сомасы анықталады. 

Айнұр Бабажанованың айтуынша, өтініш берер кезде жұрт бір айдан асып кеткен кезде 16 835 теңге айыппұл салынатынын естіп, қайта арыз жазуды сұрайды екен. 

"Жоғалтып/ұрлатып алған адамдар өтініш жазады. Оның үстінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 492-бабына сәйкес ҚР тіркеусіз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру айыппұлға әкеліп соқтыратынын білу керек. Арызды қайта жазуға келер болсам, өтірік айтқан жағдайда ол қылмыс саналатынын және жалған ақпарат берілсе, мойнымен көтеретіні жайлы өтінішке қол қояды", - дейді Айнұр. 

Баж салығын жетімдер немесе мүмкіндігі шектеулі жандарға жеңілдіктер қарастырылады екен. Алайда, ондай салықтан босатылғанын растайтын құжаттарды ұсынуы міндетті.

#6 Жаңа құжат неше күнде дайын болады?

Жеке куәлікті қалпына келтіру процесі 15 жұмыс күніне созылады, осы уақыт ішінде құжат дайын болады. Бірақ тез арада құжатты қолыңызға алғыңыз келсе, 1 күннің ішінде дайындап бере алады екен. Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында 1 және 3 жұмыс күні, облыс орталықтарында 3 және 5 жұмыс күні, облыстардың аудандары мен қалалары үшін 7 жұмыс күні мерзімінде қолыңызға ұстатады. Алайда ол үшін арнайы заңмен бекітілген қызмет құнын төлеуіңіз қажет. 

#7 Ол дайын болғанша қандай құжатпен жүремін?

Куәлікті немесе паспортты жоғалтып/ұрлатып алған кезде қолданыс мерзімі үш айға дейін жарамды уақытша жеке куәлік беріледі. Кей жағдайларда жоғалтып алғаныңыз жайлы анықтама қағазын ғана қолыңызға береді. 

#8 Құжатым дайын болғанын қайдан білемін?

Сізді қабылдаған қызметкер міндетті түрде құжаттарыңыз қашан дайын болатын күнді хабарлауы керек. Сондай-ақ, сіздің ұялы телефон нөміріңізді базаға тіркеп, құжатыңыз дайын болған күні хабарласады. 

Әзірше құжат дайын ба, әлде жоқ па - онлайн білу мүмкін емес екен.

Материалды дайындаған Дана Құтпанбаева