ПОДЕЛИТЬСЯ
17 апреля 2019 | 15:13
Елсіз аралға қандай үш кітап ала кетер едіңіз - Қаламгерлер таңдауы
Қазақ қаламгерлері Tengrinews.kz тілшісінің "Елсіз аралға қандай үш кітап ала кетесіз?" деген сауалнамасына қатысып, сүйікті кітаптарын атады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақ қаламгерлері Tengrinews.kz тілшісінің "Елсіз аралға қандай үш кітап ала кетесіз?" деген сауалнамасына қатысып, сүйікті кітаптарын атады.
Әбубәкір Қайран, ақын:
"Соғыс және Бейбітшілік" қана
Ақын Лев Толстойдың "Соғыс және Бейбітшілік" романын ғана алып кетер едім. "Осы кітапты ғана алып кетуші едім. Бұрын оқығанмын. Қайта оқып, терең түсінгім келеді", - дейді ол.
Смағұл Елубай, жазушы:
"Абай жолы", "Қан мен тер", "Шұғаның белгісі"
"Осы үш туындыға өмір бойы қайта-қайта оралып соғып отырамыз. Қазақ үшін бұлар теңдессіз рухани мұралар деп білемін", - дейді жазушы.
Дулат Исабеков, жазушы:
Құран Кәрім, Абайдың туындылары және өз кітаптарым
"Әлем құранды қайта оқуға кірісті. Ислам дінін қабылдаушылардың саны көбейіп келе жатыр. Ол бүкіл адамзаттың барлық моральдық кодексі. Екінші кітабым - Абайдың шығармалары болар еді. Абай - мәңгі кітап. Оны оқыған сайын алдыңнан басқа адам шығады. Жиырма том кітап шығарып жатамыз, оның бір сөзі де есіңде қалмайды. Абайдың әр сөзі есіңде қалады. Бүкіл мақаламызда кімнен ғибрат аламыз? Абайдан аламыз. Жас кезіңде оқыған Абай бір басқа, орта жаста оқыған Абай бір басқа, одан асқаннан кейінгі Абай бір басқа. Мұхтар Әуезов айтқандай, біз Абайды жөндеп оқи алмайды екенбіз, оны оқып, сіңіре білуіміз керек. Ал енді одан кейін өз шығармаларымды тастап кете алмаймын. Өз ішіңен шыққан, өз перзентіңді қалай тастап кетпексің, сондықтан мұның еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймын", - дейді қаламгер.
Бексұлтан Нұржеке, жазушы:
Абай мен Мұқағалидің, ал прозадан Сәбит Мұқановтың кітаптарын
"Абай Құнанбаев пен Мұқағали Мақатаевтың барлық өлеңін ала кетер едім. Бұларды неге таңдап отырғаным айтпаса да түсінікті шығар. Ал прозадан Сәбит Мұқановты таңдар едім", - дейді Бексұлтан Нұржеке.
Бауыржан Бабажанұлы, ақын:
Батырлар жыры, Есенғали ақынның кітабын және Мағауиннің "Аласапыраны"
Ақын бала кезінен оқып өскен Батырлар жырын таңдайтынын айтты.
"Бұдан кейін Есенғали Раушановтың кез келген өлеңдер жинағын, ал прозадан Мұхтар Мағауиннің "Аласапыран" романын ала кетер едім", - дейді ол.
Дидар Амантай, жазушы:
Құран кітап, "Абай жолы" мен Абайдың қара сөздері
"Негізі маған мұндай сұрақ қоймау керек. Үш кітап маған тым аз. Қайтсе де мен сүйіп оқитын туындыларды атайын, бірақ сәт келгендеосылардың ішіндегі қолыма ілінгенін ала кетер едім. Олардың біріншісі "Адамзаттың бастауы - "Гильгамеш туралы жыр". Кейін Герман Мелвиллдің "Моби Дик, немесе Ақ киті", Фридрих Ницшенің "Заратуштра осылай деді", Федор Достоевскийдің "Албастылар" романы немесе "Ағайынды Карамазовтары", Уилиам Фолкнердің "Аю" повесі, Эрнест Хемингуэйдің "Шал мен теңізін" немесе "Фиеста" деп аталатын романын айтар едім. "Кедей болсаң көшіп көр" демекші, алар кітабым көп", - деген ол Габриэль Гарсия Маркестың "100 жылдық жалғыздық" романын да атап өтті.
Алмат Исәділ, ақын:
Құран Кәрім, "Робинзон Крузо". Осы екі кітап жетеді
"Құран кітаптан басқа қандай сүйеніш керек адамға?! Былайша, қарбаласқан тірлікте Хақ сөзіне мән бере бермейміз. Дүниенің кілті осы Қасиетті кітапта емес пе?! Ал Даниель Дефоның Робинзоны - елсіз аралда жанын бағып, тіршілік үшін амалдап, адам қалпын сақтады. Аралда өмір сүре білудің үлгілері бар бұл кітапта. Крузодан қай жеріміз кем?", - дейді ақын.
***Осы орайда жазушы Мұхтар Мағауиннің "Кітап және қаламгер" атты мақаласында үлкен жазушы болуды өмірлік мұрат саған талапкерлерге ұсынған кітаптарын ұсынғанымыз жөн шығар:
Абайдың "Ғақылиясы", Мұхтар Әуезовтің алғашқы әңгімелері, "Қараш-Қараш" пен "Қилы заман" және "Абай жолы", Сәбит Мұқановтың "Өмір мектебінің" бірінші кітабы, Гоголь - "Миргород" пен "Петербург повестері", Стендаль - "Қызыл мен қара", "Парм монастырі", Бальзак - "Адамзат комедиясы", уақыт жеткенше, Тургенев - түгел, Толстой - Қапқаз әңгімелері, "Казактар", "Крейцер сонатасы", "Иван Ильичтің өлімі", "Хажы-Мұрат", "Соғыс және бейбітшілік", Достоевский - "Өлі үйден шыққан жазбалар", "Құмарпаз", тағы екі-үш романы, Пастернак - "Доктор Живаго", Кобо Абэ - "Құмдағы әйел", "Бөтеннің түрі" және бұрынғы-соңғы жапон әдебиетінен көзге ілінгеннің бәрін, Мериме, Эдгар По, Мопассан, Мамин-Сибиряк, Чехов, Киплинг, Джек Лондон, Кнут Гамсун, Бунин, Акутагава, Моэм, Набоков, Иво Андрич, Колдуэлл, Хемингуэй, Шаламов әңгімелері, немесе қолға түскен кез келген шығармасы, содан соң… Стефан Цвейг жазған "Бальзак".
Показать комментарии
Читайте также