ПОДЕЛИТЬСЯ
25 июня 2020 | 12:53
Мағжан Жұмабаев "жапон тыңшысы" деген айыпқа не деп жауап берген?
Бүгін ақын, Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың туған күні. Ол 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасында туған. Tengrinews.kz тілшісі ақынның өмірін баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бүгін ақын, Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың туған күні. Ол 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасында туған. Tengrinews.kz тілшісі ақынның өмірін баяндайды.
Ақынның азан шақырып қойған есімі - Әбілмағжан
Маған Жұмабаевтың әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған екен. Анасының есімі - Гүлсім. Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905-1910 жылдары Қызылжардағы №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді.
"Жапон тыңшысы" деген жаламен тұтқындалған
Мағжан Жұмабаев 1917 жылы Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов бастаған және қазақ интеллигенциясының өкілдерінің басын қосқан "Алаш" қозғалысына қосылған. Сол уақыттарда еліміздің білім беру жүйесін негіздеуге байланысты оқулықтар жазған ол алашордашылар қатарында жүріп, үлкен ағарту жұмыстарын атқарды. Мәскеудің Әдебиет институтында білім алған ақын сол кездегі саяси құрылымның кемшіліктерін көріп, пікірін ашық айтып, өз ұстанымынан танбаған. Сол үшін де оны большевиктер аямаған. Бірнеше рет түрмеге қамаған. Алғашында 1918 жылы алты айға қамалды. Ал екінші рет 1929 жылы 10 жылға сотталып кеткен. Оның жеті жылын Соловецк концлагерінде өткізген екен. Сосын орыс жазушы, прозаик, драматург Максим Горький араласып, 1936 жылы бостандыққа шықты. Бірақ арада бір жыл өткеннен кейін 1937 жылдың 30 желтоқсанында "жапон тыңшысы" деген жаламен қайта тұтқындалып, артынша ең ауыр жазаға кесілген екен.
Мағжан өмірбаянын зерттеуші Шериаздан Елеукеновтің abai.kz порталында айтылған әңгімесінде өзіне тағылған айыпқа ақын:
"Мен өмірімде тірі жапонды көрген адам емеспін. Оның үстіне, өзім 1930 жылдан 1936 жылға дейін Сібірде, итжеккенде болдым. Жапонның барлау қызметімен қай уақытта байланыс орнатып үлгеремін?", - деген екен.
Алайда тұтқындалған соң алты күннен кейін түрмеде көрсетілген зорлық-зомбылық нәтижесінде:
"Жапонияның пайдасына тыңшылық жасаумен 1919 жылдан 1929 жылға дейін айналыстым. Тыңшылық жұмысымды 1936 жылдан бастап қайта жалғастырдым. Кеңес өкіметі алдындағы күнәмді жуу мақсатында кінәмді мойындаймын", - деп айтуға мәжбүр болған екен.
Мағжантанушы Бақыткамал Қанарбаева Жұмабаев 1912 жылдан бастап қуғынға ұшырағанын айтады.
"Сөйтіп, өмірнің соңына дейін қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Бірақ көрген қиындықтарына қарамастан өзін байсалды және мәдениетті ұстаған. Мен оның барлық ғұмыры мен еңбектерін зерттей келе түсінгенім - Мағжанды тани отырып, қазақтың кім екенін тануға болады. Ол тарихымызды жандандырды. Ұмыт қалған санамызды оята білді. Оған айғақ шығармалары", - дейді ол.
Айта кетейік, 1938 жылы Мағжан Жұмабаев 44 жасында репрессияға ұшырап, атылған. Ақын алғашқы өлеңінен бастап әлеуметтік тақырып, ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанған. Ол Абай Құнанбайұлын пір тұтқан. Сондай-ақ ол аударма жұмысына көңіл бөліп, осы арқылы халқыны ағартушылық жұмыстарын жүргізсем деп ойлаған. Ақын Гете, Лермонтов, Горький сынды ақын-жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударған. Сондай-ақ мектеп оқушыларына және мұғалімдерге арнап "Педагогика" еңбектерін жазған.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также