ПОДЕЛИТЬСЯ
21 марта 2019 | 13:12
Сөздің киесі бар ма? Немесе қазақ сөзге қалай мән берген
Поэзия! Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе,неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан.
Мұқағали Мақатаев
ПОДЕЛИТЬСЯ
Поэзия! Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе,неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан.
Мұқағали Мақатаев
Бүгін, 21 наурыз - Халықаралық поэзия күні. Бұл айтулы күнді ЮНЕСКО 1999 жылдың 15 қарашасында қабылданды. Бұл шешім поэзияға қолдау көрсету үшін бекітілген. Қазақ халқы ежелден сөзге, сөздің мәніне, оның құндылығына мән берген. Қазақ халқының "Жақсы сөз - жарым ырыс" деген мақалы да осыған айғақ.
Осыған орай, Tengrinews.kz тілшісі сөздің құдыретін білген және артында ұлы еңбектерін қалдырған қазақ халқының абадан ақындарының сөз құдыреті жайлы айтқан өлеңдерін тізіп шықты. Оған қоса ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып сөз қадірі мен қазіргі поэзияның хал-күйін айтып берді.
Ақынның айтуынша, Халықаралық поэзия күні атап өтілуінің өзіндік себептері бар, бұл мереке адамның жанын тазартанын ерекше әдеби туынды. Поэзияны оқыған адамның танымы кеңейе түседі екен.
"Меніңше поэзияны оқыған адамның дүниеге деген көзі ашылады. Ондай адам филосифиялық тұрғыда ойлауға машықтанады. Ол ешқашан жамандыққа бармайды, ондай тұлға тек жақсылықты, адамгершілікті ойлайды", - дейді филолог.
Бауыржан Жақыптың айтуынша, қазақ халқының поэзияға, ақындыққа жаны туыс. Оған айғақ жер, су және адам аттары.
"Мысалы тауларыдың аттары: Сұлу-шоқы, Алтын-шоқы, Ақ-шоқы. Бұлақтың аттары: Алтын бұлақ, күміс бұлақ, оған таулардың аттарын қосыңыз Алатау, Қаратау. Осы атаулардан-ақ қазақтың ақындыққа жақын екеніне көз жеткізуге болады. Ал қазақтар балаларының атын кездейсоқ есіммен атамаған. Мысалы, менің атым Бауыржан, інімнің аты Нұржан, одан кейінгі інім Ержан. Бұл есімдер ұйқастырылып қойылған", - дейді ол.
Кейіпкеріміз ақындық өнер қазақтың қанында ата-бабымыздан жалғасып келе жатқандығын, оған қоса ақындардың әрбір сөздің құндылығына мән бергенін айтады. Ол Абай, Мәшһүр Жүсіп, Мұқағали сынды ақындар жайлы және олардың туындыларын сипаттап берді.
Абай Құнанбаев - қазақтың ұлы ақыны. Ол адам баласын білім, ілім үйренуге шақырған. Оған айғақ - өлеңдері. Ақиық ақын Абай сөзге қатты мән берген. Оның туындысының бір өлеңінен мысал келтірсек:
Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы."
"Негізі Абайдың жоғарыда келтірілген шығармаларын оқыса әр жастағы адам әртүрлі түсінеді. Бұл өлең шумағында Абай көп сөзге салынбау, әрбір сөзге мән беріп, аз сөзде көп мағына болсын деген тұрғыда келтірген. Негізінде Абай атамыздың әрбің өлеңінде әрбір қара сөзінде терең мағына, тәлім-тәрбие үлкен ой жатыр", - дейді Бауыржан Жақып.
Осы өлеңнің екінші шумағында Абай сөз танымайтын адам жайлы сөз қозғаған:
"Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол - ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы."
Осылайша Абай Құнанбаев сөз сөйлегісі келген адамға мынадай кеңес береді:
"Ақылмен ойлап білген сөз
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар.
Ән салар, жатқа алар,
Түбінде құр қалар"
"Мен осы тұста Мағжан Жұмабаевтың "Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады" деген өлең жолдарын еске түсірдім. Себебі ақындарымыз бірінің арты бірі осындай өлең жолдарымен халыққа рухани білім берді", - дейді филолог маман.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы - ойшыл, қазақ әдебиетінің белгілі тұлғасы. Ол жазған өлеңнің бір шумағында сөз қасиеті жайлы былай деген:
"Болмайды, сөз болғанмен, бәрі бірдей,
Парқы бар сөзден-сөздің, болсаң зерек!
Адамның жай жүргенде, бәрі теңдей,
Сөз туғыз, шешен болсаң, сөзден мендей!"
"Мәшһүр Жүсіп шығыс жауһарларын терең оқыған, Абайдың да шығармаларын оқыған. Бұл ақынның әулиелік те қасиеті болған. Бұл дүниеден өтпей тұрып бір жыл бұрын өзіне ас бергізеді. Ұрпақтарына мен дүниеден өткеннен кейін сендердің жағдайларың болмас деген екен. Айта кетейін, сосын бір жылдан кейін, яғни 1932 жылдан бастап қолдан жасалған ашаршылық жылдары басталған. Ол кісінің өлеңдері және сөз құны жайлы айтқан шумақтарында даналық жатыр", - дейді ақын.
Мұқағали Мақатаев - ақын. Талайды өз шығармаларымен таңдаңдыратын ол бұл өлеңінде сөзге деген құрметін сипаттаған.
"Тіл өнерін, сиқырлы сөз өнерін,
Оңбайсың, сөз өнерін тежегенің!
Тілден алмас жоғалса, сөзден - қанжар,
Бұл тірліктен бір күнде безер едім"
"Мұқали бұл өлең жолдарымен тіліміздің қуатын айтып жатыр. Осыған орай ақын Расул Ғамзатовтың "тілім ертең өлетін болса, мен бүгін өлуге дайынмын" деген сөздері есіме түседі. Мұқағали да бұл өлеңінде өз тілінің мәртебесін көтеру, тіліміздің, сөздеріміздің құндылығын арттыру жайлы сөз қозғап тұр. Негізінде қазақ тіліне тоқталар болсақ - ол бай тіл. Мысалы, түркітанушы Радлов біздің тілімізді зерттеу барысында оның ешқандай өзгеріске ұшырамағанын, бай екенін айтқан. Қазақ тілімізге зерттеу жасап, бір том кітап жазған. Мінеки, Мұқағали тіліміздің және сөз айшықтарының ерекшіліктерін айтқан", - дейді Бауыржан Жақып.
Тіл маманы сұхбат барысында осы аталған ақындардан бөлек сөз құнына баса назар аударған ақындардың ішінде Мағжан Жұмабаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов сынды қаламгерлерді атады. Ол кез келген ақынның өлеңді өздігімен шығармайтынын және олар жоғарыда аталып өткен ақындарға немесе басқа да сөз шеберлеріне еліктеп өзіндік стиль қалыптастыратынын айтты.
Сөзінің соңында Бауыржан Жақып Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сынды ақындардың ізін жалғастырып келе жатқан қазіргі уақыттағы жас ақындарды атады. Оған қоса оларды жастарға оқуға кеңес берді. Олардың қатарында Қалқаман Сарин, Назира Бердалы, Ұларбек Нұрғалым, Ақберген Елгезек сында ақындар бар.
Автор: Мақсат Мамбетжан
Вопрос от редакции
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также