Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
09 декабря 2019 17:25

2019 жыл: Кәсіпқой бокстағы басты оқиғалар

ПОДЕЛИТЬСЯ

2019 жыл қазақстандық кәсіпқой боксшылар үшін табысты өтті деуге болады. Отандастарымыздың көбі алғашқы титулдарын иеленсе, Қанат Ислам екі жылдық үзілістен соң рингке жеңіспен оралды. Ал Геннадий Головкин былтырғы жеңілісінен кейін жеңістер сериясын қайта бастап, кейін белбеуін қайтарып алды. Tengrinews.kz тілшісі 2019 жылы кәсіпқой бокстағы маңызды оқиғаларға шолу жасайды.


2019 жыл қазақстандық кәсіпқой боксшылар үшін табысты өтті деуге болады. Отандастарымыздың көбі алғашқы титулдарын иеленсе, Қанат Ислам екі жылдық үзілістен соң рингке жеңіспен оралды. Ал Геннадий Головкин былтырғы жеңілісінен кейін жеңістер сериясын қайта бастап, кейін белбеуін қайтарып алды. Tengrinews.kz тілшісі 2019 жылы кәсіпқой бокстағы маңызды оқиғаларға шолу жасайды.

T-Mobile Arena-да жұдырықтасқан екінші қазақстандық


Ескендір Харсан. Фото: SupremeBoxing

Лас-Вегастағы T-Mobile Arena Геннадий Головкин үшін сәтсіз болған. Сол аренада мексикалық Сауль Альвареспен алдымен тең түсіп, бір жылдан кейін жеңіліп қалған еді.

Бұл арена бокс әлеміндегі ең беделді орындардың бірі. Мұнда Головкин - Альварес кездесулерінен бөлек, Флойд Мейвезер мен Конор Макгрегордың жекпе-жегі өткен. Бокс кезінде аренаның сыйымдылығы - 20 мың адам.

Биыл осындай үлкен аренада тағы бір қазақстандық жұдырықтасты. 14 қыркүйекте Ескендір Харсан америкалық Исидро Очоамен кездесіп, техникалық нокаутпен жеңген. Бұл кездесу суперауыр салмақтағы Тайсон Фьюри мен Отто Валлин жекпе-жегінің андеркартында өтті. Бокс кешін тамашалауға 8 мың адам келген.

Сол жеңісінен соң Харсан BoxRec рейтингінде 64 орынға жоғарылап, 8 мың доллар көлемінде гонорар алған.

"Канелодан" жеңілгеннен кейінгі алғашқы жекпе-жек


Геннадий Головкин мен Стив Роллс. Фото: twitter.com/TheGarden

Былтыр Головкин карьерасында алғаш рет жеңілгенін айттық. Ал биыл жазда сол жеңілістен кейін алғашқы жекпе-жегін өткізді. Оның үстіне GGG бұл кездесуге жаңа бапкермен дайындалған. DAZN стриминг сервисімен келісімшартқа отырғаны тағы бар. Сондықтан, қазақстандықтарға жеңілістен кейінгі Головкинді көру қызық болды.

9 маусымда Головкин өзінің сүйікті аренасы - Madison Square Garden-де канадалық Стив Роллспен жұдырықтасқан. Ұзақ жылдардан бері алғаш рет GGG-дің кездесуінде чемпиондық белбеу сарапқа салынбады.

Қазақстандық боксшы басында қарсыласын барлап жүрді де, төртінші раундта нокаутқа түсірді.

Головкиннің рингке оралған сәтін аренадан 12 357 адам тамашалаған. Бұл кездесуде GGG, шамамен, 15 миллион доллар гонорар алды.  

Қанат Исламның рингке оралуы


Қанат Ислам. © Тұрар Қазанғапов

Биыл Қанат Ислам араға ұзақ уақыт салып рингке оралды. Мұны ол әдемі нокаутпен атап өтті.

5 шілдеде Алматыда Қанат доминкандық Хулио де Хесуспен кездескен. Жекпе-жек 12 раундқа есептілгенімен, қазақстандық боксшы қарсыласын 10-секундта нокаутқа түсірді. Осылайша, Ислам бірінші орта салмақта WBO Intercontinental титулын иеленді.

34 жастағы қазақстандық бұған дейін соңғы жекпе-жегін 2017 жылы 9 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда өткізген. Соңғы екі жыл бойы отандасымыз жарақатына байланысты рингке шыға алмай жүрген еді.

Алғашқы титулдар


Жәнібек Әлімханұлы. Фото: Top Rank

Биыл Қанат Исламнан бөлек, қазақстандық бірқатар боксшы титул иеленді. Әрине, бұл белбеулер әзірше екінші деңгейлі ғана. Бірақ бұл әлемдік деңгейдегі титулдарды сарапқа салу үшін алғашқы қадам саналады.

26 қыркүйекте Канадада жартылай орта салмақ аясында Батыр Жүкембаев мексикалық Мигель Васкесті төрешілер шешімімен жеңіп, бірден екі белбеуді беліне байлаған - WBA Continental және IBF Inter-Continental. Ал Нұрсұлтан Жаңабаев аустралиялық Стив Гагоны он раундтың қорытындысы бойынша жеңіп, беліне WBO Oriental және IBF Pan Pacific белбеулерін тақты.

Жанқош Тұраров болса, аргентиналық Мауро Максимилиано Годойды үшінші раундта нокаутқа түсіріп, бірінші орта салмақта WBO Inter-Continental белбеуін жеңіп алған. Орта салмақта жұдырықтасып жүрген Жәнібек Әлімханұлы сәуірде мексикалық Кристиан Оливасты жеңіп, WBC мен WBO-ға тиесілі екі белбеуді иеленген.

Қазақстандық боксшылар биыл қандай чемпиондық белбеу жеңіп алды?

Биыл бірінші орта салмақта өнер көрсететін Садриддин Ахмедов екі титул жеңіп алды. Алдымен қаңтарда ол мексикалық Абрахам Хуаресті жеңіп, WBC Youth World белбеуін беліне таққан. Араға екі ай салып, Садриддин Алматыда индонезиялық Джон Рубаны жеңіп, WBC Asia титулын иеленді.

Top Rank - Қазақстанда


Жанқош Тұраровтың жеңісінен кейін. © Тұрар Қазанғапов

6 шілдеде Нұр-Сұлтанда бокс кеші өтті. Бұл кешті MTK Global мен әлемге әйгілі америкалық Top Rank промоутерлік компаниясы бірлесіп ұйымдастырған. Бұл кештің басты жекпе-жегінде француз Нордин Оубали мен филиппиндік Артур Вильянуэва жұдырықтасқан. Олардан бөлек, сол күні рингке MTK Global-дың бірқатар қазақстандық боксшысы да шықты. Ал Жанқош Тұраров сол кеште чемпиондық белбеу иеленген.

Бокс кешін тамашалау үшін Top Rank басшысы Боб Арум Қазақстанға арнайы келген. Онымен бірге әлемге танымал боксшылардың бірі Билли Джо Сондерс те болды. Боб Арум бұрын Мұхаммед Әли мен кіші Флойд Мейвезер сынды аңызға айналған боксшылармен жұмыс істеген. Ал қазір оның компаниясы Василий Ломаченко, Мэнни Пакьяо және Жәнібек Әлімханұлы секілді боксшылардың шаруасымен айналысады.

87 жастағы промоутер Қазақстанға жас таланттарды көру үшін келген. Нұр-Сұлтандағы бокс шоуы ұнаса керек, ол таяуда сұхбаттарының бірінде Қазақстанда тағы кеш өткізуі мүмкін екенін айтқан.

Үздіктер қатарында


Айдос Ербосынұлы. Фото боксшының командасынан

Биыл қазақстандық көптеген боксшы ұйымның жеке рейтингілерінде ТОП-10 тізіміне енді. Мысалы, Айдос Ербосынұлы екінші орта салмақта WBA рейтингінде екінші орында тұр. Ал WBO рейтингінде ол 8-сатыда келеді.

Орта салмақта IBF ұйымының рейтингінде Геннадий Головкин көш басына оралды. Дәл сол рейтингінің 9-орнында Мейірім Нұрсұлтанов тұр. Орта салмақта WBO рейтингінің үздіктер қатарында да отандастарымыз бар. Қанат Ислам 5-ші, Жәнібек Әлімханұлы 6-орында келеді.

Жартылай орта салмақта Нұрсұлтан Жаңабаевты үздіктер тізімінен табуға болады. Ол WBA рейтингінде 6-шы, IBF рейтингінде 8-позицияда тұр.

Ал бірінші жартылай орта салмақта Жанқош Тұраров WBO рейтингінің 9-сатысында келеді.

Жыл сенсациясы


Жан Кособуцкий

Қарашада суперауыр салмақта өнер көрсететін Жан Кособуцкийдің жеңісін көп адам сенсация деп бағалады. 

Гамбургте 30 жастағы отандасымыз 29 жастағы хорват Агрон Смакичимен жұдырықтасқан. Қазақстандық боксшы бұған дейін 11 жекпе-жегінің бәрінде жеңген, оның 10-ы нокаутпен аяқталған еді. Хорват та осал емес, кездесудің фавориті саналған. Смакичи бұған дейін 15 қарсыласының бәрін жеңген, оның 13-ін нокаутқа түсірген болатын. 

Бірақ Кособуцкий қаймықпай, қарсыласын бірінші раундта нокдаунға түсірді. Көп ұзамай қарсыласын ауыр нокаутқа түсірді. 

Жыл жекпе-жегі


Геннадий Головкин мен Сергей Деревянченко. Фото: vk.com/ggolovkin

Биыл бокс әлемінде тартысты жекпе-жектер көп болды. Бірақ қазақстандық жанкүйерлер үшін Головкиннің украиналық Сергей Деревянченкомен кездесуі қызығырақ анық. Себебі бұл жолы қарсыласы да азулы, титул да сарапқа салынады.

Головкиннің бұл жекпе-жегі де Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өткен. Украиналық боксшы GGG-дің міндетті қарсыласы болған. Головкин қарсыласын бірінші раундта нокдаунға түсірген. Бірақ жанкүйерлер нокаут көре алмады - боксшылар 12 раунд бойы жұдырықтасты. Нәтижесінде төрешілер жеңісті бірауыздан Головкинге берді.

Бұл жеңіс бокс әлемінде қызу талқыға түсті. Бірі Головкиннің жеңісін әділетті десе, басқалары Деревянченко жеңді деген пікірде. Боксшылар тең түсті деген де ой айтылды. Не дегенмен, Головкин кәсіпқой рингтегі 40-жеңісіне қол жеткізіп, орта салмақта IBF және IBO титулдарын иеленді.

"Соққысы шошытты". Головкин - Деревянченко жекпе-жегі жайлы бокс әлемі не дейді?

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 449.3   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети