ПОДЕЛИТЬСЯ
20 декабря 2020 | 17:43
"Есені қайтару керек". Головкин үшінші жекпе-жекте "Канелоны" жеңе ала ма?
Кеше орта салмақта IBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин польшалық Камил Шереметаны техникалық нокаутпен жеңіп, титулдарын 21-рет қорғап қалды. Бұл кездесуден кейін Головкин мексикалық Сауль Альварес пен ұлыбританиялық Каллум Смит жекпе-жегінің жеңімпазымен кездесуге дайын екенін мәлімдеген.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Кеше орта салмақта IBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин польшалық Камил Шереметаны техникалық нокаутпен жеңіп, титулдарын 21-рет қорғап қалды. Бұл кездесуден кейін Головкин мексикалық Сауль Альварес пен ұлыбританиялық Каллум Смит жекпе-жегінің жеңімпазымен кездесуге дайын екенін мәлімдеген.
Ал бүгін Альварес Смитті төрешілер шешімімен жеңді. Кездесуден кейін "Канело" да Головкинмен жұдырықтасуға дайын екенін айтты. Боксшылар үшінші рет кездесуі мүмкін бе? GGG бұл жекпе-жекте жеңіске жете ала ма? Tengrinews.kz тілшісі сараптап көрді.
Кездесу қашан өтуі мүмкін?
Головкин мен Альварестің үшінші жекпе-жегі туралы әңгіме бұған дейін де айтылған. "Канело" кездесуден бірде бас тартып, кейін жұдырықтасуға дайынмын деп нақты шешімін айтпаған еді. Енді боксшылардың кейінгі жеңістерінен кейін жанкүйерлердің қызығушылығы қайта оянды. Бұл промоутерлер үшін жақсы мүмкіндік.
Фото: HBO©
Ал бұл жекпе-жек қашан өтуі мүмкін? Бұған дейінгі екі кездесу қыркүйекте Мексиканың ұлттық мерекесі кезінде өткен еді. Егер мексикалық мерекеде өткізуді жалғастырса, жекпе-жектің қолайлы уақыты - 2021 жылдың мамыры. Себебі мамырдың басында мексикалықтар Синко де Майо мерекесін атап өтеді. Кезінде боксшылардың екінші кездесуі осы мерекеде өтеді деп жоспарланған. Бірақ бәрін Альварестің қанынан табылған допинг бүлдірген болатын.
Фото: reviewjournal.com
Дәл осындай болжамды промоутер Эдди Хирн де айтқан.
"Келесі жылы әлем қалпына келген кезде Головкин "Канеломен" Синко де Майода жекпе-жек өткізеді деп үміттенемін", - деген еді Хирн.
The Athletic мәліметінше, Головкин рингке келесі жылы көктемде оралуды жоспарлап отыр екен. Бұл басылым да Головкиннің ықтимал қарсыластары тізіміне Сауль Альваресті қосқан.
Головкин қартайды ма?
Егер Головкин мен Альварес келесі жылы мамырда жұдырықтасса, қазақстандық боксшының жасы 39-да болады. Бокстағы "қарттардың" бірі атанады. Бірақ сарапшылардың пікірінше, Головкин Шереметаға қарсы кездесуде әлі де соңғы сөзін айтпағанын көрсеткен.
"Бүгін кешке Головкин шабуылдан қорғанысқа және сапалы өтіп, соққылардың басқа түрлерін жақсы көрсетті. Бос уақыт пен Big Bear-ден алшақтау өткізген сәт GGG-ге тиімді болды. 38-дегі Головкинмен ешкім жұдырықтасқысы келмейтіндей болды. Бірақ, тағы да, "нағыз" жекпе-жектерді күтейік. Техникалық тұрғыдан ол әлі де қорқынышты. Ол әлі орта салмақтағы мықтылардың бірі", - деп жазды ESPN сарапшысы Стив Ким.
Фото: MatchroomBoxing
Ал WorldBoxingNews редакторы Фил Джей Vesti.kz сайтына берген сұхбатында Головкиннің жасарып кеткендей болғанын айтады.
"Жекпе-жек бәрі күткендей болып шықты. Головкин кездесу барысын бақылап, сенімді түрде жеңіске жетті. Айта кету керек, бұл жолы GGG жасарғандай болды. Ол жақсы қимылдады, күшті соққылар жасады, бірақ ең бастысы оның көзінен от көрінді. Шереметаға орасан зиян келтірілді, ал оның командасы жекпе-жектен бас тартып, дұрыс шешім қабылдағаны байқалды, ең бастысы оның денсаулығына қатты зиян келтірмеу керек", - деді Джей.
GGG Канелоны үшінші мүмкіндігінде жеңе ала ма?
Келесі жылы Головкин 39-ға толатынын айттық, ал "Канело" ол кезде 31-де болады. Мексикалық карьерасының нағыз шыңында тұратын сәт.
2017 жылы боксшылардың алғашқы жекпе-жегі тең есеппен аяқталып, бокс әлемі "Головкинді тонап кетті" деген еді. Тура бір жылдан кейін Альварес жеңіске жетті, бұл кездесуде мексикалық белсенді болғанын мойындау қажет.
© Тұрар Қазанғапов
Ал үшінші кездесуде Головкин жеңіп, трилогияны сәтті аяқтай ала ма? Бұл сұраққа бокстан әлем чемпионы, Олимпиаданың екі дүркін вице-чемпионы Болат Жұмаділов жауап берді.
"Головкиннің жасы келді, бокстан кетуі керек деп жатады. Бірақ "Канеломен" тағы жұдырықтасса, Головкин жеңіске жете алады деп ойлаймын. Бірінші кездесуде Головкиннің жеңгені айқын еді, бірақ жеңісті бермеді. Екінші кездесуде де Головкин әлсіздік танытпады. Бәрі дайындыққа байланысты. Алдын ала тұжырым жасау қиын. Головкиннің жасы келгенін түсінемін, бірақ ол - нағыз кәсіпқой адам. Өте жоғары деңгейдегі боксшы. Жасы ұлғайса, тәжірибесі молайды деген сөз. Одан шеберлігі азая қоймады. Алғашқы екі жекпе-жекте кеткен есені қайтару қажет", - деді Жұмаділов.
Алғашқы кездесуден басты айырмашылық - бұл жолы Головкинді басқа бапкер жаттықтырады. Былтырдан бері GGG америкалық Джонатан Бэнкстің қол астында дайындалып жүр. Сарапшылар кешегі жекпе-жекте Бэнкстің жұмысы байқалғанын айтады. Мүмкін, Головкин "Канелоны" жаңа бапкерінің көмегімен жеңіп қалар.
Показать комментарии
Читайте также