22 ноября 2021 | 13:41

Жәнібек Әлімханұлы қашан әлем чемпионы бола алады?

©Top Rank

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы титулына жету үшін тағы бір қадам жасады. Кеше ол әлемнің бұрынғы чемпионы француз Хассан Ндам Нжикамды 8-раундта нокаутпен жеңген болатын. Tengrinews.kz тілшісі Әлімханұлының орта салмақта әлем чемпионы атануына қаншалықты мүмкіндігі барын, қазір бұл титулдар кімдерге тиесілі екенін жазды. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы титулына жету үшін тағы бір қадам жасады. Кеше ол әлемнің бұрынғы чемпионы француз Хассан Ндам Нжикамды 8-раундта нокаутпен жеңген болатын. Tengrinews.kz тілшісі Әлімханұлының орта салмақта әлем чемпионы атануына қаншалықты мүмкіндігі барын, қазір бұл титулдар кімдерге тиесілі екенін жазды. 

Әлімханұлы кейінгі екі жекпе-жегінде әлемнің бұрынғы чемпиондарын жеңді. Биыл маусымда WBA тұжырымы бойынша экс-чемпион Роб Брантты, кеше WBA мен WBO тұжырымдары бойынша бұрынғы әлем чемпионы Нжикамды мерзімінен бұрын жеңді.

Әлімханұлының өзі мәлімдемелерінде "бұрынғы чемпиондармен емес, қазіргі чемпиондармен" жұдырықтасқысы келетінін айтып жүр. Ал орта салмақтағы қазіргі чемпиондар кім?

Реклама
Реклама

WBA

Кәсіпқой бокста ең абыройлы саналатын төрт ұйым бар. Соның бірі - 100 жылдық тарихы бар WBA (Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы - авт.). Бұл ұйымның орта салмақтағы белбеуі бұрын біраз уақыт қазақстандықтың белінде болған. Геннадий Головкин 2010 жылы осы титулды алып, оны 2018 жылға дейін 19 рет қорғаған еді. 

Ал бүгінде бұл ұйымның орта салмақта екі чемпионы бар. Жапониялық Риота Мурата - WBA суперчемпионы. Ал кубалық Эрисланди Лара биыл WBA тұрақты чемпионы атанған. 

Риота Мурата. Фото: toprank.com

WBA Super титулының иесі өзгеруі мүмкін. 29 желтоқсанда Мурата бұл титулды Головкинмен сарапқа салады. Қазақстандық боксшы жеңіске жетсе, WBA суперчемпионы атанады. 

Ұйымның тұрақты чемпионы кубалық Эрисланди Лара бұл титулын биыл мамырда ғана алған. Әзірше белбеуін қорғап үлгерген жоқ. Әлімханұлы бұл боксшыны жиі жекпе-жекке шақырып жүр. 

Эрисланди Лара. Фото: Esther Lin/SHOWTIME©

Бірақ Жәнібек бұл титулға әзір үміткер бола қоймас. Себебі қазақстандық боксшы әзірше WBA рейтингіне кірмей тұр. 

WBO

Әлімханұлы америкалық Деметриус Андрадені жекпе-жекке жиі шақырып жүр. Себебі Андраде - WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы. Андраде үш жылдан бері белбеуін ешкімге бермей келе жатыр. 

Деметриус Андраде. ©WBO

Жалпы, WBO белбеуі Головкин үшін де арман болып кеткен, ол бұл титулды кезінде ұлыбританиялық Билли Джо Сондерстен ала алмаған еді. Дәлірек айтқанда, жекпе-жек ұйымдастыра алмаған. 

Сондықтан Әлімханұлы WBO титулына көз тігіп отыр. Оның үстіне рейтингіде де жағдайы жаман емес. Бүгінде WBO рейтингінің екінші орнында тұр. Бірінші орында мексикалық Хайме Мунгия келеді. 

Егер Жәнібек әлем чемпионы атанғысы келсе, осы титулға таласқаны абзал. Мұны өзі де жақсы түсінеді. Кеше Нжикамды жеңгеннен кейін Андрадені тағы жекпе-жекке шақырған болатын.

Әлімханұлының командасы сөзден іске көшкенге ұқсайды. Америкалық инсайдер Лэнс Пагмайрдың мәліметінше, Жәнібектің менеджері Эгис Климас WBO-ға Андраде - Әлімханұлы жекпе-жегін ұйымдастыруға өтінім жіберген. Оның жауабы алдағы күндері белгілі болды. Сондықтан бәрі жоспардағыдай өтсе, Әлімханұлы келесі жылы әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізуі мүмкін.  

WBC

Ал орта салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы қазір америкалық Джермалл Чарлода. Чарло бұл титулды 2019 жылы маусымда иеленген. Оның алдында ол Головкин мен мексикалық Сауль Альваресте болған. 

Джермалл Чарло. Фото: proboxing-fans.com

WBC рейтингінде Әлімханұлы 4-орында тұр. Алдында Хайме Мунгия, Сергей Деревянченко, кіші Крис Юбэнк секілді боксшылар бар. 

Бірақ WBC титулы үшін Чарломен жекпе-жек өткізуге Әлімханұлына қарағанда, Головкин жақындау. Көптеген сарапшы Головкин Муратаны жеңсе, келесі жылы Чарломен қолғап түйістіруі мүмкін екенін жазып жатыр. Чарлоның өзі де Головкинді талай рет рингке шақырған. Сондықтан келер жылы Головкин мен Чарло жекпе-жегін көріп қалуымыз мүмкін. 

IBF

Әлімханұлы көз тікпей отырған жалғыз титул - IBF белбеуі. Себебі бұл титул қазір отандасы Геннадий Головкинде. Жәнібек таяуда Головкинге ағасындай қарайтынын, сондықтан онымен жекпе-жекке шықпайтынын айтқан еді. Сондықтан IBF титулы Головкинде болған кезеңде Әлімханұлы бұл белбеуге қарай қоймас.

Геннадий Головкин. Фото: DAZN©

Негізі бұл ұйымның рейтингінде қазақстандық боксшы көп. Титул Головкинде деп айттық. Әлімханұлы 9, Мейірім Нұрсұлтанов 10-орында тұр. Ал 13-сатыда Қанат Ислам келеді.

Сонымен қатар, негізгі ұйымдар қатарына кірмесе де, талай мықты чемпионы болған IBO-ны да айта кеткен жөн. Қазір орта салмақта IBO титулы Геннадий Головкинде. 

2022 жыл Жәнібек Әлімханұлы үшін шешуші кезең болмақ. Келер жылы 29 жасқа толады. Үлкен жекпе-жектерге шығатын кезі келді. Головкин әлем чемпионы атанғанда 28-де еді. Сондықтан Жәнібек үшін әлі ештеңе кеш емес. Бірақ Нжикамнан кейін "қазақ стилін" көрсететін үлкен шоу күтеміз. Ал әзірше отандасымыздың WBO Global және WBC Continental секілді титулдары бар. 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная