Қазақстандық боксшы қалай АҚШ чемпионы атанды?

04 Қараша, 15:49
0
Қазақстандық боксшы қалай АҚШ чемпионы атанды? - © www.instagram.com/meiirim01
© www.instagram.com/meiirim01

Өткен жексенбіде Лас-Вегаста Сауль Альварес Сергей Ковалевті жеңіп, жартылай ауыр салмақта WBO чемпионы болған. Бұл кештің андеркартында қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов жұдырықтасып, АҚШ чемпионы титулын иеленген. Қазақстандық боксшының АҚШ чемпионы атануы кей жанкүйерге түсініксіздеу болған. Тengrinews.kz тілшісі қазақ боксшысының қалайша өзге елдің чемпионы болғанын түсіндіреді. 

USNBC қандай титул?

Нұрсұлтановқа берілген титулдан бұрын WBC туралы бірер сөз айтып өтуге болады. Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) 1963 жылы WBA-дегі түрлі даудан кейін құрылған. WBC құрылған соң, кәсіпқой бокстағы раундтар саны 15-тен 12-ге қысқарған. Бүгінде ол WBA-ден кейінгі екінші маңызды ұйым саналады.

Ұйымның түрлі екінші дәрежелі белбеулері бар. WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулынан кейін тағы 30-ға жуық белбеу тіркелген. Оның ішінде өңірлік органдарға тиесілі титулдар бар. Мысалы, Британия (COMM), Америка құрлығы (AMERICA), ТМД мен Славян елдері (CISBB), Еуропалық бокс кеңесі (EBU), Латын Америка (LATINO), Африка (ABU), Азия (ASIAN), АҚШ чемпионы (USNBC) секілді белбеулерді кездестіруге болады. Міне, Нұрсұлтанов осы тізімдегі соңғы титулды иеленді. Бұл ұйымның титулдары жасыл түспен жасалады. 


© instagram.com/meiirim01

Кәсіпқой бокста өңірлік белбеуді алу үшін боксшының туған жері есептелмейді. Бұл белбеулер көбіне сол өңірде жұдырықтасып жүрген боксшыларға беріледі. Ал Нұрсұлтанов кәсіпқой рингтегі 13 жекпе-жегінің 11-ін АҚШ-та өткізген. Боксшы Калифорния штатының Окснард қаласында тұрып жатыр, сонда жаттығу да жасап жүр.

Қазақстандық қай боксшыда өңірлік титул бар?

Биыл 25 наурызда қазақстандық Садриддин Ахмедов Алматыда индонезиялық Джон Рубамен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен. Бұл кездесуде боксшылар бірінші орта салмақта WBC Asia титулын сарапқа салған. Осылайша, Ахмедов WBC-дің өңірлік белбеуін жеңіп алған еді.

Кристан Оливаспен жекпе-жек өткізіп, титул жеңіп алған тағы бір қазақстандық боксшы - Жәнібек Әлімханұлы. Боксшылар биыл 13 сәуірде Лос-Анджелесте жұдырықтасқан. Жәнібек қарсыласын төрешілер шешімімен жеңіп, екі бірден титул иеленген еді. Оның бірі - өңірлік WBC Continental Americas титулы. Ол Америка құрлығының чемпионына беріледі.

17 тамызда бірінші орта салмақта сынға түсетін Нұрсұлтан Жаңабаев Сиднейде аустралиялық Стив Гагоны 10 раундтың қорытындысы бойынша жеңіп, өз титулына тағы екі белбеу қосқан - WBO Oriental және IBF Pan Pacific. Oriental көбіне шығыстан шыққан боксшыларға беріледі. Ал Pan Pacific титулы Жаңабаевқа Тынық мұхиты ауданының чемпионы атағын берді.


© Tom Hogan

Еске салайық, Сауль Альварес пен Сергей Ковалев андеркартына Мейірім Нұрсұлтановтың да қатысатыны бокс кешіне бір ай қалғанда белгілі болған. Тамызда да қазақстандық боксшы Ковалевпен бір кеште өнер көрсеткен еді. Себебі қос боксшының да шаруасымен менеджер Эгис Климас пен оның Main Events деген компаниясы айналысады.

Таңдау жасатса, Канело мен Джейкобсқа қарсы шығар едім - Мейірім Нұрсұлтанов

Ал Нұрсұлтановтың қарсыласы 27 жастағы мексикалық Кристан Оливас болды. Жекпе-жек алдында боксшының еншісінде 16 жеңіс пен 5 жеңіліс болған. Биыл сәуірде ол Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңілген еді. Лас-Вегастағы Нұрсұлтан - Оливас жекпе-жегі де 10 раундқа созылып, төрешілер шешімімен аяқталды. Мексикалық бұл жолы да қазақстандық боксшыға есе жіберді. Мейірімге үш төреші де 100:90 есебімен жеңіс берген. Осылайша, Нұрсұлтанов WBC тұжырымы бойынша АҚШ чемпионы титулын (USNBC) иеленген.

Осы жеңісі үшін қазақстандық боксшы 12500 доллар гонорар алса, Оливасқа 12000 доллар берілді.

Получить короткую ссылку

Автор :
Тегтер:

  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц