Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
14 ноября 2019 18:00

Қазақстандық боксшылардың әлем рейтингілеріндегі орны қандай?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Боксшылардың жекпе-жекке қарсылас таңдауында рейтингілердегі орындар маңызды. Сондықтан бокс әлемінде рейтингіге көп мән беріледі. Көбіне Boxrec немесе The Ring сынды танымал басылымдардың рейтингісі зор рөл атқарады. Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық боксшылардың танымал рейтингілердегі орындарына шолу жасады.


Боксшылардың жекпе-жекке қарсылас таңдауында рейтингілердегі орындар маңызды. Сондықтан бокс әлемінде рейтингіге көп мән беріледі. Көбіне Boxrec немесе The Ring сынды танымал басылымдардың рейтингісі зор рөл атқарады. Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық боксшылардың танымал рейтингілердегі орындарына шолу жасады.

Бокс әлемінде ең атақты рейтинг - Boxrec. Портал рейтингіні әр жекпе-жектің нәтижесіне қарай құрастырады. Мұнда боксшының қалай жеңгені де маңызды - нокаутпен, техникалық нокаутпен, ұпай санымен. Сондай-ақ жекпе-жектердің бәрі бірдей есептеледі, кездесуде титул сарапқа салынған-салынбағаны маңызды емес. Сонымен қатар, боксшы қарсыласының рейтингілік статусына байланысты қосымша ұпай алады. Осы секілді есепке алынатын факторлар көп.

Көптеген бокс рейтингілері осындай жүйе бойынша жасалады.

Геннадий Головкин


© badlefthook.com

Геннадий Головкин соңғы жекпе-жегін 6 қазанда Нью-Йоркте украиналық Сергей Деревянченкоға қарсы өткізіп, IBF және IBO титулдарын жеңіп алған еді. Жалпы, қазақстандық боксшының рекорды: 39 жеңіс (35 нокаут), 1 жеңіліс пен 1 тең есеп.

Головкинді танымал рейтингілердің бәрінен кезіктіруге болады. Boxrec порталының орта салмақтағы боксшылар арасындағы рейтингісінде Головкин көш бастап тұр. Ал порталдың салмақ дәрежесі қаралмайтын (Р4Р) рейтингсіінде GGG 3-орында келеді.

The Ring журналының Р4Р-рейтингісінде қазақстандық боксшы 7-орынға жайғасқан. Головкин бұл рейтингінің ТОП-10 тізімінен 249 апта бойы шықпай келеді. Бұл әзірше ең ұзақ көрсеткіш саналады.

ESPN телеарнасының Р4Р-рейтингісінде де GGG 7-сатыда тұр.

Қанат Ислам


© Vesti.kz

Қанат Ислам соңғы жекпе-жегін 26 қазанда Алматыда өткізген. Соңы дауға ұласқан кездесуде қазақстандық боксшы намибиялық Уолтер Каутондокваны төрешілер шешімімен жеңген. Бүгінде оның еншісінде бірінші орта салмақта WBA Inter-Continental және WBO Inter-Continental белбеулері бар. Қанат кәсіпқой бокста 27 жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңіспен аяқтаған. 21-ін нокаутпен.

Ислам Boxrec порталының Р4Р-рейтингінде 250-орында келеді. Ал өз салмағындағы боксшылар арасындағы рейтингіде ТОП-15 тізімін түйіндеп тұр. Бұл тізімде Головкин көш бастап тұрғанын айттық.

Ал WBC рейтингінде орта салмақтағылар арасында Ислам 23-орында келеді. Ал IBO ұйымының рейтингісінде 15-орында тұр. WBO ұйымының орта салмақ бойынша рейтингісінде 8-орында.

Жанқош Тұраров


© Тұрар Қазанғапов

Жанқош Тұраров биыл екіжылдық үзілістен кейін рингке оралған. 6 шілдеде Нұр-Сұлтанда аргентиналық Максимилиано Годойды нокаутпен жеңіп, WBO Inter-Continental белбеуін иеленген еді. Боксшы кәсіпқой рингтегі 24 жекпе-жектің бәрін жеңіспен аяқтаған. Оның 17-і нокаутпен.

Boxrec порталының Р4Р-рейтингісінде Жанқош 554-орында тұр. Ал бірінші жартылай орта салмақ бойынша рейтингіде 65-орында тұр.

IBO рейтингінде Жанқош Тұраров өз салмағында 42-орында келеді. Ал WBO рейтингісінде ұйымның Intercontinental титулын иеленген боксшы 9-сатыда тұр.

Батыр Жүкембаев


© Eye of the Tiger Management

Батыр Жүкембаев  - бірінші жартылай орта салмақта WBA Continental, IBF Inter-Continental , IBO International, WBC Continental Americas титулдарының иегері. Соңғы рет 26 қыркүйекте Канадада мексикалық Мигель Васкесті ұпай санымен жеңген. Рекорды: 17 (13 КО)-0-0.

Қазақстандық боксшы Boxrec порталының салмақ дәрежесі қаралмайтын рейтингісінде 165-орында тұр. Ал орта салмақ боксшылары арасындағы рейтингіде 19-сатыда келеді. Бұл оның ең үздік көрсеткіші.

Жүкембаев бокс ұйымдарының орта салмақ бойынша рейтингісінде де ТОП-15 тізімінде: WBC-де 14, IBF-те 15-орын.

Садриддин Ахмедов


© Eye of the Tiger Management

21 жастағы Садриддин Ахмедов соңғы рет 26 қыркүйекте жұдырықтасқан. Сол кездесуде канадалық Монреальда мексикалық Джонни Наварреттені 7-раундта нокаутқа түсірген. Боксшыда WBC Youth World және WBC Asia белбеулері бар. Бүгінге дейінгі он жекпе-жегінің бәрін өз жеңісімен аяқтаған, тоғыз қарсыласын нокаутпен жеңген.

Ахмедов Boxrec-тің Р4Р-рейтингісінде 771-орында келеді. Порталдың бірінші орта салмақтағы рейтингісінде 72-орында тұр.

Ал WBC ұйымының рейтингісінде Садриддин 27-орынға орналасқан. IBO рейтингісінде болса, 36-сатыда келеді.

Жәнібек Әлімханұлы


© instagram.com/janibek_alimkhanuly

Өткен аптада ғана жекпе-жек өткізіп, канадалық Альберт Онолуносені жеңген Жәнібек Әлімханұлы рейтингілерде жоғарылап жатыр. Сол кезде WBC Continental Americas және WBO Global тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын қорғап қалған. Қазақстандық боксшы кәсіпқой рингте 8 жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңген. Оның төртеуі - нокаутпен.

Әлімханұлы Boxrec-тің салмақ дәрежесі қаралмайтын рейтингісінде 791-орында келеді. Порталдың орта салмақтағы рейтингісінде 53-болып тұр.

WBC рейтингісінде қазақстандық боксшы орта салмақтағылар арасында ТОП-15 тізімін түйіндеген. Ал IBO рейтингісінде 37-орынға жайғасқан. WBO ұйымының рейтингісінде 13-сатыда.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.22   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети