ПОДЕЛИТЬСЯ
02 октября 2020 | 10:22
Америкалықтар Боратты неге жақсы көреді?
Таяуда "Бораттың" екінші бөлімі шығады. Бірақ қазақстандықтар фильмнің бірінші бөлімін әлі ұмыта қоймаған шығар. Көптеген қазақстандық бұл фильмді ұлтты масқаралау деп санайды. Бірақ фильм америкалықтарға неге қатты ұнаған? Tengrinews.kz тілшісі фильм неге АҚШ-та танымал болғанын зерттеп көрді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Таяуда "Бораттың" екінші бөлімі шығады. Бірақ қазақстандықтар фильмнің бірінші бөлімін әлі ұмыта қоймаған шығар. Көптеген қазақстандық бұл фильмді ұлтты масқаралау деп санайды. Бірақ фильм америкалықтарға неге қатты ұнаған? Tengrinews.kz тілшісі фильм неге АҚШ-та танымал болғанын зерттеп көрді.
Борат қайдан шыққан?
Алдымен Бораттың тарихын білейік. Жалпы бұл кейіпкер фильмге дейін пайда болған. Ұлыбританияда Da Ali G Show деген телесериал болған. Басты рольде англиялық комик Саша Барон Коэн ойнаған. Сериалда ол үш бірдей журналисті сомдайды - басты кейіпкер Али Джи, қазақстандық репортер Борат Сагдиев және аустралиялық репортер Бруно Гехард.
Бұл сериал үш маусымнан тұрады, соңғы екеуін танымал HBO телеарнасы көрсеткен.
Da Ali G Show-дағы Борат
Фильмдегі Борат пен сериалдағы Борат бір. Сериалда да Сагдиев қазақ "дәстүрімен" таныстырып, қазақ тілі орнында ивритше бұрмалап сөйлейді.
Сериалдың басты кейіпкері Али Джи болса да, бірнеше жылдан кейін Борат әлемге танылды. Себебі 2000 жылдан бері төрт жыл эфирде болған телесериал жабылған соң Саша Барон Коэн бір кейіпкерін үлкен экранға алып келді. Ол - әрине, Борат Сагдиев.
Сериал кейіпкері фильмге келді
2006 жылы Саша Барон Коэн телешоуларды тастап, фильм түсіруді бастады. Алғашқы идеяларының бірі - Борат оқиғасы. Фильм "Борат: Қазақстанның атақты халқы игілігі үшін америкалық мәдениетті зерттеу" деп аталған. Кинотуындыны танымал 20th Century Fox компаниясы түсірген.
Фильм кадры
Онда Коэннің кейіпкері Қазақстаннан АҚШ-қа барып, түрлі адамнан сұхбат алады. Бірақ бұл фильмде Қазақстан біреше рет аталғанымен, картинаның Қазақстанға түк қатысы жоқ.
Мысалы, фильмде Қазақстан деп көрсетілген оқиға румыниялық Дымбовица ауылында түсірілген. Ал кейін үзінділер TVDATA телеарнасының бейнемұрағатынан алынған.
Фильмде Борат Сагдиев "қазақша" жиі сөйлейді. Бірақ ол сериалдағыдай қазақша орнына иврит тілін қолданады.
"Оскар" номинанты атанған
"Борат" фильмі Қазақстанда ғана емес, тағы бірқатар елде тыйым салынған. Ол Ресейде көрсетіліміне тыйым салынған эротикалық емес алғашқы фильм атанған. Одан бөлек, араб елдерінің бәрінде дерлік фильм көрсетілмеген. Украина мен Беларусьте де фильм көрсетіліміне тыйым салынған.
Көп елдегі осындай шектеулерге қарамастан фильм дүние жүзіне танылды. Прокатта жақсы қаражат тапты. "Борат" 18 миллион долларға түсірілген. Ал әлемде 261,5 миллион доллар жинаған.
Сонымен қатар, фильм беделді жүлделерге ие болған. Мысалы, "Оскар" жүлдесінде "Үздік адаптациялық сцеаний" номинанты атанған. "Үздік ер адам рөлі" номинациясында "Алтын глобусты" еншілеген. Жалпы алғанда, "Борат" фильмі 11 жүлде иеленген.
Америкалықтар Боратты неге жақсы көреді?
Фильм аз ғана бюджетке түсірілген, көптеген ұлтты мазақ етеді, кейіпкерлердің әрекеті ақылға қонымсыз. Енді мынадай заңды сұрақ туындайды: америкалықтар Боратты неге жақсы көреді?
АҚШ-тағы танымал киносыншылар мен басылымдарды оқып көрдік. Бәрі "Боратты" мақтаған. Бірақ қазақ елін масқара қылғаны үшін емес. АҚШ-тағы әлеуметтік мәселелерді көтергені үшін.
Фото: gigamir.net
Мысалы, америкалық Rolling Stone журналы "Боратты" XXI ғасырдағы үздік 50 комедия қатарына қосқан. Олар фильмді АҚШ қоғамын - қорқақ саясаткерлерді, қару сататындарды, феминистерді ашық көрсеткені үшін мақтаған.
"Әзіл көбіне өте ыңғайсыз жерлерден көрсетіледі. Шынында да, кейде фильм Америка рухындағы шіріген жерлерді бейнелеген сияқты көрінеді. Иә, жыл өткен сайын бұл фильмді көру қиынға соғады. Дегенмен, бәрібір күлкілі болады", - делінген журналдың сайтында.
Rolling Stone киносыншысы Нейл Страусс бұл фильмді "Онжылдықтың ұлы комедияларының бірі, бұл, тіпті, жаңа киножанр шығар" деп бағалаған.
Фильм кадры
Empire журналы да "Бораттың" мықты тұстарын атаған.
"Коэн шынайы адамдармен қарым-қатынасқа оралды, бірақ олар жартылай импровизацияланған фильм кейіпкерімен сөйлесіп тұрғанын аңғармайды. Ол бір уақытта күлкілі әрі қолайсыз сәттер тудырып, америкалық ойлау машығының көбі білмейтін жағын ашып көрсетеді", - делінген фильмге шолуда.
Ал киносыншы Манохла Даргис The New York Times басылымында фильмнің әлеуметтік сатирасын мақтаған.
"Бораттың" тамаша жері - оның комедиясы әлеуметтік сатира сияқты аяусыз және тапқыр", - деп бағалаған ол.
Тағы бір сыншы Дэн Джолин Empire журналында фильмдегі ұлтқа қатысты әзілдерді тек комедия ретінде қабылдауды ұсынған. Себебі фильмде "еврейлерді өлтіру" секілді пікірлер айтылады. Ал "Боратты" сомдаған Коэннің ұлты еврей екенін еске салады.
"Борат қаншалықты мейірімді болса да, ол сексист, антисемит және сығандарды жеккөреді. Бірақ сол күлкінің күші мен заңдылығын ескермеуге болмайды. Бұл Саша Барон Коэннің жұлдызды сәті, әйгілі комедия, ол ұшақ сияқты жетіле түседі. Бірақ тез ренжитін болсаңыз, көрмеңіз. Абсурд, көңілге тиеді, дөрекі, айқын және соншалықты күлкілі, ол сіздің қан тамырларыңыздың жартысын жарып жібереді", - деп жазды Джолин.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также