ПОДЕЛИТЬСЯ
02 октября 2020 | 16:57
"Бұл нағыз Қазақстан емес". Танымал тұлғалар Борат туралы не дейді?
Соңғы уақытта "Борат" мәселесі тағы да қызу талқыланып жатыр. Себебі таяуда "Бораттың" екінші бөлімі шығады. Алғашқы "Бораттың" шыққанына 14 жыл болды, бүгінге дейін қазақстандық танымал тұлғалар бұл фильмге қатысты түрлі пікір білдірген. Tengrinews.kz тілшісі танымал қазақстандықтардың Борат туралы пікірін жинады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Соңғы уақытта "Борат" мәселесі тағы да қызу талқыланып жатыр. Себебі таяуда "Бораттың" екінші бөлімі шығады. Алғашқы "Бораттың" шыққанына 14 жыл болды, бүгінге дейін қазақстандық танымал тұлғалар бұл фильмге қатысты түрлі пікір білдірген. Tengrinews.kz тілшісі танымал қазақстандықтардың Борат туралы пікірін жинады.
"Саша Барон Коэн Қазақстанда болмаған"
"Борат" фильмі шыққан кезде алғашқылардың бірі болып Қазақстанның сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пікір білдірген. Фильм жарық көрген 2006 жылы Назарбаев Лондонға ресми сапармен барып, баспасөз мәслихатына қатысқан. Сонда журналистердің бірі Борат туралы пікірін сұраған.
"Осы журналист Борат Сагдиев қазір осында емес пе? Онымен сөйлесейін деп едім", - деп қалжыңдады Назарбаев.
Сондай-ақ, Елбасы басты кейіпкерді сомдаған ұлыбританиялық Саша Барон Коэн фильмді Қазақстанда түсірмегенін айтқан.
"Ол ешқашан Қазақстанда болмаған, фильм румыниялық кедей ауылда түсірілген. Қазақтардың ролін кедей сығандар, ал мас қазақтарды мас америкалық студенттер сомдаған", - деп жауап берді Назарбаев.
Ол фильмге әзіл ретінде қарап, Қазақстанда елдің нақты жетістіктерімен бағалауға шақырған.
"Борат - адам емес, шошқа"
Картинаның премьерасы шыққан кезде Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов Guardian газетіне мақала жазған. Жалпы, Қазақстанда "Борат" туралы ең алғаш болып жалпыға пікірін айтқан осы Ыдырысов саналады.
"Бораттың ең таңғаларлық қасиеттері - оның дөрекілігі, білімсіздігі, нәсілшілдігі және шовинизмі. Ол адам емес, шошқа: ақымақ, дұшпан, жиіркенішті. Оның айтуынша, Қазақстанда әйелдерді торда ұстайды, ал болашақ әйелін әкесінен елу литр инсектицидке сатып алуға болады. Ол мақтанышпен мәлімдейді: "Қазақстанда біз былай айтамыз: Құдай, ер адам, ат, ит, содан кейін әйел, содан кейін егеуқұйрық". (...) Шын мәнінде, Қазақстан - заманауи, өркендеген және зайырлы мемлекет", - деп жазған ол өз мақаласында.
"Борат-2" фильмінің кадры
Сонымен қатар, сол кездегі Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Саша Барон Коэннің неге Қазақстанда нысанаға алғанын жазған. Оның айтуынша, Борат, мысалы, ауғанстандық болса, оның өміріне қауіп төнер еді. Ал Қазақстанда Коэн тек баспасөз мәслихатына шақырту алған.
"Біз Сталиннің кезінде аман қалдық, әрине, Бораттан да өтеміз. Бірақ біздің неге таңдап күлетінімізді түсініңіздер. Менің ойымша, нағыз Қазақстан туралы көбірек білгеніңізде, сіз де өзіңізді осылай ұстайсыз", - деп қорытындылады ол.
"Борат" - ақымақтық, маған күлкілі болмады"
Қазақстанды әлемге танытып жүрген боксшы Геннадий Головкинге де бірнеше рет Борат мәселесіне тоқталуға тура келген. 2015 жылы TMZ.com порталына берген сұхбатында журналист одан Қазақстан десе, Боратты еске алатындар туралы пікірін сұраған.
"Иә, мен "Боратты" қарадым. Бұл шынайы оқиға емес. Маған ол күлкілі болмады. Менің ойымша, бұл ақымақтық, бұл нағыз Қазақстан емес", - деп жауап берді Геннадий сол кезде.
Журналистер былтыр да Головкинге Борат туралы сұрақ қойған. Бұл жолы журналистер "Дүние жүзінде адамдар "Боратты" айтып, Қазақстанды мазақ еткен. Қалай ойлайсың, олардың ұлтқа деген көзқарасын өзгерте алдың ба?" деп сұраған.
"Әрине, жүз пайыз. Мен халқыма, жанкүйерлеріме ризамын. Енді Қазақстан туралы "Борат" немесе оған ұқсас басқа нәрсе емес, жаңа көзқарас бар. Мен мұны өзгерте алдым деп үміттенемін", - деп жауап берген Головкин.
"Қазақстан - Бораттың отаны"
Осыдан бірнеше жыл бұрын Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан да "Борат" фильмі туралы пікірін айтқан. Ол осы фильм арқылы дүние жүзінде Қазақстан туралы жаман көзқарас қалыптасқанын айтқан.
"Американың бір азаматын біздің ақтөбелік бір жігіт сабап тастады. Әйтеуір арты қайырлы болып, өзара кешірім сұрасып бейбіт тарқасты. Мәселе былай болған. Біздің қыздар командасындағы сүйкімді қарындасымызға американдық жігіт доллар шетін көрсетіп жедел төсекке шақырған. Қыз байғұс қатты қорланып жылаған. Оны көрген ақтөбелік жігіт жұдырығына жүгінген. Кейін сұраса келе американ жігіті "Қазақстан - Бораттың отаны. Біз білетін қазақ қыздары тез көнгіш, ұятына осал..." дегендей уәжбен аяқталған. Қысқасы қазақ қызы жайында Еуропада, Америкада қалыптасқан пікір осы", - деген еді Тілеухан
Сондай-ақ, депутат фильмде көрсетілген үрдістің елде жалғасын тауып жатқанын айтқан.
"Борат біз туралы болғанымен, біздің қатысуымызсыз шыққан фильм. Мәселе ұлтты масқаралаған осы үрдістің өз елімізде жалғас табуында. "Өнердің ішіндегі ең маңызды кино" - деді Ленин. Ол рас! Кино арқылы мемлекеттер, елдер жайында түсінік, пікір қалыптасады. Америка - әлемді құтқарушы, үнді елі - сыршыл, махаббатшыл, ағылшындар - кербез, орыс - қайсар да әділетті", - деген еді Бекболат Тілеухан.
"Қазақтың ар-намысына тиген кино"
"Борат" фильмі әлемге танылғаннан кейін қазақстандық режиссер Еркін Рақышев 2010 жылы "Бораттың" жалғасын түсірмек болған. "Борат - менің ағам" фильмінде ол Қазақстанның шынайы тұстарын көрсеткісі келген.
Сценарий бойынша "Борат" фильмін көрген АҚШ азаматы Джон Қазақстанға келіп, бәрін өз көзімен көрмек болады. Елге келгеннен кейін ол жындыханадан Бораттың інісі Доратты тауып алады.
"Бұл қазақтың ар-намысына тиген кино, қазақты қорлаған кино. Киноны көрген адамдар ғана оны біледі. Бүгінгі таңда шетелге шықсаң, сіз қай елден дегенде жауап беруге ұяласыз", - деген еді Рақышев сол кезде.
Ермек Рақышев "Борат - менің ағам" фильмінің түсірілімінде. Фото: np.kz
"Борат - менің ағам" фильмі 2011 жылдың басында жарық көруі керек еді. Бірақ фильм түсірілімі аяқсыз қалып, кинотуынды жұртшылыққа жетпеді.
"Виза саны өсті"
2012 жылы Қазақстанның сол кездегі сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов "Бораттың" ел үшін пайдасы тигенін де айтқан. Оның сөзінше, сол жылдары "Борат" фильмінен кейін туристер саны көбейген.
"Осы фильмнің шығуымен Қазақстанға берілетін виза саны он есе өсті. Мен бұл біз үшін үлкен жеңіс дедім. Мен Боратқа Қазақстанға туристерді тартуға көмектескені үшін ризамын", - деген еді Қазыханов.
Оның сөзінше, фильмнің премьерасы кезінде АҚШ-тағы туристік компаниялардың бірі Қазақстанға арналған арнайы "Борат-тур" ашқан.
"Қазақстан абыройына ауыр соққы болмады"
Атышулы фильм шыққан кезде Қазақстан Мәдениет министрлігін басқарған Ермұхамет Ертісбаев "Борат" елдің абыройына нұқсан келтірмегенін айтқан.
- Елдің абыройына ешқандай ауыр соққы болған жоқ, ағылшын әзілқойының шығармашылық қабілеттерін өте асыра көрсетіп отырсыздар. Осындай "қара әзіл" бар. Мұндай актер Англияда болған, Норманн Уиздом, рольдерінде ақымақтарды сомдаған. Мен "Борат" фильмінің үзінділерін көрдім, жиіркеніп күлдім, екі көрініс күлкі тудырды. Осымен бітті. Бұл таза коммерциялық жоба", - деген еді Ертісбаев.
Сондай-ақ, экс-министр кейін сұхбаттарының бірінде Боратты Гомельмен салыстырған. Оның сөзінше, XIX ғасырда да Гомель ешкімге ұнамаған, ал ол классикаға айналған.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также