ПОДЕЛИТЬСЯ
27 ноября 2019 | 12:57
"Жасы кіші деп туған жылын өзгертіп жіберген". 80 жылын театр әлеміне арнаған Айша Абдуллина
Күні кеше көрнекті театр және кино актрисасы, саңлақ саxнагер, Қазақстанның Халық артисі Айша Абдуллина 103 жасына қараған шағында өмірден озды. Қазақ өнерінде есімі алтын әріппен жазылған актриса театр саласында 15 жасынан бері қызмет еткен. Tengrinews.kz тілшісі бар ғұмырын кино және театр әлеміне арнаған Айша Абдуллинаның өнері мен өмір жолы жайлы баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Күні кеше көрнекті театр және кино актрисасы, саңлақ саxнагер, Қазақстанның Халық артисі Айша Абдуллина 103 жасына қараған шағында өмірден озды. Қазақ өнерінде есімі алтын әріппен жазылған актриса театр саласында 15 жасынан бері қызмет еткен. Tengrinews.kz тілшісі бар ғұмырын кино және театр әлеміне арнаған Айша Абдуллинаның өнері мен өмір жолы жайлы баяндайды.
Айша Төкебайқызы 1916 жылы 22 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. Анасынан үш жасында айырылған өнер иесі атасы Абдолла мен әжесі Бибаянның тәрбиесін көрген. Әкесі Төкебай ән мен күйден хабары бар, өнерге жақын болған кісі. Күләш Байсейітовамен көрші тұрған олар әншімен жақсы араласқан.
Мектеп қабырғасында көркем өнерпаздар үйірмесіне белсене қатысқан актриса 1933 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №18 орта мектепті бітірген. Сол жылы өзінің ағасы, актер Абықай Абдуллиннің бастамасымен екеуі Қазақ мемлекеттік драма театры жанындағы студияға оқуға түсіп, театр сахнасында өнер көрсете бастайды.
Қаршадайынан сахна киесін ұғынған актрисаның алғашқысы әрі өнердегі бойтұмарының бірі - "Еңлік-Кебек" қойылымындағы Еңлік рөлі.
Шын есімі - БибіғайшаАйша Абдуллина 2016 жылы "Мәдениет тынысы" бағдарламасына берген сұхбатында шын есімі Бибіғайша екенін айтқан. Атасы мен әжесінің қамқорлығында қалған актриса сол кісілердің тегімен кеткен екен.
Мектеп біріп, бірден театр сахнасында өнер көрсете бастаған актрисаның жасының кішілігіне байланысты туған жылын оның рұқсатымен 1918 жылдан 1916 жылға өзгерткен екен. Бар ойы театр әлеміне сіңіп кету болған Айша Абдуллина бұл шешімге еш қарсылық білдірмеген. Сол кездегі сахна саңлақтары актрисаны өздеріне "Күләш апайыңның орнын басатын шәкірт керек" деп алып қалған екен.
1947 жылы Шымкенттегі Жұмат Шанин театрына ауысып келген Айша Абдуллина 200-ден аса қойылымда өнер көрсеткен екен. "Қыз Жібекте" - Жібектің, "Қозы Көрпеш, Баян сұлуда" - Баянның, "Айман-Шолпанда" - Айманның, "Ер Тарғында" - Ақжүністің рөлінде ойнаған. Сонымен қатар, Айша Абдуллина елімізде тұңғыш рет қойылған Уиллиам Шекспирдің "Отелла" қойылымында Дездемонаны сомдаған.
Айша Абдуллина Отелла" қойылымында Дездемона рөлінде
Актриса соғыс жылдары оқ пен оттың ортасында жүріп, 1942 жылы екінші Беларусь майданында, 1945 жылы Қиыр Шығыста өнер көрсеткен. Айлап үй көрмей кеткен өнер иесі жан-жағында бомба жарылып жатса да жауынгерлерге рух беру үшін жертөледе, әскери көліктердің үстіне ән айтқан екен.
"Қайтарда туған елін, ата-ана, сүйген жары мен қарындасын сағынған жауынгерлер хат жазып, бізден беріп жіберетін. Біз оны жол-жөнекей поштаға жөнелтумен болдық. Сондай-ақ, Манарбек Ержанов, Күләш Байсейітова, Роза Бағлановалар да концерттік бригада құрамында майдан шебіне аттанды. Енді біздің ұрпақ ондай зұлмат заманды көрмесін деп тілеймін", - деген екен актриса Шымкент келбеті газетіне берген сұхбаттарының бірінде.
Әншілік өнерімен танылған көрнекті актриса "Қан мен тер" және "Сұрапыл Сұржекей" фильмдеріне де түскен.
Ал "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұхбатында актриса отбасы жайлы айтқан екен. 95 жасына дейін сахнадан қол үзбеген актриса екі ұл, бір қыздың анасы. Жары Әнуарбек соғысқа қатысқан. Әкесі бай болған деген атпен 18 жасында Әнуарбек қамауға алынған. Оған нақты тағар айып табылмағандықтан бір аптадан соң босатыпты. Әнуарбек кейінірек кедейдің баласымын деп құжат жасап, Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) сауда институтында оқыған.
Соғысқа барып келген соң оқуын жалғастырып, Ленинградтағы жоғары экономика курсын бітірген. Алматыдағы асханаларда басшылық қызметтерді атқарады. Үлкен лауазымды қызметке де ұсынылған екен. Алайда, сол кезде айналасындағылар "бұл байдың баласы, кедейден шыққанмын деп құжат жасап алған" деп арыз жазыпты. Осыдан кейін оны жұмыстан да, партия қатарынан да шығарып жіберген.
Айша Абдуллина өнері мен еңбегі үшін халық пен үкімет тарапынан да лайықты бағасын алды. Ол - Қазақстанның халық әртісі, Құрмет белгісі және Парасат ордендерімен марапатталды. Сонымен қатар, актрисаға 1942 жылы "Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген артисі" құрметті атағы, 1943 жылы КСРО-ның "Еңбектегі ерлігі үшін" медалі, 1946 жылы КСРО жоғарғы кеңесінің жарлығымен "Құрмет Белгісі" Орденімен, 1946 жылы ІІ дәрежелі "Отан соғысы" Орденімен марапатталып, 1958 жылы Қазақ КСР-ның Халық артисі атағы берілген.
Айта кетейік, сахна шеберімен қоштасу рәсімі 28 қарашада сағат 09.00-де Мұхтар Әуезов театрында өтеді.
Суреттер Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының Айша Абдуллинаның 100 жылдығына арналған видео кадрынан алынды
Показать комментарии
Читайте также