15 февраля 2021 | 18:04

Қазақстандық режиссер Түркияда тарихи сериал түсіріп жатыр

Қазақстандық режиссер Нұрғиса Әлмұрат Түркияда сериал түсіріп жатыр. Жобаның тұсаукесері кеше, 14 ақпанда өтті. Тарихи хикаяда Шыңғыс ханмен шайқасқан өзбек батыры баяндалады. Нұрғиса Әлмұрат Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында осы хикая туралы айтып, Түркиядағы телесериал саласы туралы сөз қозғады.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Қазақстандық режиссер Нұрғиса Әлмұрат Түркияда сериал түсіріп жатыр. Жобаның тұсаукесері кеше, 14 ақпанда өтті. Тарихи хикаяда Шыңғыс ханмен шайқасқан өзбек батыры баяндалады. Нұрғиса Әлмұрат Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында осы хикая туралы айтып, Түркиядағы телесериал саласы туралы сөз қозғады.

"Қоңырау шалып, Ыстамбұлға шақырды"

Нұрғиса Әлмұрат 1987 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Алматыда Жүргенов атындағы өнер академиясында төрт жыл актерлік шеберлік мамандығын оқып, кейін екі жыл магистратурада режиссер мамандығын меңгерген.

Реклама
Реклама

"Бастапқы мақсатым режиссура болатын. Біраз уақыт өнер, телевизия саласындағы түрлі қызметте жұмыс істедім. Себебі оның бәрі кинода керек болады. Радиода, телеарналарда жүргізуші болдым. Дубляж актері де болып көрдім, одан кейін аудиокітаптар дыбыстадым. Бір апта театрда қызмет еттім, бірақ өзіме ұнай қойған жоқ", - дейді ол.

Кейін Нұрғиса режиссураны қолға алған. Қазақстанда сериалдар, клиптер түсірген. "Жібек", "Таңдау", "Шырағым" секілді сериалдардың режиссері. Айтпақшы, осы соңғы сериалын Индонезия сатып алған.

"2018 жылдың соңында мені "Қазақфильм" бір жобаға шақырды. Ол "Қасым хан" жобасы болатын. Сонда түркиялық танымал "Ертұғырыл" сериалының режиссері Метин Гюнаймен таныстым. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шақырып, қазақстандық жас режиссерлерді Түркия жүйесіне үйретуді сұраған. Сөйтіп, Гюнай сол "Қасым ханды" түсіруі керек болды, ал мен түрікше білетін болған соң соның қасында жүрдім. Басында ассистент едім, кейін Метин Гюнай мені қоюшы-режиссер қылды. Бірақ 2019 жылы "Қазақфильм" директоры ауысты да, жоба соңына жетпей, тоқтап қалды. Сөйтіп, Метин Гюнай басқа жобаларға кетіп қалды", - дейді Нұрғиса.

Сол кезде Нұрғиса Әлмұрат та өз жобаларына ауысқан. Бірақ бәрі былтыр 6 ақпанда өзгеріп кеткенін айтады.

"Маған Метин Гюнай хабарласты. Бос болған кезім еді. Бір тизер жіберіп, анализ жасап берші деді. Жасадым. Сосын "Ертеңге билет алсақ, Ыстамбұлға ұшып келе аласың ба?" деп сұрады. Келісіп, бардым. Ыстамбұлға барғанымда маған "Мендирмен Джалаладдин" сериалының бес бөлімінің дайын сценарийін беріп, анализ жасауымды сұрады. Оқып шықтық та, сценарийді өзгертеміз деп шештік. Сериалды түсіріп жатқан Bozdağ Film бас продюсері Мехмет Боздақ пен Метин Гюнай сериалды маған түсіруді ұсынды", - дейді режиссер.


Нұрғиса Әлмұрат пен Метин Гюнай 

Шыңғыс ханға екі рет төтеп берген батыр оқиғасы

Бұл сериал Өзбекстан тапсырысы бойынша түсірілген. Кеше өзбекстандық телеарнада сериалдың тұсаукесері болды. Сериал Өзбекстан мен Түркиядан бөлек, тағы бірқатар елде көрсетіледі.

"Бұл тарихи сериал. Джелал ад-Дин Мангуберди - Хорезм шахы. Тарих бойынша, кезінде Шыңғыс хан әскеріне екі рет төтеп берген. Бірақ үшінші шайқаста жеңіледі. Себебі ол кезде Шыңғыс ханның өзі келіп, Бұқара, Самарқанд секілді қалаларды басып алған. Біз мұны Өзбекстанның ғана батыры демей, бүкіл түркі халқының батыры ретінде түсірдік", - дейді ол.

Сериалдың бірінші маусым 13-бөлімнен тұрады. Енді екінші маусымға қол қойылуы керек, Нұрғисаны соны күтіп, қазір Түркияда жүр. Жақын уақытта түсірілім басталады деп жоспарланған.

Түрік сериалы несімен озып тұр?

Әңгіме барысында режиссер Қазақстан мен Түркияның сериал саласына тоқталды. Бірақ, оның айтуынша, телесериал саласында Қазақстан мен Түркияны салыстыруға келмейді.

"Түркия сериал түсіру бойынша дүние жүзінде үздік үштікке кіреді. Бұл елде үйренетін нәрсе көп. Соны үйреніп, Қазақстанда тәжірибемді бөліскім келеді. Қазақстандағы кино - Кеңес кезіндегі кинодан қалған мектеп, сол кезден қалған тәртіп. Біз әлі солай жүрміз. Ал Түркияда бәрі басқаша. Мұнда Еуропа да бар, ұлттық менталитеті бар, соны араластырып, өз жүйесін қалыптастырған", - дейді режиссер.

Қазір бір сериалда онымен бірге 250-ге жуық адам жұмыс істейді екен. Әркімнің өз міндеті бар. Осы сериал үшін Ыстамбұлда арнайы сарай салынған, костюмдер тігілген.

Режиссер Түркиямен тоқтап қалмақ емес. Бұл елде тәжірибе жинағаннан кейін басқа елдерге де барып, шеберлігін шыңдамақ.

"Бұдан да басқа жобалар ұсынылып жатыр. Бірақ бұл сериалды бастаған соң аяқтауымыз керек деп, осыған ден қойып отырмыз. Әрине, кейін Қазақстан не Түркияда ғана тоқтап қалғым келмейді. Түрлі елге барып, басқа мемлекетте де кино түсіргім келеді. Басқа елге кетсең, патриот емессің деген сөз емес. Патриот - шетелге барып, туыңды көрсетіп жүру емес. Біліміңмен, өнеріңмен өз халқыңды таныту деп ұғамын. Ал әзірше мүмкіндік туып тұрған соң Түркияда барымды салып жұмыс істеймін. Әзірше мақсат - осы елде өз білігімді арттыру", - дейді Нұрғиса.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная