1. Главная
  2. Почитай
Реклама
Реклама

"Ішінара ақша алу, қадағалау, мұрагерлікке беру". БЖЗҚ басқарушы директоры тікелей эфирде жауап берді

Интервью на тему ✅ "Ішінара ақша алу, қадағалау, мұрагерлікке беру". БЖЗҚ басқарушы директоры тікелей эфирде жауап берді ⚡ Читайте важные интервью и конференции на актуальные темы на интернет-портале Tengrinews.kz.

"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ басқарушы директоры - Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры Мұрат Шәріпов Tengrinews.kz тілшісіне Instagram желісіндегі тікелей эфирде зейнетақы қорындағы ақшаның қалай қорғалатыны, 2020 жылы қанша ақша инвестицияланғаны және шоттан мерзімінен бұрын ішінара ақша алу туралы айтып берді. Сұхбат #TengriLive жобасы аясында жарияланып отыр.

TENGRINEWS:

БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шотын қалай ашуға болады?

Мұрат Шәріпов

Бүгінде зейнетақы қорында үш түрлі шот ашылып, сол жерде біздің салымшыларымыздың - азаматтарымыздың зейнетақы қорында жиналған ақшасы есептеледі. БЖЗҚ шоты туралы ақпаратты тек әр адамның өзі білгені дұрыс, өзгелерге жариялауға болмайды. Бұл - өте маңызды ақпарат, бөтен адам көріп қоймауы керек.

Мұның біріншісі - міндетті зейнетақы шоты. Бұл қазіргі күнде автоматты түрде ашылады. Ең бірінші төлем түскен кезде, яғни жұмыс беруші жарнаны жіберген кезде құжаттарда көрсетілген деректемелер бойынша азаматтарға зейнетақы шотын ашып, кейін әрі қарай осы шот бойынша есеп жүргізе береміз. Егер де ол азаматтың бұрын ашқан шоты болса, ол ақша сол ашылған шотқа барып түседі.

Екінші, міндетті кәсіптік зейнетақы шоты. Мұндай шот денсаулыққа зиян қызметтерді атқаратын азаматтар үшін ашылады. Мұндай мекемелерді Үкімет белгілейді. Әрине, азаматтар өзінің жұмыс берушісімен бірге зейнетақы қорына келіп, шот ашып, болашақта өз шотына ақша жинай алады.

Үшіншісі - ерікті зейнетақы шоты. Бұл шотты азаматтар өзінің цифрлық қолтаңбасын қолдану арқылы біздің enpf.kz сайтымызға кіріп аша алады. Оның еш қиындығы жоқ. Қазір көптеген жұмыс беруші "зейнетақы қорында шоты бар деген келісімшартты алып кел немесе сондай ақпарат алып кел" дегенді жиі айтып жатады. Оның бәріне өзгеріс енгізу керек. Өйткені заңға 2018 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, ондай құжаттарды қызметкерлерден талап етпеу керек. Соны біле жүрген жөн және ол өте маңызды. Әсіресе, мына пандемия кезінде адамдар әрі-бері жүріп, қиналмау керек. Әр адамның шоты бар болса, соған түседі. Жоқ болса, оны ашу қиын емес. Автоматты түрде аша салуға болады. Болашақта сол автоматты түрде шот ашқан кезде азаматтар өз мекенжайын, телефонын, электрондық поштасын цифрлық қолтаңба арқылы кіріп, өзгерте алады. Қосымша келісімшарт жасауға да мүмкіндігі бар. Өйткені ол шоттың жай-күйін қадағалауға мүмкіндік береді. Әсіресе, біздің электрондық қызметтерді қолданған кезде көмегі зор.

TENGRINEWS:

Қордағы жеке зейнетақы шотының жай-күйін қалай қадағалап отыруға болады?

Мұрат Шәріпов

Өте маңызды сұрақ. Өйткені осы соңғы үш-төрт жылдың ішінде көптеген жұмыс атқарылып, біз салымшыларға ақпараттандыру жұмыстарын жүргіздік. Сайтымыздан жеке кабинет ашып, азамат электрондық қызметтерімізге жазылған және өз деректемелерінде электрондық поштасы мен ұялы телефонын көрсеткен болса, сол электрондық мүмкіндікті пайдаланып, өз шотын қадағалай алады. Сондай-ақ ұялы қосымшамыз бар. Мұны әр адам смартфонға жүктеп, кез келген уақытта қарап отыруына болады. Және электрондық қолтаңбамен кіріп, сайт арқылы өзінің шотында қанша ақша барын, оның жай-күйін қадағалауға мүмкіндігі бар.

TENGRINEWS:

Қазіргі кезде БЖЗҚ-да неше жеке зейнетақы шоты бар? Ондағы қаражат мөлшері қандай?

Мұрат Шәріпов

Бүгінде 11 миллион 700 мыңнан аса зейнетақы шоты ашылған.

Оның ең көбі - 10 миллион 900 мыңдайы міндетті зейнетақы шоты. Осы 2020 жылдың 11 айында 1,5 миллионнан аса жаңа шот ашылған.

Келесі - міндетті кәсіптік жарналар жиналатын шот. Бұл жерде 526 мыңнан аса шот бар.

Ал ерікті зейнетақы шоттарында 57 мыңнан аса шот қызмет атқарып жатыр.

Бұлардың бәрі күніге өзгеріп отырады: біреуі жабылып жатса, екінші жағынан шот ашылады. Сол себепті шоттағы күнделікті жиналған ақша есептеліп, қадағаланып отырады. Бүгінде зейнетақы қорында біздің азаматтарымыздың жинаған ақшасы 12,7 триллион теңгеден асты. Бұл - 22 жыл мерзімде жиналған ақша. Әрине бұл ақша бір орында тұрмайды. Зейнеткерлікке шыққан азаматтарға беріліп отырады.

Бизнес саласында жүрген азаматтарға зейнетақы қорына келіп шот ашу керек емес. Бірінші төлем жасалған кезде, ол автоматты түрде ашылады. Ал егер қосымша өзімнің болашақ зейнетақымды көбейтемін, осы соманы ұлғайтамын деген азаматтар болса, ерікті зейнетақы шотын ашуға болады. Мысалға, бизнес саласында жүрген азаматтар бастапқыда минимал көрсеткішпен төлемекші болады. Бірақ ол уақытты көпке созбау керек. Сондықтан ерікті зейнетақы шотын ашуға болады немесе өзінің нақты, шынайы тауып отырған, табысының 10 пайызын төлеген жөн деп кеңес береміз.

Өйткені ертең зейнеткерлік жасқа келген кезде зейнетақысы жеткілікті болуы үшін жас кезден бастап жинақтау керек. Бұл - жалғыз Қазақстанның емес, халықаралық тәжірибе. "Бұрынғы кезде біз төлеген жоқпыз, бәрін үкімет беретін" дейтін азаматтар бар. Бірақ қазір нарық саласында жұмыс атқарып жатырмыз. Ол кезде де әр азамат өзінің жалақысынан салық ретінде төлеп отырған. Мысалы, 5-6 азамат бір зейнеткерді асыраған болатын. Кейін нарықтық экономикаға көшкеннен кейін әр азамат өзі үшін ғана жинайтын болды. Ол өзінің жеке меншігі. Ал бұрынғы кезде оның бәрі ортақ болатын. Яғни жастар бірігіп, зейнеткерлер үшін жарна төлеген.

TENGRINEWS:

Яғни, қорға 10 пайыздан көп аударып отыра аламыз ғой?

Мұрат Шәріпов

Егер ерікті зейнетақы шотын ашқан болсаңыз, өзіңіз немесе жұмыс беруші арқылы жинауыңызға болады, туған-туыстарыңыз қосылып, сол шотқа ақша салып отыруына болады. Өкінішке қарай, азаматтардың арасында 10 пайыз салым жасап отырғысы келмейтіндер де бар. Бірақ бүгінде осы пандемияға қарамастан, былтырмен салыстырғанда биыл зейнетақы қорына түскен ақша 9 пайызға көп. Сондықтан азаматтардың көбі оны түсіне бастады. Мұны дұрыс түсініп, уақытылы қадағалап отыру керек. Өйткені кейбір жұмыс беруші де зейнетақы жарнасын уақытылы төлемей, соның салдарынан инвестициялық табыс есептелмейді. Яғни Қордағы ақша жұмыс істемей қалады. Және келешекте еңбек өтілін санаған кезде, бұл кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан әр азамат өзінің жеке есепшотын қадағалап отыруы керек. Бұл - өте маңызды.

TENGRINEWS:

Қазақстандықтардың БЖЗҚ-да ашылған шоттарындағы зейнетақы жинақтарының инвестициялық кірісі қандай?

Мұрат Шәріпов

Әрине, бұл ақпарат та - біздің сайтымызда жарияланған, ашық. 2020 жылдың 11 айында 1,1 триллион теңгеден аса ақша инвестициялық пайда ретінде біздің салымшыларымыздың шоттарына есептелді. Бұл дегеніңіз әр күнде Қорда болған ақша айналымда болды деген сөз. Және күнделікті қорға түскен инвестициялық табыс есептеліп отырады. Әр азамат өзінің қандай инвестициялық пайда түсіп отырғанын, шотының жай-күйін көре алады. Бірақ бұл шоттағы инвестициялық пайда өзгеріп отырады. Өйткені осы жиналған ақшаның 30 пайыздан астамы басқа шетел валюталарында, шетелдік құнды қағаздарға орналастырылған. Сондықтан курсқа байланысты өзгерістер болып тұрады. Инвестициялық пайдаға кем дегенде алты ай немесе бір ай мерзімді қарау керек. Егер күнделікті қарасаңыз, ол нарықтағы өзгерістерге байланыстыл өзгеріп тұруы мүмкін. Мысалы, 1998 жылы зейнетақы қоры жүйесі құрылды. Сол кезден бүгінге дейін 5,5 триллион теңге инвестициялық пайда түсті, яғни жаңа айтып кеткен 12,7 триллион теңгенің 5,5-і - инвестициялық пайда. Соны білуіміз керек. Азаматтар да білуі керек.

Инвестициялық табыс инфляциядан жоғары. Бүгінде инвестициялық пайда 10,16 пайыз болса, инфляция - 6,5 пайыз. Бұл - биылғы көрсеткіш. Ал 20 жылдағы көрсеткішті алатын болсақ, осы өткен жылдары 598 пайыз инвестициялық табыс болған екен, ал инфляцияның өсімі 491 болған. Сонда таза табыс - 106 пайыздан астам. Мұның бәрін біз әрқашан да айтып, көрсетіп келе жатырмыз. Бірақ азаматтар мұны көзбен көреміз десе, enpf.kz сайтында осы ақпараттың бәрі тұр. Және қандай құнды қағаздар алынып жатыр, қай шартында қандай пайда түседі - соның бәрі көрсетілген. Зейнетақы жинақтары ұзақмерзімді инвестиция болып саналады. Яғни, болашаққа жоспарланған инвестиция. Соны біле кеткен жөн. Кейбір азамат неге инвестициялық табыс бір жылдың ішінде көп болмайды деп сұрақтар қойып жатады. Бәріне біз осылай түсініктеме беріп, хабарлап отырамыз.

TENGRINEWS:

Сонда БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары қайда және қалай инвестицияланады?

Мұрат Шәріпов

Бұл жиналған ақшаны заң бойынша Ұлттық банк сенімгерлікпен басқарады. Ал қандай құралдарға салынады? Қазақстан Республикасында Ұлттық қорды басқару кеңесі бар. Кеңесті ҚР Президенті басқарады. Сол кеңесте осыншама жиналған зейнетақы активтерін қандай құнды қағазға орналастыруға болатынын талқылайды. Содан Үкімет қандай құнды қағазға орналастыруға болады деген шешім шығарады және инвестициялық декларация қабылданады. Бұл жерде құнды қағаздар бар, облигациялар бар, шетелдің, халықаралық мекемелердің құнды қағаздары бар. Мұның бәрін Ұлттық банк жалғыз өзі қабылдамайды. Бәрі келісіліп, кеңестің шешімімен қабылданады.

Ал БЖЗҚ жұмысы - осы шоттарды есептеп, түскен инвестициялық табысты азаматтардың шоттарына бөліп отыру. Сондай-ақ халыққа кеңес беріп, кеңселерге келген халыққа қызмет атқарып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

TENGRINEWS:

Президент жолдауында берілген тапсырмаға сай қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Мұрат Шәріпов

Президент жолдауында азаматтар жинақталған қорындағы ақшаларын үй алуға, емделуге немесе басқарушы компанияларға орналастырып, инвестициялық табысын көруге мүмкіндік береміз деген тапсырма берген болатын. Қазір заң жобасы Парламентте қарастырылып жатыр. Біз енді сол мемлекеттік органдар қабылдаған шешім бойынша қызмет атқарамыз. Әлі ереже қабылданған жоқ. Сондықтан мұндай шешім шығып, қабылданғаннан кейін халыққа жариялаймыз. Қазіргі күнде жоба бар. Шешім қабылданғаннан кейін түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

Ал ең маңыздысы қазір ақшаны алуға рұқсат бергеннің өзінде көптеген халықаралық тәжірибе зерттелген. Мысалы, Сингапур елінде де осындай мүмкіндік бар. Бірақ ол елдің азаматтары ай сайын 37 пайыз жинайды. Малайзияда азаматтар 26 пайыз жинайды. Бұл жерде жартысын жұмыс беруші, жартысын қызметкер төлейді. Сол сияқты мүмкіндіктер бар. Біздің елімізде 10 пайыз ғана төлейді, оның өзін қызметкерлер өздері төлейді. Ал енді болашақта жұмыс берушілердің төлейтін төлемдері де енгізілуі мүмкін. Міндетті кәсіптік жарналар деген тек қана зиянды жұмыстарда істейтін азаматтарға ғана төленеді. Сондықтан осындай шешім шығатын болса, толық халыққа түсіндіріп отырамыз.

TENGRINEWS:

Салымшылар өз зейнетақы жинағын қандай жағдайларда ала алады?

Мұрат Шәріпов

Зейнетақы қорындағы ақша зейнет жасына келгенде беріледі. Мұның өзінің заңда көрсетілген талаптары бар. Әйел азаматшалардың жасы – биыл 59,5 жас, ер азаматтар 63-ке келгенде ай сайын уықытылы талаптармен зейнетақысы беріледі. Сондай-ақ, зейнетақы жинағын азаматтар 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі мерзімсіз уақытқа тағайындалған жағдайда зейнетақы төлемдері түрінде алады. Қордан төленетін зейнетақы төлемдері Заң бойынша белгіленген кестеге сай ай сайын жүзеге асырылады. Егер зейнетақы жинағының мөлшері 12 еселенген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспаса, 1 және 2 топтағы мүгедектігі мерзімсіз уақытқа тағайындалған тұлға зейнетақы жинағын бірден алуға құқылы. 2020 жылы бұл сома 485 292 теңгеге тең.

Салымшының зейнетақы жинағы жеткілікті болып, сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасаған жағдайда да зейнетақы жинағын алуға мүмкіндік беріледі.

Зейнетақы жинақтары ең төменгі зейнетақы төлемін қамтамасыз етуге жеткілікті болған жағдайда, ерлер 55 жасқа, әйелдер 51,5 жасқа толғанда сақтандыру ұйымынан аннуитет шарты бойынша зейнетақы төлемдерін ала алады. Мұнда да әйелдердің жасы жыл сайын жарты жылға ұлғайтылып, 2027 жылы 55 жасқа жеткізілмек.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарын азаматтар шетелге тұрақты тұруға қоныс аударған жағдайда, зейнетақы заңнамасында бекітілген ережелерге сай ала алады. Қажетті құжаттар тізімін enpf.kz веб-сайтынан көруге болады.

TENGRINEWS:

Салымшылардың зейнетақы жинақтары қаншалықты қорғалған?

Мұрат Шәріпов

Сіздің зейнетақы жинағыңыз – Сіздің меншігіңіз болып есептеледі. Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз етуге арналған бірегей мемлекеттік кепілдік моделі жұмыс істейді. Соған сәйкес болашақ зейнеткерлерді зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және салымшы арасында оңтайлы үлестірілген. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинағы салымшының меншігі болып табылады және ол мұраға қалдырылады.

"Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" ҚР Заңының 5-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде мемлекет алушының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, оның атына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары мен мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi.

TENGRINEWS:

Қазақстан азаматтығынан шығып, шетел азаматтығын алғанда, зейнетақы қорындағы ақшаны қалай алуға болады?

Мұрат Шәріпов

Шетелге шыққанда мекенжайын ауыстырып, Қазақстан азаматтығынан шыққан азаматтар жинақталған ақшасын сол елге барып, сол елдің азаматтығын алған кезде, біздің елге құжаттарының бәрін өткізіп, азаматтығы жойылған кезде бізге берілген құжаттар бойынша азаматтың сол елдегі банк шотына ақшаны аударып береміз. Қай елге кетті, сол елдегі шотына, қандай шот көрсетсе, соған аударамыз. Өйткені ол азаматтардың меншігі болып саналады. Жинаған ақшасын толық алады.

TENGRINEWS:

Зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда оның қаржысы қалай реттеледі?

Мұрат Шәріпов

Азамат қайтыс болған жағдайда ақша мұрагерлікке қалады. Мысалы, осы 11 айдың ішінде мұрагерлікке 32 миллиардтан аса ақша берілді. Бұл енді біраз ақша. Егер де азаматтардың жинақтаған ақшасы болмаса, мұндай ақша берілмейтін. Яғни, зейнетақы жинақтаушы жүйесі болмағанда мұндай ақшаны ала алмайтын еді. Ал шетел мемлекеттеріне шыққан азаматтарға 11 айдың ішінде 34 миллиард теңге ақша берілді. Бірақ ол азаматтар шетелге бұрын шығып кетіп, құжатын енді реттеген болуы мүмкін. Ал зейнеткерлік жасқа шыққан азаматтарға 57 миллиард ақша берілді. Жалпы 11 айдың ішінде 172 миллиард теңге ақша қордан берілді.

Сондықтан мұрагерлер заңды түрде құжаттарын тапсырып, нотариус арқылы реттеген кезде, мұрагерлеріне уақытылы төлеп береміз.Мұрагерлеріне ақша бірден аударылады, ол оны қалай пайдаланса да, өзі біледі. Тағы азамат қайтыс болған жағдайда жерлеу рәсіміне 145 500 теңге ақша беріледі. Бұл елімізде көрсетілген минималды көрсеткіштерге байланысты.

TENGRINEWS:

Зейнетақы қорында шот ашудың маңызы қандай?

Мұрат Шәріпов

Өзінің аты айтып тұрғандай... Жас кезде азаматтардың ақша табу мүмкіндіктері көбірек. Сондықтан оны жинап, қолдану керек. Егер ол адам байып, болашақта қордағы ақшасы керек болмаса, оны басқаша қолдануға болады. Бірақ бүкіл халықаралық тәжірибе бар. Және болашақта зейнеткерлік жас бәрібір келеді, оны ешкім тоқтата алмайды. Сондықтан әр азамат өзінің болашағына ақша жинаған жөн деп сондай мүмкіндік беріліп отыр. Мысалы, бұрынғы Кеңес үкіметінің құрамында болған елдердің кейбірінде мұндай мүмкіндіктер жоқ. Ынтымақтастық арқылы берілетін мемлекеттің зейнетақысын алып отырады. Қайтыс болған кезде мұрагерлікке ақша берілмейді. Сондықтан мұндай мүмкіндікті енді-енді енгізіп жатыр. Біз 22 жыл бұрын енгіздік.

Бүгінде қор және үкімет тарапынан жақсы зейнетақы алып отырған азаматтар бар. Қордан орташа зейнетақы 20-25 мың болатын болса, 100-200 мың зейнетақы алып отыр. Бұл адамдардың қорда жинаған ақшасына байланысты алады. Сондықтан осыған қарап, әрі қарай шешім қабылдау керек. Көбіне "зейнет жасына дейін өмір сүреміз бе, жоқ па деген ой" бар. Бірақ статистика бойынша азаматтардың өмір сүру жасы жылдан-жылға ұлғайып келе жатыр.

TENGRINEWS:

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі карантин жағдайында қалай жалғасты?

Мұрат Шәріпов

Әрине, бұл дағдарыс бізге де оңай болған жоқ. Тек біздің көптеген қызметіміз дайын болғандықтан, яғни біздің көп қызметіміз электрондық форматқа енгізіліп қойғандықтан, карантин кезінде қашықтан жұмыс істеген мамандарымыз интернет арқылы қызметін атқарды. Біздің қызметтердің 90 пайыздан астамын электрондық түрде атқаруға болады. Азаматтарға да ыңғайлы. Өздеріңіз білесіздер, карантин қатты болған кезде адамдар үйінен де шыға алмай қалды. Сол кезде өздерінің құжаттарын электрондық форматта жіберіп, алдын ала тексертіп, кейін құжатының бәрі дайын болған кезде, кезекпен келіп, өткізді. Ал енді қайтыс болған, шетелге шығып жатқан азаматтарды алдын ала жазып, уақытын белгілеп, қабылдадық. Сондықтан жұмысымыз бір күн де тоқтаған жоқ. Қазір азаматтарымыз электрондық қызметімізге үйренді.

Ал енді келіп жатқан азаматтар сайт арқылы ақпаратты біліп, әр өңірді таңдап, сол жердегі менеджерлердің телефондары тұр. Сол арқылы хабарласа алады. Және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы біздің сервистердің бәрін алуға мүмкіндіктері бар. Болашақта азаматтарды көп толғандыратын сұрақ бойынша шешім қабылдағанның өзінде әр азаматқа өзінің зейнетақы шотында қанша ақша жиналғаны туралы мәлімет беруге болады. Ал оны электрондық түрде алу оңай әрі ыңғайлы. Егер азаматтар әлі қолданып көрмеген болса, сайтқа кіріп қолданып көруді ұсынамыз. Бүгінде 15 миллионнан аса қызметіміз электрондық түрде атқарылады. Егер қиындықтар туындаса, біздің колл-орталыққа 1418-ге, әлеуметтік желілерге хабарласуға болады. Қай жерге басу керек, қайда басу керек бәрін айтамыз. Қандай сұрақ болса да, жауап беруге дайынбыз. Ал зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын ішінара шешіп алу туралы әзірше нақты шешім шыққан жоқ. Ақпарат шыққан кезде міндетті түрде жариялаймыз.

 

Реклама
Реклама
Материалды дайындауға БЖЗҚ қолдау көрсетті