08 декабря 2020 13:23

"Мбаппе мен Погбаға қарсы ойнайды". Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына шыға ала ма?

© ҚФФ

Футболдан Қазақстан құрамасының 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі қарсыластары анықталды. Қазақстандық футболшылар алғаш рет әлем чемпионы Франция құрамасымен кездеседі. Tengrinews.kz тілшісі Қазақстан құрамасының іріктеу кезеңіндегі қарсыластары туралы баяндап, отандық футболшылардың әлем чемпионатына шығу мүмкіндігін сараптап көрді.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Футболдан Қазақстан құрамасының 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі қарсыластары анықталды. Қазақстандық футболшылар алғаш рет әлем чемпионы Франция құрамасымен кездеседі. Tengrinews.kz тілшісі Қазақстан құрамасының іріктеу кезеңіндегі қарсыластары туралы баяндап, отандық футболшылардың әлем чемпионатына шығу мүмкіндігін сараптап көрді.

Топта кімдермен ойнаймыз?

Реклама
Реклама

Кеше швейцариялық Цюрихта 2022 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды. Қазақстан құрамасы D тобына түсті. Онда қазіргі әлем чемпионы Франция, Украина, Финляндия мен Босния және Герцеговина құрамалары бар.

Қазақстанның қарсыластары туралы аз-кем айтып өткен жөн. Франция құрамасын таныстырмасақ та болар. Екі дүркін әлем, екі дүркін Еуропа чемпионы. Соңғы өткен әлем чемпионатының жеңімпазы. Футболшысының бәрі атақты клубтарда ойнайды. Оның қатарында дүние жүзіндегі ең қымбат ойыншы Килиан Мбаппе бар. Одан бөлек, ел намысын Поль Погба, Антуан Гризманн, Рафаэль Варан секілді жұлдыздар қорғайды.


© Reuters

Украина құрамасы да азулы. Аңызға айналған Андрей Шевченко баптайтын құрама Францияға азуын батырып көрмек. Себебі украиналық команда әлем чемпионатын сағынып қалған болар. Алғаш және соңғы рет 2006 жылғы әлем чемпионатына қатысқан. Сол жылы турнирдің ширек финалына дейін жеткен еді. Бұл құраманың басым бөлігі ішкі чемпионатта ойнайды. Бірақ шетелде ойнайтындары да бар. Мысалы, қақпашы Алексей Лунин "Реал Мадрид" сапында, жартылай қорғаушы Андрей Ярмоленко англиялық "Вест Хэмде", Александр Зинченко "Манчестер Ситиде" доп тебеді.


© Reuters

Финляндия құрамасы бір қарағанда оңай қарсылас көрінуі мүмкін. Бұрын әлем чемпионатына қатысып көрмеген. Бірақ таяуда алғаш рет 2021 жылы өтетін Еуропа чемпионатына жолдама алды. Демек, бұл құрамамен де санасу қажет. Құрама ойыншысының бәрі дерлік шетелдік чемпионаттарда ойнайды. Англия, Германия және Италия чемпионаттарында доп тебетін ойыншылары бар. Ең танымалы "Норвич Сити" сапында ағылшын премьер-лигасында ойнаған - Теэму Пукки. Команданың қазіргі үздік сұрмергені осы.


© Reuters

Ал Босния және Герцеговина құрамасының соңғы кезде жолы болмай жүр. 2014 жылы алғаш рет әлем чемпионатына қатысқан. Бірақ топта 3-орын алып, плэй-офф кезеңіне шыға алмаған. Ал 2018 жылғы әлемдік доданың іріктеуінен өте алмаған болатын. Бұл құраманың намысын "Барселона" ойыншысы Миралем Пьянич, "Рома" шабуылшысы Эдин Джеко секілді футболшылар қорғайды.


© globallookpress.com

Топтан шыға аламыз ба?

D тобына Қазақстан іріктеудің бесінші, әлсіздер себетінен түсті. Жоғарыда аталған төрт құрама да бізден бір, тіпті, бірнеше бас жоғары. Топтан бірінші орын алған құрамаға әлем чемпионатына тікелей жолдама бұйырады. Ал екінші орын алған құрамалар өзара тағы бір ойнап, қай жеңгені Катарға аттанады.

Қазақстан құрамасы тарихында Франция мен Босния және Герцеговинаға қарсы ойнап көрмеген. D тобында Қазақстан ең көп кездескен қарсылас - Украина. Бұл құрамамен 2006 және 2010 жылғы әлем чемпионаттарының іріктеу кезеңінде ойнағанбыз. Футболшыларымыз төрт матчтың төртеуінде де жеңіліп қалған.


© photo.unian.net

Ал Финляндия құрамасымен 2008 жылғы ЕУРО-ның іріктеу кезеңінде екі рет кездестік. Фин футболшылары екеуінде де жеңіске жетті.

Егер қарсыластарымызды шынайы түрде бағаласақ, Қазақстан бұл топта соңғы орыннан көтеріле алады дегенге сену қиын. Қазақстан құрамасының қазіргі бас бапкері Михал Билек қызметінен кетті, жаңа іріктеуді жаңа бапкермен бастаймыз. Оның қандай тактика, қандай стратегия ұстанатыны белгісіз. Жекелеген кей матчта сенсация жасап, жеңіске жетуіміз мүмкін. Бірақ Франция мен Украинаны ығыстырып, алдыңғы орындарды алады дегенге ең оптимист жанкүйерлер де сенбейтін шығар.


© ҚФФ 

Оның үстіне Қазақстан құрамасының әлем чемпионаттарының іріктеуіндегі нәтижесі көңіл көншітпейді. УЕФА-ға ауысқалы іріктеу кезеңдерінде 42 матч ойнап, оның үшеуінде ғана жеңіске жеткен. Алты ойында тең түсіп, 33 матчта жеңіліс тапқан.

Содан бері ештеңе өзгере қойған жоқ. Таяуда Беларусь пен Литвадан жеңіліп, Ұлттар лигасының тобында соңғы орын алғанымызды ешкім ұмытпаған болар.

Қарсыластар не дейді?

Жеребе рәсімі біткеннен кейін қарсылас құрамалардың өкілдері Қазақстан құрамасы туралы пікірлерін айтты. Мысалы, Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам Қазақстанның алыста орналасқанын атап өтті.

"Біз Украина мен Финляндия құрамаларын жақсы білеміз, өйткені біздің команда олармен жақында кездесті. Бірақ біз, мысалы, Қазақстанда ешқашан ойнаған емеспіз. Ол жаққа сапар өте ұзақ болады. Матчтардың кестесін білу үшін ертеңге дейін күтеміз. Бұл қосымша қиындықтар тудыруы мүмкін", - деді Дешам.


Дидье Дешам. © Reuters 

Ал Украина құрамасының бас бапкері Андрей Шевченко топтағы қарсыластары туралы пікірін бөліскен.

"Біз өте күрделі топқа түстік. Әрине, әлем чемпионы Франция құрамасымен кездесулер қиын болады. Біз оның күшін білеміз. Босния мен Герцеговина төртінші себеттегі ең мықты команда деп атауға болады. Финляндияны да білеміз - 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде осы командаға қарсы ойнадық. Сол кезде финдерге қарсы матчтар өте ауыр болды. Қазір бұл команда дамып келеді. Оның Еуропа чемпионатына жолдама алуы - алға жылжуының дәлелі. Қазақстанды да елемеуге болмайды", - деді Шевченко.

Финляндия құрамасының бас бапкері Маркку Канерва болса, Қазақстан өз алаңында ұпай жинауға тырысатынын айтады.

"Еуропа чемпионатын ескерсек, бізді наурызда бірнеше қиын кездесу күтіп тұрғанына сенімдімін. Барлық команда мықты, ал Қазақстан, ең болмағанда, өз алаңында ұпай жинауға тырысады", - дейді ол.


Маркку Канерва. © Reuters 

Босния және Герцеговина құрамасының капитаны Эдин Джеко Қазақстан құрамасын басқаларына қарағанда жоғары бағалады.

"Франция - бірінші орынға ең басты үміткер. Көптеген жыл бойы өте жақсы ойнап келе жатқан Украина мен Финляндия бар. Әрине, бесінші себеттегі қарсылас бойынша жолымыз болмады, өйткені Қазақстан осы себеттегі ең мықты командалардың бірі", - деді Джеко.

Айта кетейік, ӘЧ-2022 іріктеу кезеңі 2021 жылы 24-25 наурызда басталып, 14-16 қазанда аяқталады. Ал Катарда өтетін негізгі кезең 2022 жылдың 21 қарашасы мен 18 желтоқсаны арасына жоспарланып отыр.

Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram