Абай аулындағы сұмдық: зорланған баланың әжесі жанайқайын айтты
Осыдан үш жыл бұрын Түркістан облысы Абай аулында 7 жастағы баланы зорлау оқиғасы халықтың жағасын ұстатқан. Өткен аптадан бері қазақстандықтар сол жағдайды қайта талқылап жатыр. Себебі желіде бала әлі сол ауылда тұратыны туралы ақпарат тарады. Tengrinews.kz тілшісі Абай аулына барып, баланың әжесімен сөйлесіп қайтты.
Бала Алматыда тұрып жатыр
Абай аулындағы үш жыл бұрынғы оқиға қазір қазақстандықтардың назарына қайта түсіп отыр. Сол кезде 7 жастағы бала алты ай бойы зорланғаны туралы хабар халықты шошытқан. Салдарынан 7 жастағы бала анасымен бірге Алматыға көшірілгені хабарланған. Ал күдікті ретінде бір ғана адам жеті жылға бас бостандығынан айырылған, қалған үшеуінің айыбы анықталса да, жасына байланысты жазадан құтылып кеткен.
Таяуда The Village Kazakhstan басылымы зорланған баланың әжесімен сөйлесіп, материал жариялаған. Онда бала әлі сол үйде тұратыны, отбасына ауыл тұрғындары күн көрсетпейтіні баяндалған.
Оқиғаның мән-жайын білу үшін біз де Абай аулына жол тарттық. Мақсат - отбасының жағдайын білу, бала қайда тұрып жатқанын анықтау.
Баланың әжесі басында сұхбат беруден бас тартты, бірақ тек немересінің жағдайын білу үшін келгенімізді естіп, ойынан айныды. Әжесінің айтуынша, немересі ауылда емес, Алматыда тұрып жатыр.
"Бала бұл жерде мүлдем тұрмайды. Үш айға демалысқа келгені рас. Сол 2018 жылдың наурызында кетіп, содан келген жоқ. Қазір Алматыда тұрып жатыр, мектепте оқиды. (...) Немерем үш ай демалыста келуге қақы бар. Біреуге зияны тиген жоқ, бәрі өз бақылауымда, өзім алып жүрдім", - дейді ол.
Оның айтуынша, үш жыл бұрын немересін шешесі Алматыға алып кеткен. Мегаполисте пәтері болмағандықтан, балалар омбудсмені Аружан Саин қоры есебінен жалдамалы пәтерде тұрып келеді екен.
"Зорлаған баланың анасы маза бермейді"
Іс жабылғанына үш жылдан асса да, баланың әжесіне әлі тыныштық жоқ. Зорлық істері үшін 7 жылға сотталған баланың анасы мен туыстары ішіп келіп әжесінің үйінде айқай шығарады екен.
"Әлгілер (сотталғанның анасын айтып отыр - Авт.) ішіп келіп, жанжал шығара бергеннен кейін қорқып қалғанбыз. Содан есікті жауып қоямыз. Керек болса, ашамыз, ашпай қойған уақытымыз болмаған ешкімге. Ауыл тұрғындары мені жаман көретіндей мен не істедім? Жаманшылық жасағаным жоқ. Бірақ баланың жақындары, көршілері мені ұнатпайды. "Неге сен шындықты шығардың?", "Біреудің баласын неге сен қаматасың?", "Қандай ақың бар? Жала жаптың" дейді. Ал мен бәрін заң жүзінде істедім. Бірақ олар соны мойнына алмай, бұрмалайды", - дейді ол.
"Ал сізге әкімдіктен шенеуніктер қысым көрсетіліп жатыр ма?" деген сұраққа ол бірден ешқандай қысым жоғын айтып жауап берді.
"Шенеуніктер қысым көрсетіп жатқан жоқ. Мен олардан жәрдем сұрап барсам, полицияға бар дейді. Ал мен полицияға барғым келмейді. Мен полициядан көңілім қалған. Баланы зорлағанда алты ай бойы ешкім жәрдем бермеген маған. Тіпті маған арыз жаздырмаған. Қорыққанымнан арыз жаза алмай 6 ай жүргенмін", - дейді ол.
Баланың әжесі қазір жағдайы жақсы екенін айтады. Тек сотталған баланың анасы мазалайтынын тағы айтты.
"Мен Өзбекстаннан көшіп келдім. Бірақ Қазақстан азаматымын. Сол үшін, жерлік болмағаным үшін өсек көп тарап жатыр. Өзім зейнеткермін. Дәл қазір бізге ешқандай жәрдем керек емес. Үй де керек емес. Бізге тек баланың анасы (сотталған ер адамның анасын айтады - авт.) тыныштық берсе болды. Кеше Adal, Nur Otan партияларынан келіп, көмек көрсетейік пе деп сұрады. Бас тарттық. Ештеңе керек емес. Бізге туыстарымыз ақша жинап, баспана алып бергісі келіп жатыр" - деді баланың әжесі.
Зорлаған баланың туыстарына шара қолданылған
Үш жыл бұрын осы отбасына көмектескен адвокат Құрманғазы Мүсір баланың әжесімен әлі байланыста. Адвокат сотталған баланың анасы мен туыстары кейуанаға маза бермей жүргенін растады.
"Кінәлі болып, сотталған баланың туыстары әженің пәтерінің үстінде тұрады. Екі қабатты үйдің жоғарғы қабатында. Олар үнемі арақ ішкен кезде, мас болғанда әженің мазасын алады, қорқытады. "Өлтіремін" деп үрейін ұшырады, балағаттайды. Бұл бойынша бір емес, бірнеше рет полицияға шағымданған. Полиция туысын әкімшілік жазаға тартқан болатын. Бірақ айыппұлды төлеп, қайтып келе береді. Әжеге ана жерде өмір сүру қиын болып жатыр", - дейді ол.
Адвокат отбасының қазіргі жағдайын, әжесі қай жерде жұмыс істейтінін айтты.
"Бұл кісілер қылмысқа немесе жаман қылыққа бейім адамдар емес. Заңмен жүретін, тәрбие көрген кісілер. Теріс қылықтары жоқ. Еш жерде есепте тұрмайды. Үйінде бір емес, екі мүгедек бар. Күні бойы 2-3 мың теңгеге базарды тазалайды. Жағдайы өте нашар", - деді Құрманғазы Мүсір.
Тұрғындар не дейді?
Ауылда баланың әжесіне осы оқиғадан кейін әлі қысым жасалып жатыр деген ақпарат болған соң жергілікті тұрғындармен әңгімелестік. Көбі бұл жайдан бейхабар екенін немесе оқиғаны бүгінде ұмытып кеткенін айтады. Бірақ әжесіне ешқандай қысым жоғын айтқандар да болды.
"Әркім әртүрлі айтады. Оларды ұнатпайтындар бар. Негізінде, Абай аулын масқаралады ғой. Ал бала қазір Алматыда, жағдайы нашар дейді, білмейміз", - дейді тұрғындардың бірі.
"Жақсы, заман тыныш, отбасына қарсы емеспіз", "Ондай нәрсе жоқ, беймарал, ешкім қарсы емес", - дейді тұрғындар.
Әженің қазір басты проблемасы - біреу. Басқа жерге қоныс аударып, зорлаған баланың туыстарынан құтылу. Басқа көмек керек емесін айтады. Ал әзірше құқық қорғау органдары үнсіз.
Фото: Жасұлан Нұрқасымов