10 октября 2019 13:01

Интим-видеолар, пираттық әндер, 27 жастағы миллиардер. "ВКонтакте" қалай дамыды?

Бүгін қазақстандықтар арасында танымал әлеуметтік желі - "ВКонтактенің" құрылғанына 13 жыл. Осы жылдар ішінде әлеуметтік желі жүз миллиондаған адамның басын қосып, түрлі жанжалдарға тап болған. Tengrinews.kz тілшісі "ВКонтакте" желісінің құрылу тарихы мен бүгінге дейін болған жанжалдарына шолу жасайды.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бүгін қазақстандықтар арасында танымал әлеуметтік желі - "ВКонтактенің" құрылғанына 13 жыл. Осы жылдар ішінде әлеуметтік желі жүз миллиондаған адамның басын қосып, түрлі жанжалдарға тап болған. Tengrinews.kz тілшісі "ВКонтакте" желісінің құрылу тарихы мен бүгінге дейін болған жанжалдарына шолу жасайды.

Желіні ашқан кім?
Реклама
Реклама

"ВКонтакте" желісінің өмірге келуіне басты себепкер - Павел Дуров. Бұл желіні Дуров бар болғаны 22 жасында ашқан.

Негізі оның бағдарламалау саласында жоғары білімі жоқ. 2001 жылы Академиялық гимназияны бітірген, ал 2006 Санкт-Петербургте мемлекеттік университетінде филология факультетін тәмамдаған. Диплом әлі университетте жатыр - Дуров оны алмаған.

Павел 11 жасынан бағдарламалауға қызығады. Оқушы кезінде мектептегі барлық компьютердің экранына Must die ("Өлуі тиіс") деп жазып қойған. Оған мұғалімдер компьютерлерге жақындауға тыйым салса да, ол құпиясөзін тез тауып алатын.

Дуров филология факультетін тәмамдағанда 22 жаста болатын. Оқу бітірген кезде-ақ ол жаңа әлеуметтік желіні құру идеясын қолға алады. Бұған дейін студенттерге арналған интернет-жобалары бар еді. Durov.com және Spbgu.ru деген сайттар ашқан. Біріншісі рефераттарға толы электронды кітапхана болса, екіншісі түрлі тақырыптарды көтеретін форум ретінде негізделген.


Павел Дуров

"ВКонтакте" құрылғаннан кейін бес жылдан соң Дуровтың байлығы 7,9 миллиард рубльге жетіп, Ресей миллиардерлерінің тізімінде 350-орында тұрған. Ол кезде жасы 27-де болатын. Былтырғы мәлімет бойынша, Forbes Павел Дуровтың байлығын 1,7 миллиард долларға бағалаған.

Қазір миллиардер Ресейден кетіп, Сент-Китс және Невис Федерациясының азаматтығын алған. Айтпақшы "ВКонтакте" мен Дуровтың туған күндері бірдей. Бүгін Павел Дуров 35 жасқа толып жатыр.

"Facebook өз қатесімен үлгі көрсетті"

Оқу бітірген соң Дуров жаңа әлеуметтік желі туралы ойлана бастайды. Сол кезде жеті жыл көріспеген сыныптасы хабарласады. Ол АҚШ-та Тафтс университетінде оқып қайтқан Вячеслав Мирилашвили болатын. Ол Дуровқа Америкада танымал болып жатқан Facebook желісін көрсетеді. Сөйтіп, екеуі жаңа жобаны ойластыра бастайды.

Дуровтың өзі дизайннан бастап көп нәрсенің Facebook-тен алынғанын мойындайды: "Facebook өз қатесімен үлгі көрсетті".

Басында желі "Студент.ру" деп аталуы мүмкін еді. Бірақ кейін Дуров "ВКонтакте" атауын ойлап табады. 2006 жылы 1 қазанда vkontakte.ru доменін сатып алады. Кейін 10 қазанда Дуровтың туған күнінде желі өз жұмысын ресми түрде бастайды. Әлеуметтік желіге қолданушыларды көптеп тарту үшін Дуровтың командасы жарнамалық кампания өткізеді. Желіге достарын көп шақырғандарға Apple тауарлары сыйға берілді.

Сөйтіп, бір жылдың ішінде әлеуметтік желіге тіркелгендер саны 3 миллионға жетеді. Танымалдығы бойынша Ресейде 2, Қазақстанда 4, Беларусьте 7-орында болады.  Ал 2008 жылы қарашада сайт қолданушылары 20 милллионға жетті.

"ВКонтактеге" жұлдыздар да тіркеле бастады. 2013 жылы оған Голливуд жұлдызы Том Круз тіркеліп, оны Twitter желісінде хабарлаған.

2014 жылы Павел Дуров "ВКонтактенің" бас директоры қызметінен кетті. Себебі ол акционерлермен келісе алмаған, сол кезде әлеуметтік желі құрылған кездегі қағидалардың сақталмағанын айтады.

Оkeygeek.ru сайтының мәліметі бойынша, бүгінде "ВКонтакте" желісінде 445 миллион қолданушы бар. Былтырғы дерекке сенсек, Қазақстанда "ВКонтактеге" кіретін 2 миллион белсенді қолданушы бар екен.

Қауіпсіздік қызметіне қарсы шығып, компаниядан кетті

Әлеуметтік желі ашылғалы бері авторлық құқыққа байланысты жанжал көп болды. Себебі "ВКонтактеге" кез келген әнді, фильмді, видеоны автордың рұқсатынсыз сала беруге болатын. 2012 жылы АҚШ сауда өкілі ресейлік желіні пираттық контент үшін сынға алған. Сол жылы ресейлік әнші Сергей Лазарев те әндерінің пираттық түрде "ВКонтактеде" тарап жатқанына наразы болып, желіні сотқа беретінін айтқан. Компания бұл шағымды ескеріп, көп ұзамай Лазаревтің барлық әнін желіден өшіріп тастады.

Ал 2013 жылы "ВКонтакте" "қара тізімдегі сайттар" қатарына қосылып, толығымен жабылып қалған. "Қара тізімге" балалар порнографиясы, суицид инструкциясы мен парақорлыққа итермелеу секілді контент ұсынатын ресурстар кіреді. Бірақ кейін Роскомнадзор "ВКонтактенің" "қара тізімге" енуі адами фактордан болған қателік екенін айтып, желіні қайта қосты.

Жалпы, "ВКонтактені" порнографиялық видеоларға тыйым салмайтыны үшін көп сынайды. 2008 жылы желіде 14 жастағы оқушы қыздың эротикалық суреттері жарияланған топ ашылған. Бұл топқа белгісіз адамдар оқушы қыздың достары мен таныстарын шақырған. Салдарынан қыз бала мазаққа айналып, оны мектептен шығарып жіберуге дейін барған.

Ал бір жылдан соң порнографиялық видеолар таратқаны үшін ресейлік тұрғын сотталған болатын. 

Желіде ұлттық, ділдік араздықты тудыратын, фашистік топтар көп. Компания олармен күресіп жатса да, мұндай топтар әлі жұмысын жалғастырып жатыр.

2013 жылы желтоқсанда Ресей ФҚҚ "ВКонтакте" басшылығынан "Еуромайдан" тобының ұйымдастырушылары жайлы жеке мәліметтерді беруді талап еткен. Бірақ Дуров жеке мәліметтерді беру заңға қайшы әрі украиналықтарға қарсы қылмыс екенін айтып, талаптан бас тартқан. Нәтижесінде Дуров компаниядағы үлесімен қоштасып, Ресейден кетіп қалды.

Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram