03 марта 2020 | 10:41

"2 есе пайда табасыз". Мамандар атышулы ломбардтардың қалай жұмыс істегенін айтты

Даурен Ерболат Журналист
Көрнекі сурет. © Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда "Гарант 24", "Estate Ломбард", Home Avto Invest ломбардтары төңірегіндегі дау әлі басылған жоқ. Ломбард басшылары ұсталса да халық өз ақшасын қайтара алмай дал. Полиция ломбардтар ісіне қатысты арыз-шағымның саны 3 мыңнан асқанын айтады. Бүгінде ішкі істер министрлігі бұл фактілер бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі "алаяқтардың құрбаны болмау үшін нені білу керек?" деген сұраққа жауап іздеп көрді.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Қазақстанда "Гарант 24", "Estate Ломбард", Home Avto Invest ломбардтары төңірегіндегі дау әлі басылған жоқ. Ломбард басшылары ұсталса да халық өз ақшасын қайтара алмай дал. Полиция ломбардтар ісіне қатысты арыз-шағымның саны 3 мыңнан асқанын айтады. Бүгінде ішкі істер министрлігі бұл фактілер бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі "алаяқтардың құрбаны болмау үшін нені білу керек?" деген сұраққа жауап іздеп көрді.

"Халықтың жағдайы төмен"

Реклама
Реклама

GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы Мақсат Халық бұл жағдайды елдегі әлеуметтік жағдайдың төмендігімен байланыстырады.

"Халықтың табысы күнкөрісіне жетпей отыр. Сондықтан халықта басқа амал жоқ. Олар осындай әрекет арқылы пайда тауып қалуды көздейді. Яғни қолындағы қаражатын еселеп қалуды ойлайды. Ақшасы болмаса да осындай шараларға қатысып кететіндер де бар. Олар ломбардқа алтынын өткізеді немесе микроқаржы ұйымдарынан үлкен пайызбен несие алады. Салдарынан қаржы қиындығының шырмауына түседі, - дейді экономист.

Оның пікірінше, қазақстандықтар мұндай қадамға еріккеннен бармайды. Барлығы күн-көрістің қамы үшін жасалады.

"Жұлдыздар жауапкершілікті сезінуі керек"

Сондай-ақ, сарапшы әртістер мен әншілердің ломбардтарды, қаржы пирамидаларын жарнамалауы мәселені ушықтырып жіберетінін айтады.

"Ломбардтардың жарнамасында жұлдыздар жүр. Шынын айту керек, көбіне желі маркетингінде, қаржы пирамидаларының бет-бейнесінде жұлдыздар жүреді. Олар қаншама адамды артынан ертіп алады. Бірақ халықтың алдына шығып, кешірім сұрайтындары санаулы ғана. Олар да жауапкершілікті сезінуі керек", - дейді Мақсат Халық.

"Ақылға қонымсыз"

Қазақстандықтар "Гарант 24", "Estate Ломбард" және Home Avto Invest ломбардтары өз клиенттерінен депозит ретінде ай сайынғы сомадан 30-дан 40 пайызға дейін сыйақы төлеуге уәде бере отырып, салымдар қабылдаған.

Сондай-ақ, бұл компаниялар азаматтардан жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жоғары құны бойынша бөліп-бөліп сатып алған. Кейін 3-5 ай ішінде клиенттерге мәміле сомасының бір бөлігін төлеген, ал осы уақытта қабылданған мүлікті үшінші тұлғаларға нарық құнынан төмен сатқан. Ал экономист ай сайын мұндай көлемде пайда табу мүмкін емесін жеткізді.

"Сіздің мүлкіңізді нарық бағасынан 20 пайыз жоғары бағаға сатып алады. Бұл ақылға сыймайтын дүние. "Ақшаңызды айналымға салсаңыз, табысыңыз 2 есе артады. 30-40 пайызбен үстеме табыс табасыз деген әңгіме болса, оған күмәнмен қарау керек. Өзіңіз ештеңе істемей, үйде отырып, ақша табасыз деген әңгіме ақылға қонымсыз", - дейді сарапшы.

Ақшаны көбейтудің жолдары

Оның айтуынша, Қазақстан нарығында пассив табыстар бар. Бірақ оның көлемі 10-30 пайыздан аспайды екен.

"Қазақстан жағдайында ақшаның көбейтудің ең танымал құралы - банк депозиті. Оның жылдық мөлшерлемесі - 10-12 пайыз. Мысалы, жылына сіз 1 миллион теңге салсаңыз, оның үстінен 100 мың теңге табыс көресіз. Сондай-ақ, Қазақстан қор нарығынан акцияларды сатып алуға мүмкіндік бар. Бірақ білікті брокерді жалдағанның өзінде жылдық табысыңыз 30 пайызға ғана өсуі мүмкін. Бірақ одан көп емес. Ал "табысыңыз 50 пайыздан асады, кірісіңіз 2 есе артады" деген әңгіме күмән туғызады", - дейді ол.

Сонымен қатар, сарапшы халықтың қаржылық сауатын арттыру үшін ұлттық бағдарлама қабылдануы керек деген пікірде. Оның пікірінше, бұл осындай мәселелердің алдын алуға септігін тигізеді.

Алаяқтардан қалай сақтану керек?

Мақсат Халық алаяқтардың құрбаны болмау үшін өте сақ болуға кеңес береді. Ол қысқа уақыт аралығында 30-40 пайызбен пайда табу мүмкін емесін атап өтті.

"Оңай жолмен пайда табуды көздейтін қаржы мекемелері "сізбен келісімшарт жасаймыз" деп айтады. Негізінде ол маңызды құжат емес. Мұндайда азаматтар өте сақ болуы керек. "Қаржы операцияларымен айналысуға Ұлттық банк тарапынан лицензияңыз бар ма? Компанияның нақты мекенжайы қандай? Оның қожайыны кім? Әділет министрлігінде тіркелгеніңізді растайтын нақты реестрлік нөміріңіз қандай?" деген нақты сұрақтар алаяқтарды тығырыққа тірейді", - дейді экономист.

Сондай-ақ, сарапшы алаяқтарды жауапқа тарту өте қиын екенін айтады.

"Көптеген қаржы пирамидасы шетелдікі. Олар көбіне интернет арқылы жұмыс істейді немесе шетел компаниясы болып саналады. Сондықтан азаматтар ақшасын қалай шетелге жіберіп қойғанын байқамайды. Кейін кінәлі азаматты тауып, заң аясында жазалайын десе оған Қазақстанның құзырлы органдардың күші жетпейді", - дейді Мақсат Халық.

Оның айтуынша, алаяқтар табылған жағдайдың өзінде ақшаны өндіріп алу оңай емес.

"Олар өздерін банкрот деп жариялап, менде ақша жоқ дейді. Салдарынан ақшаны қайтару ықтималдығы өте төмен болып қалады", - дейді экономист.

Полиция не дейді?

Сарапшының пікірімен Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигi Алмат Акитаев келісіп отыр.

"Айына 20-30 пайызбен пайда табу мүмкін емес. Қателеспесем, екінші деңгейлі банктердегі депозиттердің жылдық пайыз мөлшерлемесі - 16 пайыз. Сондықтан өте сақ болыңыздар. Егер алаяқтардың құрбаны болсаңыз, полицияға арыз жазыңыз. Компанияға ақша салғаныңызды растайтын құжаттар, келісімшарт, түбіртек керек. Кейін бұл фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалады", - деп түйіндеді сөзін тәртіп сақшысы.

Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная