Instagram-да алаяқтар ең көп қолданатын қулықтар

17 Маусым, 16:14
0
Instagram-да алаяқтар ең көп қолданатын қулықтар -

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Instagram желісі арқылы алаяқ құрбаны болған әйел туралы хабарлама тараған еді. Елорда тұрғыны әлеуметтік желіде жалған парақша ашып, онда косметика тауарларын сататынын жазған. Бір әйел адам осы ұсынысқа алданып, сатушының Qiwi-әмиянына 280 мың теңге ақша аударған. Бірақ кейін ол тауарды ала алмаған. Осыдан кейін полицияға түскен арыз бойынша жалған парақша ашқаны үшін сатушының үстінен алаяқтық дерегі бойынша іс қозғалған. Tengrinews.kz тілшісіне заңгер Нұржан Мереев әлеуметтік желіде сауда-саттық жасамас бұрын, қандай мәселелерге назар аудару керек екенін айтып берді. 

Заңгердің айтуынша, қазіргі уақытта әлеуметтік желі арқылы, жалпы ғаламтор арқылы сауда-саттық жасайтындардың арасында алаяқтық көбейіп кеткен. 

"Негізі заңды жұмыс істейтін интернет-дүкендер тауарды қолға алған кезде ғана ақша төленетінін парақшаларында жазып қояды. Ал кез келген тауарды алмас бұрын, оның ақшасын төлеу дегеніміз нағыз білместік. Қасақана өзіңді алдаумен тең. Әлеуметтік желіде парақша ашып, оған Qiwi-әмиянды жалғап, клиенттерден алдын ала төлем алатындар жазадан сытылып кетуі мүмкін. Ол аударылған ақшаны қарыз немесе басқа да қызмет үшін аударылды деп айта салуы мүмкін. Ал алаяқтық жасаған адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін дәлелдер керек. Дәлел ретінде сатып алу туралы ұялы телефон арқылы алмасқан хаттар жарайды. Ал дәлелсіз ешқандай қылмыстық іс қозғалмайды", - дейді ол.


© Pixabay

Маманның сөзінше, әлеуметтік желі немесе интернет-дүкендер арқылы алаяқтықпен айналысатындардың тағы бір құйтұрқы әрекеті бар. 

"Онлайн саудасымен айналысатындардың кейбірі тауарды пошта бөлімшесінен қолға алғаннан кейін ғана төлем жасайтынын айтып сендіреді. Осылайша олар алаяқтыққа бармаймыз дейді. Бірақ пошта бөлімшесінде, тауар алу үшін ақшасын алдын ала толық төлеу керек. Ал ол тауардың қандай екенін тек орамасын ашқаннан кейін біле аласыз. Кейін қорап немесе ораманың ішінде тауар жарнамадағы суреттегідей емес, мүлде басқаша болуы мүмкін. Егер сатушы алаяқ болса, кейін онымен байланысқа шығу мүмкін болмай қалады. Полицияға арыз жазғанымен сатушы ұялы телефон нөмірін сөндіріп тастайды. Сондай-ақ Qiwi-әмиян немесе төлем картасына жіберілген шоттары да басқа адамның атына жазылған жағдайлар да көп кездеседі. Мұндай қылмыстық істерді ашу полиция қызметкерлеріне қиынға соғады. Ал сатушы шетелде болса, мәселе қиындап кетеді. Ондай жағдайда ақшаны қайтару тіпті мүмкін емес. Шет елдерден осындай онлайн саудамен айналысатындар өте көп", - дейді заңгер. 

Маманның айтуынша, қазіргі уақытта осындай алаяқтық көбейіп кеткен. Оған қоса алданушылар да көп.

"Меніңше үлкен сома болмағандықтан көп адам 20-30 мың теңгеге бола полицияға арыз жазуға дейін бара бермейді. Сонымен қатар бұл істің ашылуы да екіталай. Қазіргі кезде автокөліктердің хабарландыруы бар сайттарда да алаяқтық жасалып жатыр. Мысалы бір көліктің суретін қойып, кейін оған өте арзан баға белгіленеді. Алуға ниеттенген адамға сатушы одан бөлек бірнеше адамның бар екенін айтады. Егер бірінші болып алғысы келсе алдын ала төлем жасауын сұрайды. Төлем жасағаннан кейін, ол адам жасырынады және оны табу қиынға соғады. Өйткені олар да түрлі айлаларды біліп алған", - дейді заңгер. 


© Pixabay

Маманның сөзінше, кез келген әлеуметтік желідегі парақшадан немесе интернет-дүкеннен сауда-саттық жасамас бұрын, оның елімізде кеңселері бар-жоғына назар аудару керек. 

"Ол компания орналасқан кеңселерінің тіркелген мекенжайы болуы керек. Компанияның атауы мен ол туралы мағлұматтарды ғаламтордан алдын ала тексеріп алу керек. Яғни компанияға жүгінген клиенттердің пікірлерін қарау қажет. Негізі қазіргі уақытта онлайн саудамен айналысатын жеке адамдар да көбейіп кеткен. Міне, солардан сақ болу қажет. Оларға ұялы телефон арқылы байланысқа шықсаңыз, сатып алушыдан мекенжайды сұрап алады. Алматыда деп айтсаңыз, олар Нұр-Сұлтандамын деп айтады немесе керісінше. Яғни кеңсенің жоқ екенін олар осылайша жасырады. Телефонның арғы жағында айлакер және психологтар жұмыс істеп жатыр", - дейді ол. 

Нұржан Мереевтің айтуынша, ғаламтордағы кейбір сатушылар тауарларын Америкадан алдырылған дейді. Сондай-ақ сатушы затты алғанша клиенттің қыр-соңынан қалмауы мүмкін. Ал кейбір сатушылар сұраным беріп қойғаны үшін клиентке тауарды алмаса онда оны сенімсіз сатып алушылардың тізіміне енгіземіз деп қорқытандары да кездеседі екен. Заңгердің сөзінше, бұл заңсыз әркеттер. Егер адам тауарды алғысы келмесе, одан бас тартуға толықтай құқығы бар. Пошта бөлімшесінде де ғаламтор арқылы алынған тауар клиентке ұнамаса одан бас тартуға болады, тек ол үшін алдын ала төлем жасамауы керек дейді маман. 

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц