ПОДЕЛИТЬСЯ
10 августа 2020 | 09:19
Абай айтқан "бес дұшпаннан" толық арылған жоқпыз - Тоқаев
Қазақстан президенті Абай күніне орай "Абай – рухани реформатор" атты мақала жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстан президенті Абай күніне орай "Абай – рухани реформатор" атты мақала жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мақала "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланды.
"Келесі жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бірақ кезінде ұлы ойшылды қатты толғандырған кейбір келеңсіздіктер қоғамда әлі де кездеседі. Өкінішке қарай Абай айтқан "бес дұшпаннан" толық арылып болған жоқпыз.
Азаматтарымыздың арасында жалқаулық пен сөзуарлық жиі кездесетіні қынжылтады. Бұлар бұрынғыша тойқұмарлықтан тартынбай, күнделікті тынымсыз тірлікті дәріптеудің орнына, әрбір қоғамдық оқиғадан саяси астар іздейді де отырады.
Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырды. Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз оның терең ойларына, келешектің келбетіне үңілген көрегендігіне таңырқаудан жалыққан емеспіз. Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді.
Ең алдымен, білім игеру. Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады. Екінші, тәрбие мәселесі. Сондықтан, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ақынның "Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге" деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет. Үшінші, жаңа кәсіп игеру. Ақын әр қазақ өз ісінің шебері болса деп армандады.
Әсіресе бәсекелестікке толы алмағайып заманда мұның мәні зор. Абай: "Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды" дейді. Біз еңбекке, жаңа өнер игеруге деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Байлықтың да, бақыттың да кілті - өзің сүйген кәсіпте. Төртінші, ынтымақ мәселесі.
Абай әрдайым қоғамның береке-бірлігін арттыруға ден қойды. Ол "Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің - бәрі бос" деп, елді татулыққа шақырды. Біз аса күрделі кезеңді бастан өткерудеміз. Осындай сәтте бір-бірімізге қол ұшын беріп, өзара мәміле мен ынтымағымызды арттыра түсу аса маңызды. Кемеңгердің де жан-жүрегімен тілегені жұртының амандығы мен ұлтының тұтастығы еді. Сондықтан бүгінгідей қиын шақта Абай мұрасына жүгіну өте өзекті болып отыр", - делінген мақалада.
Қазақстанда Абай күні қалай атап өтіледі?
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!
Показать комментарии
Читайте также