ПОДЕЛИТЬСЯ
05 мая 2020 | 09:40
"Ақша таратып берумен ахуал түзелмейді". Тоқаев карантин мерзімі туралы мәлімдеме жасады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan басылымына берген сұхбатында карантин мерзімі қандай жағдайда аяқталатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan басылымына берген сұхбатында карантин мерзімі қандай жағдайда аяқталатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының айтуынша, індет өршіп кетпесе, 11 мамырда төтенше жағдай режімі аяқталады.
"Ерекше атап өтер жайт, карантин кезінде азаматтарымыз оқшаулануға тез бейімделді. Көптеген кәсіпорын мен мекеме қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге көшірді. Қоғамның жаңа үрдістерге дайын екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Жалпы, Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдары айқын. Елбасы бұл мәселе жөнінде Қауіпсіздік кеңесінің отырысында нақты атап көрсетті. Кез келген дағдарыс тың бастамаларды туындатады. Әрине, осы кезеңнен сабақ алып, осал тұстарымызды жетілдіруіміз керек", - деді ол.
Осыдан кейін Президент ТЖ кезінде халыққа көрсетілетін көмекке тоқталды.
"Дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін білесіздер. Ең алдымен, жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге мөлшерінде төлем жасауды ұйғардық. Жалпы, 4,2 миллион адам бұл көмекті алды. Оны екінші айда да жалғастырамыз. Бұдан бөлек, 1 миллиондай мұқтаж жан азық-түлікпен және қажетті заттармен қамтамасыз етілетін болды", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, ақша таратып берумен ахуал түзелмейді.
"Осындай күрделі кезеңде халыққа көмек көрсетілмесе, мемлекеттілігімізге сын емес пе?! Әрине, ақша таратып берумен ахуал түзелмейді. Дағдарыс жағдайында кешенді әрі жүйелі шаралар ұйымдастырған абзал. Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастыру керек. Сондықтан 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Әр өңірде инфрақұрылымдық және инженерлік жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары бар. Міне, жұмыссыз қалғандарды солардың құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұмылдырудамыз", - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент уақытша қиындыққа тап болған 1,6 миллион кәсіпкердің несиесін қайтару мерзімі кейінге шегерілгенін еске салды.
"Мұндай шара іскер азаматтарды қолдау үшін қажет. Сондай-ақ "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының қаржысы 1 триллион теңгеге дейін көбейтілді. Бұл қаражат жаңа жобаларды қайта қаржыландыруға, жеңілдік шарттарымен несие беруге жұмсалады. Кәсіпкерлер үшін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер мерзімі ұзартылды. Зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдері еңбекақы төлеу қорының міндетті төлемінен алты айға босатылды", - дейді Тоқаев.
Президент "Пандемиядан кейін теңгенің бағамы тұрақтанып, қалпына келуі мүмкін бе?" деген сұраққа да жауап берді. Оның айтуынша, басқа елдердің валюталарымен қатар біздің теңгеміздің де құны кеміп кеткені рас.
"Осыған орай, Үкімет пен Ұлттық банк жағдайды тұрақтандыру үшін нақты шаралар қабылдады. Мен квазимемлекеттік секторға экспорттан түсетін табыстың бір бөлігін ішкі нарықта сатуды тапсырдым. Сондай-ақ олар шетел валютасындағы депозиттерін еліміздің қаржы жүйесіне қайтаруда. Бұл қаражат нақты жобаларға жұмсалады. Осы және басқа да шаралар доллар тапшылығын болдырмау үшін жасалып отыр", - дейді Мемлекет басшысы.
Тоқаев нарықтық экономика жағдайында мұндай мәселені реттеу оңайға соқпайтынын ескертті. Оның үстіне, еліміздегі шетел валютасының басым бөлігі шикізатты сатудан түсетіні жасырын емес.
"Ерте ме, кеш пе, теңге бағамы тұрақтанады. Бірақ бұған сыртқы факторлар әсер етпей қоймайды. Теңгенің долларға қатысты бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынымның азды-көптігіне қарай түзелетіні белгілі. Сондықтан құзырлы органдар валюта нарығына қатысты заңсыз әрекеттердің жолын кесетін болады. Алдағы уақытта Ұлттық банк теңгенің еркін бағамы қағидатын ұстанып, Үкіметпен бірлескен жұмысын жалғастыра береді", - деді Тоқаев.
Президент күрделі кезеңнен қандай ой түйгенін де айтты.
"Төтенше жағдай күнделікті өмірімізге елеулі өзгеріс енгізді. Жоспарланған жұмыстарды, түрлі іс-шараларды кейінге қалдыруға мәжбүр болдық. Осындай кезде, ең алдымен, не нәрсенің аса бағалы екенін түсіндік. Бұл - адамның өмірі, адами қарым-қатынастар, азаматтардың денсаулығы, қоғамның береке-бірлігі. Бір-бірімізге қолдау көрсетудің қаншалықты маңызды екенін де аңғардық. Қалған дүниенің бәрін біртіндеп ретке келтіруге болады. Пандемия кезінде бүкіл қоғамымыз сынға түсті. Көптеген азаматтар қиын сәтте елге қызмет етудің озық үлгісін танытты. Бұл - парасатты патриотизмнің көрінісі. Кез келген күрделі кезең адамның жігерін жанып, рухын қайрайды. Әлемге жайылған індет тұсындағы ахуал халқымызды одан әрі ұйыстыра түсетіні анық", - деді Тоқаев сұхбатында.
Мемлекет басшысы сұхбатында пандемияға байланысты бюджет шығыны, білім беру саласындағы өзгерістер, пандемияға қарсы күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлер туралы сөз қозғады.
Айта кетейік, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың саны 4049-ға жетті. 1173 адам айықса, 29-ы қайтыс болды.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!
Показать комментарии
Читайте также