01 июля 2018 | 12:22

Әміренің жолымен: Домбыра күнін Франция да тойлады

© Instagram/Murager Sauranbayev

Қазақстан халқы 1 шілде Ұлттық домбыра күнін белсенді атап өтіп жатыр. Алайда бұл мереке жақында ғана бекітілгенімен ол тек қазақ жерінде емес, шет мемлекеттерде де тойлана бастады. Тіпті, домбыраның үні тек елдегі алты қырмен шектелмей, алты құрлыққа да жетіп жатыр деуге болады. Оған дәлел Франция қазақтарының бүгінгі домбыра күнін атап өтуі. Жалпы, домбыраны дәріптеуде Францияның өзіндік орны бар. 95 жыл бұрын Парижде алғаш рет қазақтың ұлы әншісі Әміре Қашаубаев бүкіл дүниежүзіне домбыраның мәнділігі мен сәнділігін ЭКСПО көрмесінде көрсетіп, даусымен шетелдіктерді таңдандырған болатын. Міне, содан бері домбыра әуеніне деген француздардың ықыласы ерекше.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Қазақстан халқы 1 шілде Ұлттық домбыра күнін белсенді атап өтіп жатыр. Алайда бұл мереке жақында ғана бекітілгенімен ол тек қазақ жерінде емес, шет мемлекеттерде де тойлана бастады. Тіпті, домбыраның үні тек елдегі алты қырмен шектелмей, алты құрлыққа да жетіп жатыр деуге болады. Оған дәлел Франция қазақтарының бүгінгі домбыра күнін атап өтуі. Жалпы, домбыраны дәріптеуде Францияның өзіндік орны бар. 95 жыл бұрын Парижде алғаш рет қазақтың ұлы әншісі Әміре Қашаубаев бүкіл дүниежүзіне домбыраның мәнділігі мен сәнділігін ЭКСПО көрмесінде көрсетіп, даусымен шетелдіктерді таңдандырған болатын. Міне, содан бері домбыра әуеніне деген француздардың ықыласы ерекше.

Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің кеңесшісі, Қазақстанның Халықаралық көрмелер бюросындағы өкілі Мұрагер Сауранбаевпен сұхбаттасты. Сауранбаевтың айтуынша, Франциядағы қазақтар домбыра күнін дүркіретіп атап өткен.

Реклама
Реклама

"Парижде қазақтың қара домбырасының күйі әлем елдерінің ежелгі мұралары ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген болатын. Домбыра күнін біз Франциядағы қандастарымыздың диаспорасымен, асырап алынған қазақ бүлдіршіндері мен француз ата-аналарымен, білім алып жатқан студент жастармен бірлесе атап өттік. Шарада домбыра, қобыз, жетіген сияқты ұлт асаптарында ойнап үйреніп жүрген қазақ балалары, қазақ тілі мен әндерін үйреніп жүрген бірқатар француздар өнер көрсетті. Балаларға домбыра туралы, жалпы қазақ музыкасы туралы ақпарат беріп, ой бөлістік", - деді Сауранбаев.

Оның сөзіне қарағанда, мереке күні Франциядағы Елшілікте қазақ тілі мен ұлттық аспаптарды үйрету орталығы ашылған. Енді әр демалыс сайын қазақ тілін, домбыра, қобыз, жетіген үйренеміз деген Франциядағы азаматтар Елшіліктегі курсқа қатыса алады.

"Қазақ домбырасын насиxаттау бойынша Әміре атамыз Парижде бастап берген дәстүрін, біз де ары қарай жалғастырып, төл аспабымызды дәріптесек дейміз. Ұлттық өнер туралы тек Наурыз кезінде немесе домбыра күні ғана еске алмай, күнделікті өмірімізде де жан серігімізге айналдыра білсек деген ойымыз бар", - деді ол.

© Murager Sauranbayev

Сауранбаевтың айтуынша, балаларды қазақ өнеріне баулу, тілді үйрету жұмысын Франциядағы "Қорқыт" мәдени орталығының негізін қалаушы музыкант, қазақ арулары Әйгерім Матаева мен Әйгерім Ерсайынова бастаған. Олар
Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиевтің бастамасымен ашылған орталықта өз еңбектерін жалғастырып, тіл мен ұлттық асаптарды үйрету курсын жаңа деңгейге шығаруды көздеп отырған көрінеді.

"Басында тіл білетін мұғалімдерді, аспаптарды, оқулықтарды қалай табамыз деген сұрақтар туындаған болатын. Кейіннен қуанышымызға орай, игілікті іске қолдау көрсетіп, қандастар арасынан барлығы табыла кетті. Арамызда бірнеше тіл меңгерген, өзінің үйрету әдісі бар филолог мамандар да, ұлттық аспаптарда ойнай білетін азаматтар да баршылық екен. Тек, диаспораның көпшілігі латын қарпін оқи алатындықтан, сол қаріптегі қазақ тілін үйрету кітаптары шығып жатса, оқуды жеңілдете түсер еді. Жалпы, қазірдің өзінде курсқа қызығушылық танытып, жазылып жатқан азаматтар өте көп", - деді ол.

Сауранбаевтың сөзіне қарағанда, әсіресе асырап алынған қазақ балаларының ынтасы ерекше.

"Ниетіміз, шетелдегі қандастарымыз бір-бірімен тек қазақ тілінде сөйлесіп, ұлттық өнерімізді насихаттап жүрсе.
Осы орайда, диаспорадағы аға буын өкілдерінің бір айтқаны есіме түсіп отыр. "Қазір қазақша сөйлеп, дәстүрдің сақталғанын қарап отыратын біздер көп қалмадық. Осында дүниеге келген жастардың көбі жетік өз тілін білмейді. Алдағы 10-15 жылда біздің орнымызды солар басады. Жақын арада балаларды тілге, дәстүрге бері қаратпасақ, онда қаншама жыл сақтап келе жатқан қазақылығымыздың жоғалғаны", деп жан айқайын білдірген болатын. Елшіліктегі орталықтың ашылуына ең бірінші боп қуанған сол кісілер", - деді Сауранбаев.

© Murager Sauranbayev

Сауранбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Франция аумағында асырап алынған 237 қазақ баласы бар.

"Алғаш рет қазақ балаларының шетелдік ата-аналарымен келгенін көргенде іштей қынжылған болатынмын. Тағдырдың жазуымен елде ата-ананың қамқорлығын көре алмай, шетелдік азаматтардың жанұясынан пана тапқан балалардың бейнесі жүректі сыздатпай қоймайды. Біз қашанда жесірін жылатпаған, жетімін қаңғыртпаған ел едік. Бірақ, балалар ел асып, шетте отбасымен тұрып жатқаннан кейін қазір енді қолдан келетіні, балаларға Отанымен байланысты үзбеуге тырысу, ата-аналарының балаларға тиісті жағдай жасауын қадағалау, қазақ тілі мен құндылықтарымызды үйретіп, мүмкіндігінше елімізде өтетін шараларға жіберіп отыру. Балалар қай елдің азаматтығын алса да, ол біздің қандасымыз болып қала береді. Шетелдегі әрбір қазақ баласы өзінің Қазақстан деген отаны бар екенін біліп, ұлттық құндылықтарды ұмытпай өссе деген ниетіміз", - деді ол.

© Murager Sauranbayev

Оның айтуынша, жастайынан шет тілінде сөйлеп, өзге ұлттың, жанұяның дәстүріне бейімделген қазақ балаларының болашақта қазақылық рухты сақтап қалуы оңай емес. Көпшілігі елге баруды аңсайды екен. Тіпті,  ата-аналары да елге апарып тұруға тырысады. Алдағы күндері екі бүлдіршін жазғы демалысқа елге аттанатын көрінеді.

"Балалар шетінен алғыр, зерек, таным-түсініктері өте жоғары деңгейде, өнерге құлшынысы мықты. Болашақта осы балалардың арасынан өз рухын, ұлттық болмысын жоғалтпаған, мықты тұлғалар шығады деп үміттенемін", - деді Сауранбаев.

Айта кетейік, Мұрагер Сауранбаев биыл Наурыз кезінде әйгілі Лувр алаңында домбыра тартып, оның видеосы әлеуметтік желіде тарады. 

"Менің ойымша, жалпы, дипломаттың бейнесі тек тілдерді білу немесе келіссөздер жүргізу қабілеті ғана емес, сондай-ақ, шетелде өз елі мен азаматтарының мүддесін қорғап, қандас диаспорасына қолдау көрсету және жұмыс барысында мәдениет, өнер мен дәстүр арқылы ұлттық мүддені ілгерілету қабілеті деп білемін. Кәсіби музыкант болмасақ та, Елшіліктегі орталыққа келген жастармен бар білгенімізбен бөлісіп, домбыра үйретіп тұруға тырысамыз. Домбыраны анда-санда ойнап тұрмаса, күйлерді тез ұмытып қалуға да болады. Сондықтан, мұндағы шаңырағымда, кеңсемде де домбыра ілулі тұрады. Жұмыстан бос уақыт пайда бола қалса, төл аспабымызды қолға алуға тырысамын", - деді ол.

Франция төрінде қазақ домбырасының күйі шертілген сәт.

Осы орайда "Қазақ өнерін жергілікті француздар қалай қабылдады?" деген сұрақ ойға еріксіз оралды.

"Кейде елде жүргенде домбыра, ана тілі үйреншікті дүние боп көрінгенімен, шетке шыққанда ұлттық аспаптарымызды, тілімізді шетелдіктерге танытуға деген ерекше құлшыныс пайда болады екен.
Ал биылғы Наурыз кезінде Нұрғиса Тілендиевтің "Әлқисасымен" бастап, жергілікті халық жақсы білетін Джо Дассеннің "Les Champs-Élysées" әнін домбырамен орындағанда алаңға жиналған жұрт ерекше қызығушылық танытты. Мерекелік шарадан кейін, француздар домбыра туралы сұрап, ойнап көріп жатты. Әрине, бұл аспапты қазақтай ешкім түсіне де, дәріптей де алмайды. Дегенмен, музыка десе барын салатын француздар домбыра әуеніне біраз тамсанған еді. Бұл қазақ өнеріне деген құрмет деп түсінемін", - деді Сауранбаев.

© Murager Sauranbayev

Айта кетейік, 2 шілде қазақ дипломаттарының кәсіби мерекесі. Осы орайда Мұрагер Сауранбаев та әріптестеріне құттықтау жолдады.

"Осы сәтті пайдаланып, еліміздің дипломаттарын, барша әріптестерімді атаулы мерекемен құттықтаймын. Еліміздің абыройы асқақтай берсін!", - деді ол.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная