ПОДЕЛИТЬСЯ
15 июня 2020 | 14:15
"Ауруханаға жатудан бас тартқан". Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар туралы не белгілі?
Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар саны күн санап артып жатыр. Бүгінде COVID-19 жұқтырған 77 қазақстандық көз жұмған. Олардың кейбірі туралы тың мәлімет бар, кейбірі туралы ақпарат берілмеді. Tengrinews.kz тілшісі елімізде коронавирустан қайтыс болғандар туралы баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар саны күн санап артып жатыр. Бүгінде COVID-19 жұқтырған 77 қазақстандық көз жұмған. Олардың кейбірі туралы тың мәлімет бар, кейбірі туралы ақпарат берілмеді. Tengrinews.kz тілшісі елімізде коронавирустан қайтыс болғандар туралы баяндайды.
Нұр-Сұлтанда көз жұмғандар туралы не белгілі?
10 маусымда Нұр-Сұлтанда коронавирустан төрт адамның қайтыс болғаны хабарланды. Олардың екеуі жергілікті тұрғын болса, қалған екеуі өзге өңірлерден келген. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері олар туралы деректер жария етті.
Бірінші науқас 1973 жылғы ер адам болған, ол екі апта бойы ауырған, өз бетінше емделген. Демікпе пайда болған кезде ғана стационарға келген.
"Денсаулығы нашарлауына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылды, төрт күн бойы жағдайы жақсармады, 8 маусымда қайтыс болды", - дейді басқармадағылар.
Екінші науқас 1952 жылғы ер адам, 3 маусымда жедел жәрдем бригадасы жеткізген. Жөтелген, дене қызуы жоғары болған. Өз бетінше емделген. Бес күн бойы жағдайы дұрысталмай, 8 маусымда қайтыс болған.
© Reuters
Үшінші науқас 1950 жылғы ер адам, Орал тұрғыны. Кардиологта есепте тұрған. 21 мамырда стационарға жеткізілген. 19 күн бойы жағдайы жақсармаған. 9 маусымда қайтыс болған.
Төртінші науқас 1961 жылғы ер адам, Алматы тұрғыны. Алматыдағы №25 қалалық емханада тіркеуде тұрған. 1 маусымда өзі стационарға келген. Оны бірден жансақтау бөліміне жатқызған. 10 маусымда қайтыс болған.
Қарағандыда санитар дәрігер көз жұмған
11 маусымда Қарағанды облысында санитар дәрігер коронавирустан қайтыс болғаны хабарланды. Бұл мәліметті Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдері растады.
"Иә, санитар дәрігер қайтыс болды. 1963 жылғы, бұл өңірде коронавирустан қайтыс болған алтыншы адам", - деді ведомстводағылар.
Алғашқы сынамасы теріс болған
Павлодар облысында COVID-19 жұқтырып қайтыс болған науқастың алғашқы тесті теріс болған. Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасындағылар коронавирустан қайтыс болған Баянауыл ауданының 64 жастағы тұрғыны туралы айтып берді.
Науқастың бауыры ауырған. Туыстарының айтуынша, әйелдің ұзақ уақыт бойы құрсақ қуысы ауырған, жүрегі айнып, лоқситын болған.
"26 мамырда науқасты жедел жәрдеммен шұғыл хирургиялық бөлімшеге әкелінді. Басында өкпесі қабынғаны және дене қызуы көтерілгені анықталды. Кейін ол провизорлық стационарға көшірілді. 29 мамырда COVID-19 анықтауға жасаған тестілеуі теріс болды", - деді ведомстводағылар.
Әйелді қараған кезде жүйелі қабыну ауруларының белгілері мен симптомдарын, кеуде қуысының шаншуын анықтағаны хабарланады.
© Reuters
Дәрігерлердің дерегінше, 2 маусымда COVID-19 анықтауға тапсырған тестілеуі оң болып шыққан. Әйелді инфекциялық госпиталдің жансақтау бөлімшесіне жатқызған.
"Науқастың жағдайы нашарлай түсті. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілді, мамандар кеңесті, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы Шұғыл медицина координациялық ұлттық орталығының сарапшы тобымен консилиум өтті. Қанша көмек көрсетілгені мен емге қарамастан, 2020 жылғы 11 маусымда сағат 23.30-да қайтыс болды", - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Ауруханаға жатудан бас тартқан
13 маусымда Павлодар облысында тағы бір науқас көз жұмғаны белгілі болды. 1942 жылғы әйел қайтыс болған.
"9 маусымда жедел жәрдем бригадасы науқас ес-түсін жоғалтуына байланысты стационарлық ауруханаға жеткізген. Оны нейрохирург тексеріп шықты. Тексеріс кезінде оның өкпесінде өзгерістер анықталды. Әйелге ауруханаға жату ұсынылған, ол бас тартты", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
© Reuters
Бірақ 10 маусымда науқастың дене қызуы көтеріліп, стационарға жеткізілген.
"COVID-19-ға сынама алынды, 11 маусымда келген нәтижесі теріс болды. Қарқынды терапия кезінде науқастың жағдайы нашарлады. Тиісті мамандардың консультациясы ұйымдастырылды. Қарқынды терапияға қарамастан, 2020 жылдың 12 маусымында сағат 6.30-да науқастың биологиялық өлімі тіркелді", - деді басқармадағылар.
Науқас қайтыс болардан бір күн бұрын одан коронавирусты анықтауға тағы да сынама алынған, 12 маусымда 22 сағат 20 минутта сынама оң нәтиже көрсеткен. Осылайша, науқастың коронавирустан көз жұмғаны ол қайтыс болған соң ғана анықталған.
Айта кетейік, 15 мамырдағы таңғы жағдай бойынша, Қазақстанда барлығы 14 809 адамнан коронавирус табылған. Оның 9188-і аурудан жазылған. 77 науқас көз жұмған болатын.
Показать комментарии
Читайте также