ПОДЕЛИТЬСЯ
03 июня 2020 | 12:07
Ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету: ұялы байланыс операторының жұмысы жеңілдемек
Мәжілістің жалпы отырысында ауыл тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз етуді көздейтін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Мәжілістің жалпы отырысында ауыл тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз етуді көздейтін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Заң жобасын депутат Майра Айсина таныстырды.
"Бүгінгі таңда интернет желісіне кең жолақты қол жеткізу қызметтерімен 117 қала, халқының саны 250 адам және одан асқан 3 324 ауыл қамтылғанымен, шамамен 2 мыңдай ауылда мұндай мүмкіндік жоқ. Осыған байланысты мәжіліс пен сенат депутаттары ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ауылдық елді мекендерді интернеттің қолжетімділігімен қамтамасыз ету бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы ұсынылып отырған заң жобасына бастамалық жасады", - деді ол отырысты.
Оның айтуынша, біріншіден, заң жобасы аясында мобильді байланыс желілеріне арналған антенналық-мачталық құрылыс жайлар салуға жер учаскілерін алу рәсімін оңайлату көзделеді.
"Қазіргі уақытта операторлар базалық ұялы байланыс станцияларынан салу үшін жалға алынған жер учаскесін міндетті түрде нысаналы мақсатынан өзгерту қажет. Себебі, телекоммуникация жабдығын салу 1,5-2 жылға дейін созылып кетеді. Осыған байланысты жер кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, байланыс операторларына жалға алынған жер учаскілерін де жердің санатына қарамай олардың нысаналы мақсатын өзгертпей және оңайтылған схема бойынша антенналық-матчталық құрылыс жайлар салуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді", - дейді депутат.
Майра Айсина базалық станцияларды салу кезінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы талабын алып тастау және "ҚР сәулет, қала құрылыс және құрылыс қызметі туралы" заңға толықтыру енгізу ауыл тұрғындарын мобильді байланыспен қамтамасыз ету процесін тездететінін атап өтті.
"Екіншіден, заң жобасымен жергілікті атқарушы органдардың ұялы байланыс желілерін салуға арналған орынды беруге жәрдемдесу жөніндегі құзыретіне толықтыру енгізіліп отыр. Бұл - ұялы байланыс операторлары кездестіретін негізгі проблемалардың бірі. Яғни меншік иелерінің тұрғын үй ғимараттарына немесе оларға жақын жерде орналасқан базалық ұялы байланыс станцияларын монтаждауға келісім бермеуі, заң жобасымен жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне енгізілетін толықтырулар осындай мәселелерді шешуге мүмкіндік береді", - деді ол.
Депутат жер учаскелерін электрмен жабдықтауды көздейтін заңдағы норма ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту процесіне жағдай жасайтынын айтты.
"Үшіншіден, заң жобасы байланыс қызметін көрсеткен кезде байланыс операторларын инфрақұрылымы мен жиіліктерді бірлесіп пайдалануға мүмкіндік береді. Себебі, радио жиіліктер шектеулі ресурс болғандықтан оларды бірлесіп пайдалану бір жағынан тиімді, екінші жағынан инфрақұрылым шығындарын үнемдейді. Бұған қоса, басқа операторлардың радио жиіліктерін пайдалану халықты байланыспен қамтуды кеңейтуге техникалық параметрлерді жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл халықтың сапалы және шығыны аз байланыс қызметін алуға жағдай жасайды... Заң жобасының нормаларын іске асыу 2 жылдың ішінде қазақсандықтардың 97 пайызын интернет қызметімен қамтуға мүмкіндік береді", - деді Майра Айсина.
Ол заң жобасы мобильді инфрақұрылымды дамытуға, цифрлық теңсіздікті жоюға және ауылдарда көрсетелетін барлық мемлекеттік қызметті электронды форматта алуға жағдай жасайтынын атап өтті.
Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Показать комментарии
Читайте также