ПОДЕЛИТЬСЯ
22 декабря 2020 | 13:45
"Аязда 2 шақырым жерде тастап кетті". Хаттама толтырмаған полицейлер жауапқа тартылады
Жүргізуші патрульдік полицейлер жол ережесін бұзған жерге, 2 шақырымға қызметтік көлікпен алып кетіп, сонда хаттама толтырып, қақаған қыста сол орында тастап кеткенін айтып шағымданды. Желіде оқиғаның видеосы тарады. Tengrinews.kz тілшісі Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен оқиғаның мән-жайын білді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Жүргізуші патрульдік полицейлер жол ережесін бұзған жерге, 2 шақырымға қызметтік көлікпен алып кетіп, сонда хаттама толтырып, қақаған қыста сол орында тастап кеткенін айтып шағымданды. Желіде оқиғаның видеосы тарады. Tengrinews.kz тілшісі Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен оқиғаның мән-жайын білді.
Желіде тараған видео авторының сөзінше, оны Ақмола облысы Астрахань ауданы маңында патрульдік полицейлер тоқтатып, жол ережесін бұзғанын айтқан. Кейін ереже бұзылған жерді көрсету үшін 2 шақырым жерге алып кеткен.
"Олардың көліктеріне отырдым, бірақ маған сол жаққа баратынымызды айтпады. Ереже бұзған сәтімді көлік ішінде көрсетер деп ойладым, құрылғылары бар ғой. Мені 2 шақырым жерге алып барды, әйелім мен кішкентай балам машинада қалды. Барып көрдік, қайтар кезде олар көлігіме 2 шақырымдай жер қалғанда тоқтады да, хаттама толтырамыз деді. "Көлігіме жеткізіп таста, толтыруыңа қарсы емеспін" дедім. Олар апарудан бас тартты", - дейді ролик авторы.
Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі оқиға туралы пікір білдіре отырып, жағдай керісінше болғанын хабарлады.
"20 желтоқсанда Екатеринбург - Алматы тасжолының 1158-шақырымында Астрахань ауданының Петровка ауылы маңында патрульдік полиция Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісін жол белгісін елемегені үшін тоқтатқан. Жүргізуші құқықбұзушылықпен келіспегендіктен, қызметкерлер патрульдік көлікпен жол белгісіне баруды ұсынған. Белгі қойылған жерге келгенде жүргізуші жол ережесін бұзғанымен келіспей, патрульдік автокөлікпен өз көлігіне барудан бас тартқан. Көліктен түсіп, өтіп бара жатқан көліктерді тоқтата бастаған.
Артынша жүк көлігін тоқтатып, өз көлігі тұрған жерге жеткен, полиция қызметкерлері де патрульдік көлікпен сол жерге қарай барған. Онда жүргізушімен сөйлескеннен кейін олар тек ауызша ескерту жасаумен шектелген. Осы оқиғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырмағаны үшін полиция қызметкерлері тәртіптік жауапқа тартылады", - деді ведомство баспасөз қызметіндегілер.
Сондай-ақ, полициядағылардың айтуынша, видеода аталған жерде жыл басынан бері жүргізушілер жол ережесін бұзуы салдарынан алты жол апаты болған, одан үш адам қаза тауып, 20 адам зардап шеккен.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также