ПОДЕЛИТЬСЯ
18 августа 2020 | 09:58
Азайған жалақы, жасырын той, фриланс. Пандемия қазақстандықтардың өмірін қалай өзгертті?
Әлемде пандемия жарияланғалы 6 айдан аса уақыт өтті. Сол кезден бері қазақстандықтардың көбі қашықтан жұмыс істеуге көшсе, миллионнан аса адам жұмыссыз қалды. Пандемия қазақстандықтардың өмірін қаншалықты өзгертті? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Әлемде пандемия жарияланғалы 6 айдан аса уақыт өтті. Сол кезден бері қазақстандықтардың көбі қашықтан жұмыс істеуге көшсе, миллионнан аса адам жұмыссыз қалды. Пандемия қазақстандықтардың өмірін қаншалықты өзгертті? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында.
Әсел, банк қызметкері
Алматылық Әселдің айтуынша, елде төтенше жағдай режимі жарияланған сәттен бастап олар бірден қашықтан жұмыс істеуге көшкен.
"Біз 16 наурыздан бастап қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстық. Қызметкерлердің 90 пайызға жуығы үйден жұмыс істеп жатыр. Тек басшылық лауазымдағы бірнеше адам ғана кеңседе жұмыс істеді. Өкінішке қарай, банк біз қашықтан жұмыс істеуге көшкеннен кейін бір айдан соң жалақымызды 30 пайызға дейін қысқартып тастады. Бірақ жұмыс уақыты солай қала берді, яғни 9.00-ден 18.00-ге дейін", - дейді Әсел.
Венера, сұлулық салонының қызметкері
Алматыдағы салондардың бірінде жұмыс істейтін Венера карантин және төтенше жағдай режимі кезінде табыстан айырылмағанын айтады. Ол клиенттерін үй жағдайында немесе клиенттердің үйіне өзі барған екен.
"Иә, бастапқыда осы жағдайды естігенде не істерімді білмей қалдым. Сұлулық салондары бірнеше айға жабылды. Бірде ашылып, қайта жабылды. Тұрақты жұмыс болмаса да, табыстан айырылдым деп айта алмаймын. Себебі өзімнің тұрақты клиенттерім бар, оларды үй жағдайында қабылдадым. Сұлулық салонының иесі менің клиенттерді үйде қабылдап жатқанымды білді. Салондағы кейбір аппараттарды да үйге алып кетуге рұқсат берді", - дейді Венера.
Бұрындары салонда күніне 6-8 клиент қабылдаса, үйде 3-4 клиент қабылдадым дейді.
Асқар, мейрамхана әкімшісі
Пандемия жағдайында той жасауға тыйым салынғаны барлық қазақстандыққа белгілі. Дегенмен Алматыда мейрамханалардың бірінің әкімшісі карантин кезінде бірнеше той өткізгенін жоққа шығармады.
"17 тамыздан бастап карантин жеңілдетіліп, бірнеше нысан ашылса да, той жасауға ресми түрде рұқсат берілмеді. Бірақ той жасайтындар тарапынан сұраныс болғандықтан біз бірнеше той ұйымдастырдық. Бірақ қонақ саны 80-нен аспауы керек және той күндізгі 12-ден күн батқанға дейін бітуі қажет. Себебі бізге жарық пен түрлі эффектілерді қосуға рұқсат берілмеді", - дейді Асқар.
Бірақ, оның айтуынша, бұрын 20 даяшы жұмыс істесе, қазір тек 8-10-ы ғана жұмысқа шығады. Көбі ақысыз демалыста дейді.
© elements.envato.com
Серік, ЖОО оқытушысы
Алматылық Серік қашықтан оқуға көшкен сәттен бастап біраз қиындық туғанын айтады.
"Интернет туралы айтпағанда, балаларды бірден қашықтан оқытуға көшіру кезінде біраз қиындық болды. Жаңа оқу жылынан бастап бұл кемшіліктер жойылады деп сенемін. Әсіресе, 4-курс студенттерімен жұмыс істеу қиынға соқты, себебі оларға дипломдық жұмысты қашықтан қорғауға тура келді. Одан гөрі жұмыстарын университетте қабылдау әлдеқайда жеңілірек болар еді", - дейді ол.
Серіктің айтуынша, жалақы қысқарған жоқ, бірақ алдағы оқу жылына сағат көп бөлінді.
ЖОО оқытушысы пандемия таяуда аяқталады деген сенімде екенін айтады.
Айжан, бала күтуші
Осымен 10 жыл уақыт бойынша бала күтуші болып қызмет еткен алматылық Айжан карантин басталғалы жұмыссыз отырғанын, таяуда ғана жекеменшік балабақшаға жұмысқа тұра алғанын айтады.
"Карантинде ата-аналардың барлығы дерлік үйде қашықтан жұмыс істегені белгілі. Сондықтан болар, бала күтушісіне деген сұраныс бола қоймады. Сондықтан мен жұмыссыз қалдым. 42 500 теңге де ала алмадым. Себебі мұнда ресми түрде жұмыс істеп жатқан жоқпын. Бастапқыда күніне 2-3 сағат болса да бала қарап қайтатынмын, кішкене болса да табыс көзі болды. Бір танысым кей жекеменшік балабақшаның жұмыс істейтінін айтқан соң үй маңындағы балабақшаға барып көрдім. Карантин кезі болғандықтан және топта тек 8-10 бала болғандықтан жалақы төмендеу болды", - дейді бала күтушісі.
Алтынай, стюардесса
Елордада тұратын Алтынай басшылықтың ТЖ режимі жарияланған кезде барлық қызметкерді ақысыз еңбек демалысына жібергенін айтады.
"Барлық қызметкерді ақысыз еңбек демалысына жіберді. Екі ай бағдарлама бойынша арнайы курстардан өттік. Барлығы онлайн болды. Шынын айтқанда, әріптестерімнің көбі өз еркімен жұмыстан шықты. Себебі осыншама уақыт 4-5 ай жұмыссыз табыссыз отыру мүмкін болмады. Қазір бұрынғы 3-4 әріптесім курьер болып уақытша жұмыс істеп жатыр. Кейін өз мамандығымыз бойынша жұмысқа орналасармыз дейді", - дейді Алтынай.
Оның айтуынша, бүгінге дейін әуе компания қызметкерлерінің 30 пайызы қысқартуға ұшырады.
Нұрбол, IT маманы
Елордалық Нұрбол пандемия оның өміріне еш әсер етпегенін айтады. Оған қоса, Нұрбол аудармашы болып та табыс тауыпты.
"Біздің жұмыс тікелей интернетпен байланысты болғандықтан ба бізге карантин режимі қайта жақсы болды. Бірінші кезекте ақша үнемдеу жағынан. IT маманына үйден қашықтан жұмыс істеу өте ыңғайлы сияқты. Өзінмен өзін, ешкім мазалаймды. Интернет жылдамдығы жақсы болса болды. Ағылшын тілін жақсы білгендіктен фрилансер ретінде бірнеше тапсырысты бірге ала жүрдім. Жалпы маған карантин жағымды жағынан әсер етті", - дейді Нұрбол.
Еске салайық, кеше, 17 тамыздан бастап Қазақстанда карантин талаптары жеңілдетілді.
Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар саны 103 300-ге жетті.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также