13 мая 2021 | 14:02

"Бәленбайдың түгеншелерімен" жарқын болашаққа сену қиын". АҚШ-қа кеткен қазақ қызының әңгімесі

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент
Фото: Instagram/gaukhara_j

Жақында Мәжіліс депутаттары қазақстандық жастар кейінгі жылдары шетелге көптеп кетіп жатқанын айтып, мәселе көтерді. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі шетел асқан жастарымыздың бірінен сұхбат алып, елден кетуіне не түрткі болғанын білді.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Жақында Мәжіліс депутаттары қазақстандық жастар кейінгі жылдары шетелге көптеп кетіп жатқанын айтып, мәселе көтерді. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі шетел асқан жастарымыздың бірінен сұхбат алып, елден кетуіне не түрткі болғанын білді.

Гаухар Джакупбаева 25 жаста, ҚазҰУ Журналистика факультетінің бакалавры мен магистратурасын тәмамдаған. Отандық бірнеше телеарнада жұмыс істеп, бір жыл бұрын Америкаға кетіпті, қазір Нью-Йорк қаласында тұрады.

"Басында ақша табу үшін деген ой да, ниет те, жоспар да болмады"

Реклама
Реклама

2018 жылы магистратураның бірінші курсын тәмамдағанда АҚШ-тың Вайоминг университетінен халықаралық тәжірибеден өту мүмкіндігі туды. Соның арқасында виза алдым. Елге оралғаннан кейін оқуымды жалғастырып, бірден телеарнаға жұмысқа орналастым. 2019 жылдың соңында ортақ таныстарымның балаларына көмек қажет болып, АҚШ-қа қайтып келдім. Басында тек алты айға деп ойладым, өйткені елде жұмысым болды, әрі Америкада өмір сүруге материалдық жағдайым болмады. Таныстарым тегін ағылшын тілі курсы барын айтып, білімімді дамытып келемін деп ойладым. Басында ақша табу үшін деген ой да, ниет те, жоспар да болмады. Содан алты айға жақындағанда пандемия басталып, билетім күшін жойып, бәрі жабылып қалды, визаны создыруға тура келді. Тағы екі ай сол отбасымен тұрдым. Бірақ Америка бала күнгі арманым болатын, содан әр нәрсенің бір қайыры бар дегендей, бәрін заңдастырудың қамына кірістім.

Бұған дейін Америкада өмір сүру мен үшін мүмкін еместей көрінетін, әрі отбасым қарсы болды, себебі, шетелде жағдайымды жасауға олардың жағдайы жетпейтін. Содан өзім жолын тапқанда ғана мақұлдады. 8 айдан кейін Нью-Йоркке көшіп, жұмыс, заңгерлерді іздестіре бастадым. Негізі көбі біле бермесе де, құжат алуға, мамандық бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Ол үшін, әрине, тіл білуің керек, жоғары білімің, тәжірибең болуы қажет, тіпті кейбір грин-картаға тапсыру үшін магистрлық талап етіледі. Менде бәрі болған соң, тәуекел деп тапсырып жатырмын. Алдағы уақытта, мамандық бойынша да жұмыс жасауға мүмкіндік туады деп сенемін.

"Мұнда төккен терің әр тамшысына дейін ақталады"

Бөтен мемлекет, бөтен менталитет болса да, өзімді бөтен сезінген емеспін. Бұл - армандар орындалатын ел деп айта аламын. Ең бастысы, Америка - армандарыма болашағыма деген үлкен сенім берді. Бұл елде бәрі өзіңе байланысты, төккен терің әр тамшысына дейін ақталады. Әділеттілік, жауапкершілік, сөз бостандығы, заңға деген құрмет, ең бастысы, билік - халық үшін! Яғни, халық әрдайым бірінші орында. Бірақ оңай деп айта алмаймын және Қазақстандағыдай қиын да емес, әрине, ата-анасының ақшасымен келгендер көп ұзамай қайтып жатады, ал қара жұмыс болса да еңбек еткендердің үлкен жетістіктерін көріп жүрмін. Басында қара жұмыс, бала күтуші, көмекші бола тұра, жақсы ақша жинап, әрі қарайғы болашағыңа инвестиция жасай аласың, бастысы ақшаға алданып бір орында қалып қоймау керек.

"Айлықты күтпей, қалтаңда ақша болғаны рахат, бұл сезіммен осы жақта таныстым"

Американың тағы бір бергені - қаржылық тәуелсіздік. Иә, дүкеннен қалағаныңды сатып алып, тіпті азық-түлік болса да, айлықты күтпей, қалтаңда ақшаң болғаны рахат екен. Күлкілі болса да, бұл сезіммен мен осы жақта ғана таныстым және кез келген уақытта отбасыңды қуантуға мүмкіндігің бар. Қазіргі таңда, мен өз біліміме инвестиция жасап жатырмын. Ол болашақта ақталатына сенемін.

Қызық болса да айтайын, осы елге келгелі мен өзімді-өзім бағалай бастадым. Яғни еңбегімнің, білімімнің құнын білдім. Өйткені, ол маған тегін әрі оңай келмейді. Тағы бір байқағаным, осы уақытқа дейін білім дәрежем, Алтын белгім болса да өзімді басқалардан төмен санайтынмын. Бұл білімнің бағаланбағанынан санамызда қалып қойған комплекс. Ал аузымызды ашып отырған америкалықтардың бізден артық ешнәрсесі жоқ. Керісінше, біздегі оқу бағдарламасы күрделірек, әрі кемі мүлде бөлек екі тілде сөйлейміз. Бұл біздің басқа тілге, менталитетке тез бейімделуімізге зор ықпалын тигізеді. Біздің елде көп компания шетелдіктерді "төбесіне көтеріп", миллиондап жалақы төлейді. Одан да ол ақшаны білімді қазақ баласының оқуына, тәжірибесіне жұмсасақ, одан да жақсы мамандар болар еді. Айтпағым, өз қадірімізді білейік.

"Болашақта Қазақстан дамуына тамшыдай болса да үлесімді қосқым келеді"

Қазір құжаттарымды жасатып, білімімді жетілдіріп жатырмын. Бір жақсысы, әлемнің қақ ортасы әрі ең дамыған мемлекеттемін. Бұл - зор тәжірибенің, білім көздерін ашады. Қазір, ресейлік ең үздік мамандардан "инфоөнім продюсері" курсын алдым және америкалық мамандардың да бағдарламаларын оқып жатырмын. Менің мамандығым жалпы және халықаралық журналистика. Ал елде телеарнада SMM, YouTube бойынша жұмыс істеп, телеарнаның каналы үшін YouTube-тің "Алтын батырмасын" алған болатынмын. Ендігі осы платформа бойынша тереңірек оқып, SEO бойынша маманы атанып, сонымен қатар, digital marketing саласын терең меңгерудемін.

Менің таңдаған салаларым бойынша Америка 5-8 жылға ТМД елдерінен алда. Егер бұл білімді меңгеріп, қазақстандық мамандармен бөлісуге мүмкіндігім болса, нұр үстіне нұр. Болашақта Қазақстан дамуына тамшыдай болса да үлесімді қосқым келеді. Сол үшін, ағылшын, орыс тілдерінде алған білімдерімді жетілдіріп, digital marketing, SMM бойынша қазақтілді аудиторияға арнайы курстар ашсам деген ниеттемін. Қазірде қазақстандық платформадағы сапалы, эксперттік контенттің аздығы қынжылтады. Көбі, ойын-сауық, "Қалаулымнан" алысқа бармайды. Негізі, әлеуметтік желілердің берері мол. Кез келген бизнес үшін, жеке кәсіпкерлер тіпті мамандар үшін - ақшаның көзі. Сол үшін digital marketing, SMM жаңа деңгейге өтуі тиіс. Өйткені, қазір бәрінің қолы телефонға, санасы әлеуметтік желіге байлаулы, енді неліктен оны құрал ретінде өз мақсатыңа пайдаланбасқа? Сонымен қатар, YouTube платформасы бойынша блог жүргізісі келетіндерге, арнайы мамандарға, компанияларға консультация өткізіп, желіні табыс көзіне, жарнама алаңына айналдыру жолдарын көрсете бастадым. 

"Бәрі керемет болса, адам баласы жылы төсегін тастап, жалғыз өзі жыраққа кетпейді"

Бір мәлімет айтып өткім келеді. Университет қабырғасында бірге оқыған, ең мықты деген 3-4 қыз болатын, қарап тұрсам, олардың бәрі қазір шетелде. Олар да мен сияқты тырысып көрді, Отанында. Түбі осыған алып келді. Мен оларды, "ақымақ, не жалқау" деп айта алмаймын, олар ең, ең дегендері. Тіпті өз басым мемлекеттік компанияда төрт жыл бойы тегін практикадан өтіп, түбі ол жерде жұмыс істеу туралы арманымнан бас тарттым, өйткені жан бағу керек болды. Оған себеп, "әй, мына қызды көріңдер" дейтін тірі жанның болмағаны. Ал шетелге келгенде сен бәрін нөлден бастасаң да, бәрі тек өз қолыңда! Сонымен қатар, шетелге кетіп жатқандарға негативпен қарайтындарды түсінбеймін. Егер бәрі керемет болса, адам баласы жылы төсегін тастап, жалғыз өзі жыраққа кетпейді ғой...

"Елім, жерім" деп қазынаны жымқырғанға қарағанда шетелге кетіп жатқандардың ешкімге зияны жоқ"

"Қазақпын" деп кеудесін соғып, диванда отырғандарға қарағанда, шетелде адал терімен ақша тапқандардың елге берері мол. Ол менталитет, білім, тәжірибемен қатар қаржылық жағы да. Мысалы, менің және көптеген азаматтардың Отанында отбасы бар. Олардың жағдайы, хал-ахуалы біз үшін маңызды. Яғни, олардың әл-ауқатының жақсаруына көмек қолын созамыз. Бұл да қайтарымсыз инвестиция емес пе? Егер Америкада, басқа елде болсын, қазақтар компания ашып, байып жатса, неге қуанбасқа? Солар арқылы мемлекетаралық бизнес дамиды, қазақтардың халықаралық деңгейдегі компанияларда жұмыс істеуіне мүмкіндік туады. "Елім, жерім" деп қазынаны жымқырғандардың қасында шетелге кетіп жатқандардың ешкімге зияны жоқ.

 "Бәленбайдың түгеншелерімен" жарқын болашаққа сену қиын"

Қазақ жастары елден кетпеу үшін біріншіден, білім бағалануы керек. Оқу бітіргенде "Алтын белгі" мен қызыл дипломды құшақтап, мамандық бойынша жұмыс табу қиын болды. Жұмыс берушіге сендегі ең жоғары GPA емес, "бәленбайдың түгеншесі" болғаның маңызды. Қанша жауыр тақырып болса да, әлі күнге өзекті. Бұл мәселенің түбінде білім беру жүйесінің де бүлігі білінеді. Егер білімге, дипломға, бағаға мән бермесек, университет қабырғасында сабағына жауапкершілікпен қарай алмаған адам, елдің болашағына басын қатырады деп ойлайсыз ба? Кейде оқу маңызды емес деп, ілініп-салынып бітірсек болды деп жүргендердің қоластына барып жұмыс істеуге тура келеді. Ең сорақысы, "сонша жақсы оқып еді, қызыл дипломымен жұмыс таба алмай жүр" деген әңгіме шығады. Бұған құлағымыз үйреніп кеткені сонша, жастардың ізденуге, оқуға деген құлшынысын жойып жатқанын байқамаймыз. Бір жағынан қарап тұрсаң, бұл - масқара. Сонда білімді бағалау жүйесінің ешқандай беделі де, берері де жоқ болып тұр. Ізденіс, тәжірибе, білім бағаланбайтын қоғамда "бәленбайдың түгеншелерімен" жарқын болашаққа сену қиын.

Қазақ жастары елден кетпеу үшін, екіншіден, жұмыс орындарына ашық әрі әділ бәсеке керек. Мысалы, жұмысқа орналасқың келсе, тіпті түйіндеме жіберетін пошта таппайсың. Тапқан күннің өзінде де, "сырттан келген адам", деп ашып қарамайды да. Содан таныс іздейді, алдыңғы айтып өткен проблема қайта алдыңнан шығады. Америкада көптеген компания тапқан табыстарын тиынына дейін көрсетіп, мамандар үшін талап етілетін білім деңгейі, тәжірибе барлығы жіпке тізгендей жазылып тұрады. Содан өтініш берушілер де сұрыпталады, ал одан өткендер арнайы тексерістен, бірнеше сұхбаттан өтіп барып қабылданады. Бұдан нені үйренеміз? Біріншіден, кез келген адам, студент қандай білім жинау керек екенін, нені біліп, нені меңгеруі керегін айқын көре алады. Екіншіден, ашық бәсеке бар жерде әр маманға зор жауапкершілік жүктеледі. Бәсеке бар жерде - сапа артады, жауапкершілік бар жерде - даму бар, даму бар жерде - бедел, береке бар.

"Пәтер алмақ түгілі күнделікті үш уақыт тамақ алудың өзі мүмкін емес"

Қазақ жастары елден кетпеу үшін, үшіншіден, еңбек ақталуы керек. Жұмысқа деген жауапсыздық аз жалақыдан басталады. Тапқан-таянғаны айлықтан айлыққа жетпейтін адамнан не мотивация, не өзгеріс күтесіз? Тек ағыспен аққан балықтай жүзе береді.

Адам баласына ақшамен мотивация берсең, қалауын тауып қарды жандырады. Қалай айтылса да, бұл - ақиқат. Әркім жақсы өмір сүргісі келетіні анық. Ал ол тікелей ақшаға тіреледі. Егер даму үшін, зор жауапкершілікті көтере білу үшін ақша мотивация болмаса, басқа ешнәрсе адамды алға жылжыта алмайды. Еңбектің едәуір құны болып, оған жету үшін белгілі бір деңгей керек болса, бәрі дамиды.

Біздің елде еңбектің ақталмайтынын немесе жалақының тым төмен екенін өз мысалымнан айта аламын. Жоғары білім, магистр дәрежесі бола тұра телеарнаға таныссыз жұмысқа орналасқан күннің өзінде өмір сүру үшін қосымша жұмыс істеуге тура келеді. Қазақстандағы кейінгі жыл өзіме ауыр болды. Магистратура, диссертациямен қоса үш жұмысты алып жүрген кездер еді. Бес айда бір күн демалып, күніне 3-4 сағат ұйықтап тапқан таянғаның магистратураның шәкіртақысымен қосқан күннің өзінде мың долларға жетпейді. Әрине, егер ата-анаң пәтеріңді алып беріп, көлік мінгізсе, ол - басқа әңгіме. Ал әкесіз өскен, әрі артыңда 30-40 мың теңге жалақыға күнін көріп отырған анаң және мектепте оқитын бауырың барда пәтер алмақ түгілі күнделікті үш уақыт тамақ сатып алудың өзі мүмкін емес. Америкаға екінші мәрте келуге және қалуға осы жағдай да себеп болды. Шыны керек, 30 жасқа дейін пәтер жалдап, біреумен бөлмені бөлісіп өмір сүргім келмеді. Ал қарапайым отбасынан шыққан, өзінің болашағы үшін жалғыз өзі жауапты жастарға өте қиын. Оны көбі түсіне бермейді. Білім, тәжірибе, еңбектің құны болмағаны ғой сонда.

Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная