ПОДЕЛИТЬСЯ
26 февраля 2020 | 15:29
"Бұл - екінші үйіміз". Режеп Ердоған Қазақстан туралы не айтқан?
Бүгін Түркия президенті Режеп Ердоған 66 жасқа толды. Ол Түркия басшысы атанған алты жылында Қазақстанмен тығыз байланыста болып келеді. Қазақстан туралы түрлі мәлімдемесі бар. Tengrinews.kz тілшісі Режеп Ердоғанның өміріндегі қызық деректер мен Қазақстанға қатысты мәлімдемелерін жинады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бүгін Түркия президенті Режеп Ердоған 66 жасқа толды. Ол Түркия басшысы атанған алты жылында Қазақстанмен тығыз байланыста болып келеді. Қазақстан туралы түрлі мәлімдемесі бар. Tengrinews.kz тілшісі Режеп Ердоғанның өміріндегі қызық деректер мен Қазақстанға қатысты мәлімдемелерін жинады.
Футболшы болуы мүмкін еді
Режеп Тайип Ердоған 1954 жылы 26 ақпанда Ыстамбұлдағы Бейоглу ауданында дүниеге келген. Әкесі Қара теңіз жағалауында күзетші болып жұмыс істеген. Ердоған 1973 жылы Ыстамбұлдағы діни лицейді тәмамдайды. Жасөспірім кезінде қаланың қауіпсіз көшелерінде лимонад пен тоқаш сатқан.
Ердоғанды әлем футболшы ретінде тануы мүмкін еді. Ол жас кезінде жергілікті клубтардың бірінде ойнаған. Түркиядағы танымал клубтардың бірі "Фенербахче" Режеп Ердоғанға келісімшартқа отыруға ұсыныс жасаған, бірақ болашақ президенттің әкесі оған қарсы болыпты. Бүгінде "Касымпаша" футбол клубының стадионы Ердоғанның құрметіне аталады.
Режеп Ердоған футболшы кезінде
Режеп Ердоған түрлі партияда, ұйымдарда қызмет еткен. Ал нағыз саяси еңбек жолы 1994 жылы басталды. Сол жылы ол Ыстамбұл мэрі болып сайланған. Бұл қызметте 1998 жылға дейін болды. Ыстамбул басшысы қызметінен кетуіне 120 күн түрмеге қамалуы себеп болған. Сот ол оқыған поэмадан "ұлттық және діни алауыздықты қоздыру" белгісін байқаған.
Кейін ол құрған партия сайлауда жеңіске жетіп, Ердоған премьер-министр болуы керек еді. Бірақ оның сотталып шыққаны бұл мақсатына кедергі келтірді. Бірақ кейін, 2003 жылы Түркия билігі заңға өзгеріс енгізіп, Ердоғанның үкіметті басқаруына жол ашты.
Режеп Ердоған жас кезінде
2014 жылы тамызда Түркияда алғаш рет бүкілхалықтық Президент сайлауы өтті, бұған дейін оны Парламент сайлайтын. Барша халық қатысқан алғашқы сайлауда Режеп Ердоған жеңіске жетті. 2018 жылы тамызда партия делегаттарының сайлауынан кейін Түркия басшысы қызметінде қалды.
"Астана - елдің өсуі мен өркендеуінің символы"
Ердоған Қазақстанмен тығыз байланысын президент болмай тұрып бастаған. 2012 жылы ол премьер-министр кезінде Қазақстанға іссапармен келген. Сонда Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысы өткен.
"Бүгінде Қазақстан тиімді және байыпты сыртқы саясатының арқасында өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға салмақты үлесін қосып келеді. Қазақстанда ұлтаралық келісім мен қарқынды экономикалық дамуды қамтамасыз ететін орнықты саяси жүйе қалыптасқан. Жаңа елорда Астана шын мәнінде елдің өсуі мен өркендеуінің символына айналды", - деген еді сол кездегі Түркия премьер-министрі.
Фото: ҚР Президентінің ресми сайты
Сондай-ақ ол қазақстандық спортшылардың 2012 жылы өткен Лондон Олимпиадасындағы тамаша жетістіктерімен құттықтаған.
"Қазақстандықтар бізді қатты қуантты"
Ердоғанның президент ретінде Қазақстанға алғашқы іс-сапары 2015 жылы сәуірде болды. Мұнда да ол жоғарыда айтылған кеңестің отырысына қатысқан. Сол отырыста ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты "түрік әлемінің ақсақалы" деп атаған.
"Қазақстанды ең маңызды елдердің бірі санаймыз, ол - Орта Азиядағы сауда-экономикалық әріптесіміз. Астана қаласының құрылысы мен басқа да жобаларда түркиялық мердігерлер маңызды рөл атқарды", - деген еді Ердоған.
Режеп Ердоған. © Reuters
Сонымен қатар, Режеп Ердоған қазақстандықтардың оны қалай қуантатынын айтқан.
"Қазақстан азаматтары демалыс орны ретінде бірінші кезекте біздің елді таңдайды. Бұл бізді қатты қуантады. Былтыр Түркияда демалған қазақстандық туристердің саны 440 мыңға жетті", - деген ол.
"Мұнда өзімізді үйде жүргендей сезінеміз"
Режеп Ердоған мен Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы қыркүйекте тағы кездескен. Кездесу барысында Түркия президенті Қазақстанды өзінің екінші үйі екенін айтқан болатын.
"Қазақстан туралы алғаш рет Алматыда жүріп білдім. Қазір жаңа елорда - Астананы көрдім. Бұл жерді өзіміздің екінші үйіміз деп санаймыз. Мұнда өзімізді үйде жүргендей сезінеміз. Біз барлық салада - экономика, мәдениет, әскери және саяси алаңда өзара қарым-қатынсамызды дамытуға тырысамыз. Еліміз арасындағы тауар айналымы - 2 миллиард доллар. Ендігі мақсатымыз - көрсеткішті 5 миллиард долларға дейін жеткізу", - деген еді Түркия президенті.
Сонымен қатар, Ердоған сол іссапары барысында Қазақстанға терроризммен бірге күресуді ұсынған. Себебі бірнеше ай бұрын Түркияда теракт болып, Ердоған Қазақстанға жоспарлаған ісапарын кейінге шегерген еді.
Президент ауысуы, Арыстағы жағдай - Ердоған назарында
Режеп Ердоған Қазақстанды түрлі оқиғамен құттықтап тұруды ұмытпайды. Түркия басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Жаңа жыл, Наурыз, Құрбай айт мерекелерімен жиі құттықтайтын. Елдегі маңызды оқиғаларды да бақылап отырады. Мысалы, былтыр Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланғанда, елдің жаңа басшысын құттықтаған еді.
"Қазақстанның тыныштық пен тұрақтылық жолындағы қадамдарын одан әрі жалғастыра түсетініне және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қоса беретініне күмәнім жоқ. Халықтарымыз арасындағы тарихи және ежелгі достыққа негізделген Түркия-Қазақстан қарым-қатынастары Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мырзамен біздің бірлескен күш-жігеріміздің арқасында жоғары деңгейге жетті. Осы орайда, елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды барлық салада одан әрі дамыту үшін жұмыс істеуге дайын екенімді атап өткім келеді", - делінген жеделхатта.
Режеп Ердоған. © Reuters
Кейін Арыстағы оқиға да Ердоғанның назарынан тыс қалмады.
"Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс салдарынан адамдардың зардап шеккендері туралы ақпаратты зор күйзеліспен қабылдадым. Қазақстан халқының ауыр қайғысына ортақ екенімізді білдіремін. Түрік халқының және жеке өзімнің атымнан қымбатты бауырым Сізге, бауырлас қазақ халқына, қаза болғандардың жақындарына қайғырып көңіл айтамын", - делінген Түркия президентінің жеделхатында.
Түркия Президенті зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірген болатын.
Биылғы Жаңа жылда да Режеп Ердоған Тоқаев пен қазақстандықтарды мерекемен құттықауды ұмыт қалдырған жоқ.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также