ПОДЕЛИТЬСЯ
06 января 2021 | 10:21
"Бұл - қазақстандық жол". Дархан Мыңбай Президенттің мақаласы туралы
Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" мақаласы туралы ой-пікірін білдіріп, бастамаларына қолдау көрсетті. Tengrinews.kz депутаттың пікірін жариялайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" мақаласы туралы ой-пікірін білдіріп, бастамаларына қолдау көрсетті. Tengrinews.kz депутаттың пікірін жариялайды.
Әуелі, "Тәуелсіздік бәрінен қымбат!" дейтін адамдарымыздың әрқайсы қазақ халқына қымбат екенін білу - ортақ парыз. Азаматтықты танытуда, әділеттілікті орнатуда, сабақтастықты сіңіруде мемлекеттік дәстүр осылай қалыптасады, дамиды. Ғасырға татитын отыз жыл ішінде өркендеу жолымызды үш кезеңге бөліп қараса да, біздің ұрпақтың маңдайына бұйырған кезеңнің бақытты күндері мен ұйқысыз түндерін, мың толғандырған мазасыз сәттерін жүз санап шықса да жарасады. Өйткені, бұл - өзгені қайталаған басқаның соқпағы, біреудің сүрлеуі емес, бұл - Қазақстандық жол, яғни сіз бен біздің тарихымыз, біздің дастанымыз.
"Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан, Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік", - деп жазды өзінің тарихи мақаласында екінші президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев.
Егемен ел атану адамдардың бойында азат сана-сезімді бірден қалыптастыра алмайды. Оның жүгі зіл батпандай ауыр, қысқа-ұзақтығы уақытпен шектелмейді. Тіршілік үшін қажеттігі ауа тәрізді. Қысқасы, мұндай өтпелі дәуірді бастан кешіру тегеурінді жүректі, төзімді жүйкені, орасан зор еңбекті, сабыр мен шыдамдылықты талап етеді. Сондықтан, еліміздің соңғы отыз жылының бедерінде қазақ халқының өлгені тіріліп, өшкені жанғаны аян, әлі де тиянақталмаған шаруа шаш-етектен, рет-ретімен жоғымыз табылып, барымыз бағаланып келеді. Алайда, құбылған әлем жарысында елдің аты бәйгеден көрінуі үшін оразды елдердің арасында беделге ие болатындай күш-қауқар, темірдей тәртіп, бейімді нарық пен өтімді парық болуға керек. Ал мемлекеттілікті ұдайы дамыту, нығайту, елдегі барлық саланы жан-жақты бәсекеге қабілетті ету қоғамдық сананы ұдайы жаңғырту арқылы ғана жүзеге асады.
Сонымен бірге біздің құндылықтарымызға төніп тұрған қауіптерден сақтануға да тура келеді. Қызғаныш, күншілдік, ашкөзділік сияқты мүдделердің әлемдік сипат алғаны қазіргідей ашық қоғамда жасырын емес. Жазушы Шерхан Мұртаза жиі айтатындай,
"Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететінін" ұмытуға әсте болмайды. Мұны да президент
Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсетті: "Экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау - барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі". Ескерген ел есе жібермейді. Бұған, әсіресе, болашақ ұрпағымызды сақадай сай ету үшін қандай қам-қарекет жасау керек?
Тәуелсіздіктің бәрінен қымбат, баршасынан жоғары тұратынын жастардың санасына орнықтыру - мемлекет үшін де, әрбір отбасы үшін де кезек күттірмес міндет. Оның аспаннан салбырап түсе қалмағанын ұғындырса, қадірін білгеннен кейін ғана қолда барымызды қызғыштай қоритын болады. Президенттің бұл мәселеге кино саласының мамандарын тартуды ұсынуында үлкен мән бар. Өйткені қазіргі заманда саясаттың ықпалды құралына айналған өнердің мүмкіндігі ұшан-теңіз. Бұл жастардың сана-сезіміне тезірек әсер ету жолы. Расында, сонау Алтын Орда заманынан бері қарай бүгінгі Ақ Ордаға дейін қаншама тарихи оқиғалар өтті. Одан басқа, мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясын ту етіп, кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінің әрқайсысы бір киноға арқау болары сөзсіз. Тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында, шейіт болған біртуар тұлғалар қаншама? Аштық пен ашаршылық құрбандарын да бүгінгі жастар білуге тиіс.
Тарихымыздың ақтаңдақ беттеріне қатысты мәліметтерді білікті мамандар мен ғалымдар ғылыми ұстаныммен жүйелі зерттегенде ғана әділетті баға берілмек. Жалпы еліміздің толыққанды көп томдық тарихын жазуды Елбасының өзі тапсырғанын білеміз. Өкінішке қарай, мемлекеттік маңызы бар, оқулық сипатындағы іргелі еңбек әлі кешеуілдеп жатыр. Президент жазғандай, оның олқылықтарын түзелген тұжырымдамасы пысықталуға тиіс. Сонан соң, нақты мерзімі белгіленсе, толымды нәтижесі - кітаптың жарыққа шығуы - мемлекеттің абыройы болмақ. Мұндай жауапты істе ұраншылдыққа, эмоцияға жол берілмеуге тиіс. Осыған байланысты ел Президенті:
"Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары - Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек" деп жазған мақаласында 1991 жылы Семей полигоны жабылуын, Елбасы қол қойған Жарлықтың арқасында Қазақстан бүкіл дүние жүзіне ядролық қару-жараққа қарсы әлемдік қозғалыстың көшбасшысы болып танылғанын, алып мемлекеттердің сеніміне ие болып, халықаралық қоғамдастықта жауапкершілігі жоғары ел ретінде мойындалғанына мән берген.
Отыз жылдағы жасампаздық жолымызды ең алдымен өзіміз құрметтеуге тиіспіз. Сонда өзгелер бізбен санасатын болады.
Показать комментарии
Читайте также