ПОДЕЛИТЬСЯ
17 января 2022 | 11:58
"Бұйрықтың аты - бұйрық". Желіні тәнті еткен сарбаз туралы не белгілі?
Ақтөбеде митингке жиналғандардың айтқанына көнбей, антына адалдық танытқан сарбаз Ұлан Мырзабайдың видеосы Желі қолданушыларын тәнті еткен болатын. Жігіт әжесі Шынар Қарабатырқызының қолында өскен. Ол Ұланның бала кезінде қандай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Ұлттық ұланы "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Ақтөбеде митингке жиналғандардың айтқанына көнбей, антына адалдық танытқан сарбаз Ұлан Мырзабайдың видеосы Желі қолданушыларын тәнті еткен болатын. Жігіт әжесі Шынар Қарабатырқызының қолында өскен. Ол Ұланның бала кезінде қандай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Ұлттық ұланы "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлан Мырзабай - былтыр Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланның әскери институтын тәмамдап, Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде қызмет етіп жатқан лейтенант. Сол күні Ұлан Мырзабай Ақтөбе облыстық әкімдігі ғимаратының алдында алдыңғы шепте тұрған.
Оның сөзінше, басында бәрі тыныш болған.
"Біз митингке қатысушылардың талап-тілектерін айтуға қарсылық танытпай, керісінше оларды қорғап тұрдық. Бірақ кейін оқиға басқаша өрбіді. Кей адамның әрекеттері түсініксіз болды. Қолдарында тас, таяқ, арматура, Молотов коктейлі болды. Кенет алдыңғы шепте тұрған маған бірнеше белсенді жақындап келіп видеоға түсірді, мені өз жақтарына шығаруға үгіттеді. Антыма адалдық таныттым. Бұйрықтың аты бұйрық екенін айттым. Отанымызды абыроймен қорғауға ант бердік. Еліміз тұрғындардың қоғамдық қауіпсіздігін сақтауды сеніп тапсырды. Сол сенімге лайық болу керек. Мен өз Отаныма адал қызмет етемін", - дейді Ұлан тілшілерге берген сұхбатында.
Ұлан - Алматы облысына қарасты Қапшағай қаласының тумасы. Ол әжесі Шынар Қарабатырқызының қолында өскен. Әжесіне Ұлттық ұланның "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреевтің атынан алғыс хат, арнайы сый-сияпаттар мен Ардагерлер кеңесі атынан "Отан қорғаушының анасы" кеуде белгісі табыс етілді.
Шынар Қарабатырқызы Ұлан 3-4 жасар кезде анасы, яғни келіні науқастан қайтыс болғанын айтты. Кейін ұлы да сырқаттанып, ұзақ уақыт ем алуға тура келген. Содан балаларға жұбайы екеуі қамқоршы болған.
"Немерелерім - Ұлан мен одан үш жас үлкен әпкесі Жұлдыз екеуінің қамқоршысы болып атасы екеуіміз қалдық. Балаларды бірден қолымызға алып, тәрбиесімен өзіміз айналыстық. Бірақ көп ұзамай, ақсақалым да дүниеден өтіп кетті...", - дейді ол.
Қапшағай қаласының байырғы тұрғыны ұзақ жылдар бойы балық шаруашылығында технолог болып қызмет еткен. Зейнетке шыққаннан кейін де, тәрбиесіне алған балаларды жеткізу үшін темір жолда біраз жыл жұмыс істеген.
"Ұлан кішкентайынан елгезек болып өсті, айналасына қолғабыс жасауға асығып тұратын. Біреудің ала жібін аттау, алдау, өтірік айту сияқты жат қылықтардан ада еді. Сабағын өте жақсы оқыды. Менің қолымда басқа немерелерім де бар еді. Өзінен кішкентайлардың бәріне қамқоршы аға болып өсті. Әкесіне деген құрметі де ерекше. Ұлан 6 сыныпқа барғанда, оны астанадағы "Жас ұлан" мектебіне бердім. Мұның негізгі себебі, Ұланның өзі әскери болуды қатты армандады. Ұланымның осы қалауын құптап, әрі жасөспірім шақта болашағына дұрыс бағыт беру жауапкершілігін түсініп, әскери мектепке жетектеп апардым. Мектепті бітірген соң, Ұлттық ұланның әскери институтына түсті.
Бүгін, міне, офицер болып қызмет етіп жүр. Баламның әр жетістігі мен үшін зор қуаныш! Мен үйде балаларымның амандығын тілеп отырамын. Алла тіл-көзден, пәле-жаладан сақтасын. Ұланыма және оның өзі сияқты қызметтестеріне амандық-саулық, Отан қорғау жолындағы қызметтеріне табыс, мықты қажыр-қайрат тілеймін!" - дейді Шынар Қарабатырқызы.
Суреттер: ҚР Ұлттық ұланы "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также