ПОДЕЛИТЬСЯ
12 августа 2020 | 13:22
"Дүние жүзінде 26-орында". Қазақстанда коронавирусқа байланысты жағдай қандай?
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 100 мыңнан асты. 11 тамыздағы жағдай бойынша, 74 мыңнан аса адам аурудан айыққан, 1269 адам қайтыс болған. Еліміздегі коронавирус жағдайы туралы осыған дейін не белгілі? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 100 мыңнан асты. 11 тамыздағы жағдай бойынша, 74 мыңнан аса адам аурудан айыққан, 1269 адам қайтыс болған. Еліміздегі коронавирус жағдайы туралы осыған дейін не белгілі? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі баяндайды.
11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2019 жылдың 31 желтоқсанында мәлімденген коронавирустың жаңа түрін пандемия деп жариялады. Бұл туралы Женевадағы брифингте ұйымның Бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесус мәлімдеді.
"Біз COVID-19 пандемия ретінде сипатталуы мүмкін деген бағалауға келдік", - делінген Twitter-дегі ДДҰ парақшасында.
Қазақстанда алғаш коронавирус 13 наурызда Германиядан келген 1974 және 1984 жылғы екі азаматтан анықталды. Олар бірден Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Айта кетейік, оның алдында Алматының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Қазақстанда коронавирус 11-16 наурыз аралығында пайда болуы мүмкін екенін айтқан болатын. 26 наурызда Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы екі науқас ауруханадан шығып, сол күні алғашқы өлім жағдайы тіркелді. Ол - Ақмола облысындағы Қосшы аулының тұрғыны, 64 жастағы әйел адам.
Вирустың таралуын тоқтату мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 16 наурыз бен 15 сәуір аралығына алғашқы төтенше жағдай режимін енгізді. Сөйтіп, Президент сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметінің жұмыс істеуіне, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салды.
Алайда бұл шектеуге қарамастан Қазақстанның түкпір-түкпірінде карантин кезінде үйлену, ұзату, мерейтойларды өткізу деректері әлі де тіркеліп жатыр.
Сауда орталықтарындағы ойын алаңдары жабылды - министр
Артынша 14 сәуірде Тоқаевтың үкімімен төтенше жағдай және карантин режимі 1 мамырға дейін ұзартылды.
Көп ұзамай мектеп оқушылары қашықтан оқу режиміне көшетіні белгілі болды.
CОVID-19 коронавирусының таралуының алдын алу мақсатында Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысында: "6 сәуірден бастап барлық орта білім беру ұйымдарын қашықтықтан оқытуға ауыстыру туралы" хабарланған.
Мектеп оқушылары биылғы оқу жылын қашықтан оқып, аяқтады. Карантин және санитарлық жағдайларға байланысты биыл түлектер мектеппен ерекше қоштасты.
17 шілдеде Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус пен пневмония статистикасы тамызда біріктірілетінін мәлімдеген болатын. Министр елімізде 1 қаңтар мен 15 шілде аралығында 234 187 пневмония дерегі тіркелгенін атап өтті. COVID-19 бойынша жаңартылған статистиканың алғашқы нәтижелері 2 тамызда жарияланды.
Қазақстанда коронавирус бойынша статистика қалай біріктіріледі?
Қазақстандық вакцина
Қазақстандық ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцинаны әзірлейтіндері туралы наурыз айында белгілі болды. Оны Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты мен Ұлттық биотехнология орталығы әзірлеп жатыр.
Коронавирус: вице-министр бірінші кезекте кімдерге екпе салынатынын айтты
18 мамырда Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізу басталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың әзірлемесін тіркеуге алып, клиникаға дейінгі сынақтан өткізуге рұқсат берілген кандидаттық вакциналардың тізіміне қосып, өз сайтында жариялады. 1 тамызда елімізде коронавирусқа қарсы алғашқы екпе салынды. Препаратқа COVAX-19 атауы берілген. Ал Қыркүйекте қазақстандық вакцина адамдарға сынала бастайды. Бұл туралы 4 тамызда ветеринария ғылымдарының докторы және коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны әзірлеуші Лесбек Күтімбетов мәлімдеді. Қазір тек белсенді емес вакцина дайын.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтің сөзінше, келешекте әрбір оныншы қазақстандық коронавирусқа қарсы вакцинаны тегін ала алады. Қазақстанда адын ала есеп бойынша, 2 182 000 адамға вакцина тегін беріледі. Бұл - жалпы халық санының 11,5 пайызын қамтиды. Министрлік тегін екпе алатын халықтың санын 20 пайызға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
"2,1 миллион адамға тегін беріледі" - коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина туралы не белгілі?
Бүгінгі жағдай қандай?
Worldometers сайтындағы мәліметке сүйенсек, бүгінде Қазақстан - дүние жүзінде коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Канада және Катардан кейінгі 26-орында тұр. Елімізде COVID-19 жұқтырған науқастардың саны 100 855-ке жетті. Оның 74 677-сі аурудан айыққандар, жалпы 1269 адам қайтыс болған.
Ал коронавирус белгілеріне ұқсас пневмония 14 760 адамнан анықталған, оның ішінде, 181 адам қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың сөзінше, карантиннің бес аптасында коронавирус жұқтыру дерегі 100 мың адамға шаққанда 56,73 адамнан 36,2-ге дейін төмендеген. Министр өлім-жітім саны да азайғанын айтады. Қазақстанда карантинді жеңілдетуге қатысты пікір білдірген Цой былай деген еді:
"(...) Карантинді жеңілдету қоғамдық орындарда маска режимі мен гигиенаны қатаң сақтай отырып, сондай-ақ барлық ақпараттық арна бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз ету арқылы жүргізілуі тиіс", - деді Цой Үкімет отырысында.
Айта кетейік, карантинді кезең-кезеңімен жеңілдету бойынша қорытынды ұсыныс комиссияның бейсенбі, 13 тамызда өтетін отырысында айтылады.
Вопрос от редакции
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также