03 июля 2018 | 17:51

Ене мен келін арасындағы тату-тәтті қарым-қатынастың құпиясы

© anabol.kz

Алматыда тұратын 67 жастағы Зейнеп апа он бес жыл бойы келіндерімен бір шаңырақтың астында тұрып, ешқашан келіндерімен сен десіп, ұрсысып көрмеген. Үйінде он немересі, бес келіні бар зейнеткердің отбасының айрандай ұйып отрыған құпиясы неде, қалай отбасы берекесін жанжалсыз ұстауға болатыны жайлы әңгімелеп берді. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Алматыда тұратын 67 жастағы Зейнеп апа он бес жыл бойы келіндерімен бір шаңырақтың астында тұрып, ешқашан келіндерімен сен десіп, ұрсысып көрмеген. Үйінде он немересі, бес келіні бар зейнеткердің отбасының айрандай ұйып отрыған құпиясы неде, қалай отбасы берекесін жанжалсыз ұстауға болатыны жайлы әңгімелеп берді. 

"Қазір енелер мен келіндердің арасындағы сыйластық пен ұят кетіп қалғандай. Бірін-бірі ғайбаттап, теріс пікірде болып, бұрыс көзқараста жүреді. Бірақ ешкім неге келін мен ене арасындағы ара-қатынас маңызды екенін, неге ол бұрыннан келе жатқан ата-дәтүр екені туралы ойланбайды екен. Отбасылық сыпайылық, ұят деген болады. Ене келіннің алдында өзін сыпайы ұстап, түсіністікпен қараса, келін ененің көңіліне кірбің келтірмей ұялып жүрсен  игі емес пе?! Жас келгенде сыр бермейтін жерің болмайды екен. Қыстың қақаған суығы. Ауруханаға жүрегім сыр беріп түстім. Келінім мен балам қарап кетуге келіп жүргенде қасымда жатқан жасы болсын, кәрісі болсын бәрі таңғалды. "Қалай келініңізге өз қызыңыздай қарайсыз?", "Балаңызды қызғанбайсыз ба?" деп таңырқай түсті. Мұның несі таңғаларлық? Биыл келінімдерінің келін болғанына он жыл болады. Ешқашан бет жыртысып, сен деп көремеппіз. Бірінші рет үйге келген кездерінде "Келінім, сені өз қызымдай көретін боламын, сөзімді түсініп алсаң жақсы, түсінбесең уақыт еншісінде" , - дедім. Ал келінім болса айтқан сөзімді екі етпей ұғына қойды" , - деді зейнеткер. 

Бүгін мәпелеп өсіріп отырған қыз, ертең ұядан ұшып жатжұрттық болады. Ал келін болып отырған қаршадай ғана қыз ертең өзі ене атанып, келін тәрбиелейді. Бұл келін мен ене мектебі, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған әйелдер арасындағы дәстүрлі мектеп. Бұрындары қазақтардың отбасында келін мен ене арасында ешқандай алауыздық болмай, сонау замандардан ғасырдан-ғасырға жетіп көне дәстүр отырған.

Реклама
Реклама


© taskala-bko.gov.kz

"Міндеттісің" деген сөз жоқ

Көп келіннің көкейінде жүрген ене мен келін арасындағы конфликтті қалай болдырмауға, шыққан өзара түсінісбеушіліктен қалай шығу керектігін "Үміт еткен көзімнің нұры-балам..." атты кітабының авторы, отбасылық психолог Назым Ділтайқызы түсіндіріп берді.

"Жаңа отау құрған келінге енесімен болатын қақтығыстардан жанап өтіп кету сирек кездеседі, ал бұл қақтығыстар көбіне бір үлгі бойынша бөлінеді. Пациенттердің бірден қойылатын сұрақ "Кім кінәлі?" мұндай жағдайларда ол сындарлы емес. Сұрақты "Не істеу керек?" деп қою неғұрлым күрделірек. Өйткені, қайын ене мен келіні арасындағы қарым-қатынас психологиясы өте күрделі. "Есті келін енеден" деген мақал бар.  Екі тарапқа психолог ретінде берер кеңесім ең бірінші келіндер бұрыннан келе жатқан мынадай ата заң бар.. Ене бірден жылы қабақ танытып, өз бауыр еті баласындай қарамайды. Қарауға міндетті емес те. Ене саған жол сілтеп, білмегенін үйретіп, ақыл-кеңесін айтады. Екіншісі бірін-бірі түзетемін деп арадағы көпірді бұзып алады. Адамды түзеткеннен гөрі оның мәселесі неде екенін ұғынып, ортақ шешімге келуі керек. Тек келін өзінің міндетін, ал ене өзінің міндетін ұмытып кетпесе болғаны. Осы қағидаттарды ұмытпасаңыз отбасылық конфликт дегенде болмайды" , - деді отбасылық психолог Назым Ділтайқызы.

Кейіпкеріміз Данараның айтуынша, енесімен тіл табысуы өте қиын. Енесіне әрдайым бірінші болып қадам жасайтын Данара күнделікті түсінбеушіліктен шаршағанын айтты.

"Мен тұрмысқа ерте шықтым. Ол кезде жасым 20-да болатын. Күйеуім де жас. Екеуміз махаббаттан басымыз айналып, отау құрайық деп шештік. Биыл шаңырақ көтергенімізге екінші жыл болады. Алғашқы жылы бәрі жақсы болатын. Енем жылы шырай танытып, білмегенімді үйретіп, ақылын айтып жүрді. Әлі күнге дейін сондай көзқараста. Бірақ мәселе ұлына яғни, менің күйеуіме келіп тірелсе енем басқа адамның кейпіне еніп кетеді. Енем баласын менен қатты қызғанады. Ол кісі баласын тым қатты жақсы көреді. Мен күйеуімнің қасына отырып, әңгіме-дүкен құрайын десем бітті "Отырысың жақсы ғой", "Қазіргі келіндер..." деп ескі жырына басады. Басқа келіндер секілді "Енеммен тұрғым келмейді", "Отбасымның тыныш болғанын қалаймын" деп ешқашан айтып көрмеппін. Бірақ мүмкін бөлек шыққанымыз жақсы ма еді?! Енем екеуміздің бір-бірімізді түсінбей жүргенімізді күйеуім білмейді. Ата-анасымен қарым-қатынасы бұзылғанын қаламаймын және күйеуім де ондай қылықтарды жақтыртпайды. Балаға анасын жамандап тұрса кімге ұнайды? Сондықтан үндемеуге тырысамын. Күйеумнің жұмысында жанжал я келіспеушіліктер туындаса кім кінәлі болып шығады? Әрине мен. Енем "Ақылына-ақыл қосып отыратын сен емессің бе, жанына серік қылып алса сенің отырысың мынау" дейді. Күйеуімнен не болғанын сұрап, дұрыс жолды сілтеп, сабырға шақырып отырсам "Қай бетіңмен дап-дардай жігітке ақыл айтып отырсың" деп зіркілдеп шығады. Бірақ менің ең басты мәселем - енем күйеуімді менен қызғанатындығы" , - деп налыды Данара.

Қызғаныш қайда болса - ұрыс-керіс те сонда

Психолог Назым Ділтайқызы ұлын келінінен қызғанатын енелердің өз міндетін шатастырып алғанын айтады.

"Ұлын қызғанады деген келер болсам, аналардың ол қылығы дұрыс емес. Себебі, сіз баланың өмірлік ұстазы болдыңыз, демеушісі болдыңыз. Енді балаңыз ер жетті, ақыл тоқатты. Сіз оны өз жолымен, жеке өміріне қол сұқпай, оны өзінің өмірімен өмір сүруге жіберіп, босатыңыз. Сосын көбінесе аналарын балаларын өзінен босатып, псиxологиялық байланысты үзу керек. Есті бала ана мен әйелінің орнын ажырата біледі. Анасын ақ сүтімен аялаған, өмір сыйлаған - адам ретінде көрсе, әйелін мәңгілік өмірлік жары ретінде, балаларының анасы ретінде қарайды. Ең бастысы өз міндетіңізді шатастырып алмай, орныңызды білсеңіз болғаны" , - деді психолог.


© zhanaqorgan-tynysy.kz

Қария ананың кеңесі

Зейнеп апаның айтуынша, балаңды келіннен қызғану орынсыз. Себебі, ана мен өмірлік жарыңның орны бөлек. 

"Бүгінде ең кіші келінім үш баланың анасы, ұлымның өмірлік серігі, аяулы жары. Келіннен ұлымды қызғану дегенге, саналы бала ананың да, келіннің де тілін тауып, екеуінің орнын ажырата алады. Ананың орны әрдайым бөлек болады. Ана сені дүниеге әкеліп, өмірлік ұстазың болса, әйелің өмірлік жарың, құлағанда сүйенішің, жылағанда жұбанышың болады. Адамдар бір затты түсінсе игі болар еді - мінсіз адам болмайды. Жамандықты іздеп, қазбалай берсең ол да бітпей шыға береді. Жалпы саналы әрі ибалы ұрпақ өсіргіміз келсе өзімізден бастаған жөн. Өсірген жемісімізге қандай күтім жасадық, өскен кезде сондай жеміс береді. Барлығын өзімізден көріп, өзімізден бастасақ абзал болар еді" , - дейді қария.

Жақсы ауылға келген келін - келін,
Жаман ауылға келген келін - келсап

Келін мен ене арасындағы қарым-қатынасты жалғап жүретін келіннің тарапынан болу керек дейді психолог. Біздің тағы да бір кейіпкеріміз Зарина бұл тұжырымды растап отыр. 

Заринаның айтуынша, келін өз тарапынан бірінші қадам жасап, ізеттілігн көрсету керек. 

"Менің шаңырақ көтергеніме 5 жылдай болып қалыпты. Осы бес жыл бойы енемнен не көрмедім. Бәрі неден басталды десеңіз, күйеуім менің артымнан төрт жыл жүгірді. Төрт жыл бойы алты рет үйленуге ұсыныс жасады. Алтауына да жоқ деген жауап қаттым. Оның соңғы алтыншы ұсынысында шарты болған. Менің жауабым жоқ болса, ол анасы таңдап қойған қызға үйленемін деген. Маған ол кезде бәрібір болған. Арада бір ай өтті. Қасымнан екі елі шықпай жүрген Жансеріктің маған деген назарын сағынғаным ба, әлде бойымды қызғаныш алып кетті ме, мен оған өзім барып ұсыныс жасауды ұйғардым. Бірақ ол кезде мүмкін үйленіп кеткен шығар, енді не істеймін деген сан ойлар кетті. Сөйтсем енді әлгі таңдап қойған қызбен таныстырайын деген кезде мен келіппін. Өзім оған ұсыныс жасап, үйленген жайымыз бар. Енем мені келін табалдырығын аттаған сәттен бастап не атымды атап, не жылы шырай танытып көрген емес. Тамақ істесем "Езіліп кеткен", "Анаң тәрбиелей алмағанда, менен не күтесің" деген сөздерді әсірелегенім емес, минут сайын еститінмін. Себебі мен әлгі таңдаған келіні емес едім. Енеме ұлға бірінші ұсыныс жасаған намысы жоқ қыз болып көрінетінмін", - деп күлді Зарина.


© pavlodarnews.kz

"Мен ше? Мен анамның ондай қылықтарына мән бермейтінмін. Әлі үйреніспеген-ау, түсінемін мүмкін ол кісінің орнында болсам мен де солай жасар ма едім деп қана ойлап, ол кісінің жақтасы болатынмын. Күйеуімнің "Бөлек шыққың келсе, қарсы емеспін. Қазір-ақ дайынмын" деген сөздеріне "Сен кетсең кете бер, мен анамды ешқайда тастап кетпеймін" деп бір күліп алатынмын. Өз анам ылғи да "Үлкенді сыйламаған адам боп жарытпас деуші еді". Осы сөздер әдбен құлағыма құйылып қалыпты. Анамның көңілін күн сайын шын жүрегіммен аулап, ауырса дәрілерін беріп, тыңдағысы келмесе де сырымды айтып, күйеуімді үйге қалдырып кетіп бірге қыдырып, анам ретінде қарап, қасынан екі елі шықпайтынмын. Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады демекші, анамның маған деген көзқарасы қазір мүлдем басқа. Қазір мені туған қызынан артық көріп, бағалап, бұрыңғы қылықтары үшін ыңғайсызданып, кешірім сұрайды. Қазір берекесі тасып отырған нағыз тату-тәтті қазақи отбасымыз.

Күнде ұрыс болған отбасыдан қалай елдер тамсана қарайтын отбасы шықты дейсіз. Бәрі мінезден, бәрі сенің қабылдауыңнан. Енеңді емес, өзіңді өзгерт. Сол кезде өмір саған қандай тосын сый жасайтынын көресің", -  деді Зарина.

"Мін жинама, гүл жина"

Психолог Назым Ділтайқызының пайымдауынша, қазір ене мен келін арасында таптаурындар қалыптасып кеткен. "Кінә енеден я келіннен деген әйелдер арасында қалыптасып бара жатқан таптаурындардан құтылу керек. Ата салтымызда келін мен ененің арасында ешқашан тақасу болмаған. Үлкен кішіге ізет көрсетіп, кіші үлкенді сыйлаған. Мінсіз адам жоқ, болмайды да. Сол мінсіз адамды іздейміз деп, бір күні қалай жалғыз қалғанымызды байқамай да қаламыз. Барымызды бағалап күміс келіндерімізді, алтындай бағалап тату болуға кеңес беремін" , - дейді Назым Ділтайқызы.

Ене де, келін де бірін-бірі сыйлап, шаңырақтың шайқалмауын ойласа, енесі келініне білмегенін үйретіп, балалығын кешіріп, қызындай көрсе, өзінің көрегендігін көрсетеді. Келін де соған қарай, құрметін көрсетіп, отбасылық қарым-қатынасқа бей-жай еместігін аңғартып, енесіне түсіністікпен қарағаны жөн. Психологтың айтуынша, ене мен келін арасындағы түсінбеушілік олардың әлеуметтік білімсіздігінен, ішкі рухани мәдениетінің төмендігінен болады екен. Бұл да көрегендіктің бір бөлігі. Сондықтан ұлттық дәстүрімізден, сана-сезімімізден, ұлтымыздан ауытқымай, өсіп келе жатқан ұрпағымыздың бойына ұлттық тәрбие ұрығын себуміз - басты міндет. 

Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная