ПОДЕЛИТЬСЯ
20 мая 2021 | 13:03
Ердоғанның дәрігері құтқарған сәбидің анасы оқиға туралы айтып берді
Наурызда желіде Түркия президентінің жеке дәрігері, депутат Режеп Шекер ұшақта қазақстандық сәбиге көмектескені туралы ақпарат тараған. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерге алғыс айтқан. Tengrinews.kz тілшісі ұшақта жағдайы ауырлаған баланың анасымен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын сұрап білді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Наурызда желіде Түркия президентінің жеке дәрігері, депутат Режеп Шекер ұшақта қазақстандық сәбиге көмектескені туралы ақпарат тараған. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерге алғыс айтқан. Tengrinews.kz тілшісі ұшақта жағдайы ауырлаған баланың анасымен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын сұрап білді.
37 жастағы Айгерім Танекенова - 5 баланың анасы. Кенжелері - бес айлық егіз ұл. Айгерімнің айтуынша, олар 27 аптада шала туған. Сол кезде дүниеге бірінші келген ұлы Ерданаға ретинопатияның 5-кезеңі деген диагноз қойылған. Яғни, көз торы қабаттанған.
Оның сөзінше, желіде талқыға түскен оқиға биыл 19 наурызда болған.
"Баламды емдеуге Санкт-Петербургке транзитпен бара жатқанбыз. Алматыдан Бішкекке, ол жақтан Ыстамбұлға, кейін Санкт-Петербургке бармақ болдық. Бішкекке дейін жақсы бардық. Сол жақтан Ыстамбұлға ұшқанымызда балам көкпеңбек болып көгеріп кетті. Стюардессадан көмек сұрап едім, көмектесе алмады, баламда ешқандай реакция болмады. Бортта дәрігер Режеп Шекер отыр екен, стюардесса баламды сол кісіге апарып берді. Ол балама массаж жасап, жасанды тыныс берді, сөйтіп, баланы оятып алды. Содан жедел түрде Анкараға тоқтадық, бізді жедел жәрдем көлігі күтіп алды. Анкарадаға ауруханада бір апта жаттық", - дейді көпбалалы ана.
Режеп Шекер кішкентай Ерданамен
Оның айтуынша, ұшақта баласы биікті көтере алмаған, өкпесіне оттегі жетпей, жүрегі тоқтап қалған. Кейін ауруханада емінің ақысын түгелдей Режеп Шекер төлеп беріп, өзі қадағалаған.
"Кейін білгенімдей, ол кісі Түркия президентінің жеке дәрігері әрі депутат екен. Өте қарапайым, балажан кісі. Жомарт адам. Баламның емі 791 000 теңге болды. Баланың жөргегін, сүтін, бәрін сол кісі алып берді", - дейді Айгерім.
Бүгінде көпбалалы отбасы Режеп Шекермен әлі байланысып отырады екен.
"Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев баламды құтқарған дәрігерге алғыс айтыпты, оны маған Режеп мырзаның өзі жіберді. Ол кісімен әлі байланысып отырамыз", - дейді ол.
Тоқаев Ердоғанның дәрігеріне қазақстандық сәбиді құтқарғаны үшін алғыс айтты
Анасының айтуынша, қазір Ердананың жағдайы жақсы. Санкт-Петербургтегі бірінші операция сәтті өткен.
"Ешқандай шағымым жоқ. Қазір жағдайымыз жақсы. Санкт-Петербургке тағы да барып, ем аламыз. Балам салмақ қосып жатыр. Негізі Аягөз қаласында тұрамыз, бірақ мұнда медицина онша дамымаған. Сондықтан қазір Алматыда тұрып жатырмыз. Алматыда офтальмологқа екі аптада бір барып, қараламыз", - дейді Айгерім Танекенова.
Көпбалалы ана осы жағдайда қолдау білдірген адамдарға алғысын айтты.
"Жағдайымыз елеп ескерген Режеп мырзаға, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, жағдайымызды сұрап жатқан халыққа, туған туыстарыма алғыс айтамын. Turkish Airlines әуекомпаниясына да рақмет, Санкт-Петербургке баратын билетімізді тегін берді, жатар орнымыз, тамағымыз - бәрі тегін болды", - дейді Айгерім.
Еске салайық, биыл наурызда Ердоғанның дәрігері ұшақта қазақстандық сәбиді құтқарғаны туралы ақпарат тараған. Сол кезде ұшақ бортында қазақстандық сәбидің жүрек ұстамасы болып, жолсеріктер сол сәтте Режеп Шекерден көмек сұрағаны хабарланған еді.
Показать комментарии
Читайте также