Инвесторға бизнес-жоспарды қалай ұсыну керек - Жас кәсіпкерлерге 10 кеңес

20 Қараша, 15:06
0
© pixabay.com
© pixabay.com

Кәсіп ашу үшін ең алдымен қаржы керек. Біреулер ол үшін ата-анасынан, туған-туыстарынан көмек сұрайды немесе ақша жинайды, енді біреулер инвестор іздеп, банктерге жүгінеді. Алайда инвесторларға да сенімсіздікпен қарайтындар бар, себебі идеясын ұрлап алады деп қорқады. Ал несиені пайызымен төлеу шығынды көбейтеді, өйткені бастаған ісі жүрмей, табыс әкелмеуі де мүмкін. Ендеше инвесторды қалай таңдау керек? Бизнес жоспарды дұрыс жеткізудің жолдары қандай? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне кәсіпкер, инвестор Жәнібек Бигараев әңгімелеп берді.

Бизнесте жетістікке жетудің үш ережесі

Кәсіп ашу, бизнес бастау, өзіңді табу, сала таңдау және басқа да тақырыптармен өткізіліп жатқан тренингтер мен сабақтар қаншама, бизнес мектептер де жылдан-жылға артып келеді. Тіпті бизнеске арналған арнайы басылымдар, телеарна, радионы да табуға болады. Мұның бәрі елдегі кәсіп ашуға, өз ісін бастауға қызығушылақтың жоғары, сұраныстың бар екенін көрсетеді. Алайда бұл бизнестің қыр-сырын бір тренингпен немесе мақаламен ашу мүмкін емес. Себебі бизнес майталмандары жетістікке жетудің үш ережесін алға тартады: өзгелерден артық білу, өзгелерден көп еңбектену, өзгелер күткеннен аз нәрсеге үміт ету.


Жәнібек Бигараев

Қаражат тартудың екі жолы

Қаражат тартудың екі жолы бар. Біріншісі - инвестор табу. Инвестор ашылғалы тұрған істің басталуына алғашқы қаражат құятын адам. Ол есесіне компания табысынан белгілі бір мөлшерде ақша алып тұрады. Ал компания банкротқа ұшыраса, инвестор да барлығынан айырылады. Мұндайда тек мүлікті сатқандағы қаражат бөлігіне үміткер бола алады. 

Екіншісі - қарыз немесе кредит алу. Оны қаражаты бар адамдар немесе заңды тұлға, яғни банктер және фондтар береді. Мұнда белгілі бір уақытқа ақша алып, оны белгілі бір пайыздық өсіммен қайтарып бересіз. Оған кепілдік сұрауы мүмкін. Бірақ заңды тұлға табыс бөлігін алмайды. Себебі ол бизнеске кірмейді және банкрот болған жағдайда да, ол пайыздық мөлшерлемесін алады. Инвестор мен кредитордың айырмашылығы осы. 

Инвестор тартуда адами қасиеттердің де маңызы зор

Инвесторды нақты бір жобамен тартуға болады. Мысалы, дүкен ашқыңыз келеді делік, оған дұрыс мекен-жай, концепция таңдайсыз, кететін қаражатты есептеп, қаржы моделін жасай отырып болашағын айқындайсыз және қысқа презентация жасау керек. Дүкен үшін нақты бизнес жоспардың керегі жоқ. Бірақ үлкен зауыт салғыңыз келсе, ол міндетті түрде қажет. 

Мен алдымен WhatsАpp арқылы жобаның қысқаша формасын айтып беруді сұраймын. Бәрі жақсы болса телефонмен сөйлесіп, ары қарай кездесуге келісемін. Болашақ кәсіпкердің адами қасиеттеріне қарап жобасын қарастырамын ба, жоқ па шешемін. Мен үшін адамның тұрақты, сенімді, ерік-жігері мықты болғаны маңызды. Этика мен сауаттылығы да қалмайды. Бұл тексерістен өтпесе, жобасын қарамаймын да. Себебі адам қандай болса, оның жұмысы да сондай болады. 

Келесі кезеңде болашақ кәсіпкер инвесторға жобасын көрсетеді. Инвесторға жоба ұнаса келіссөздер бірнеше кезеңге бөлінуі мүмкін. Ол әркез кері байланыс беріп отырады, ал сіз оны жетілдіріп, дамытып отыру керексіз. Осылайша ол қанағаттанып, "иә" демейінше оны қайта-қайта алып келе бересіз. 

Тәжірибесі мол, түсінігі бар, білімді инвестор ешқашан иә немесе жоқ деп айтпайды. Ол алдымен кері байланыс береді. Мысалы, мына жерін ойластыру керек, бизнес жоспарды өзгерту қажет немесе басқа іспен айналысқан жөн, я болмаса тұратын орны дұрыс емес деп жобаның болашағын болжап береді. Көп жағдайда шешім екі-үш кездесуден кейін қабылданады. 

Кредитор да жобаға қарайды немесе адамның төлем жүргізу қабілеттілігіне мән береді. Егер оған ұнаса белгілі бір соманы береді, бірақ көп жағдайда олар адам болса, кепілдікке зат сұрауы мүмкін. Себебі банкрот болған жағдайда ақшасы қайтпай қалады деп қорқады. Мұндайда несие келісімі жасалады, сонымен қатар нотариалды куәландырылған түбіртек болуы мүмкін. Ал заңды тұлғалар, яғни банк, институттардан алынатын несие көпке белгілі. Қорлардан ақша алу ұзаққа созылады. Оларға бизнес жоспарды ұсыну керек болады. 

Инвестор мен кредитор да жоба үшін немесе сенімді адам болғаныңыз үшін ғана ақша бере алады. Сізді білетін болса, беделіңіз жақсы немесе танымал адам, кем дегенде сол араласатын ортада абыройыңыз болса, сізге сеніп қана ақша бере алады. Яғни олар сізді адам ретінде бағалайды және істі жарты жолда қалдырмайтныңызды біледі. Мұндайда инвесторға жобаның мәні қатты маңызды емес.

Инвестор қандай талап қоюы мүмкін?

Адам өзінің не қалайтынын анық білуі тиіс. Бизнес жоспарда ақша не үшін керек, не үшін қанша қаражат кетеді, инвестицияны қанша уақытта қайтарып береді және басқа да нақты есептеулер болуы керек. Идея соңына дейін жетілмеген, шикі болса, ол үлкен минус болып есептеледі.

Сонымен қатар, мен идеяға ғана емес, оны ұсынып отырған адамға да қараймын. Оның адал, ниеті ақ, жалған сөйлемейтін қасиетіне мән беремін. Сондай-ақ, жетістікке жетуге көмектесетін қасиеттердің бірі сауаттылық пен ойын анық жеткізе білу қабілеті маңызды. Мысалы, қарапайым презентацияны қатесіз жасай алмайтын адам, болашақта жобасын қалай алып жүреді деген сұрақ ойға келеді. Сондықтан мен сауатты, ашық, нық сөйлейтін адамдардың бизнесі де жақсы болады деп есептеймін. 

Инвестор үшін сіздің тәжірибеңіз өте маңызды. Зауыт салғым келеді, бірақ менің қасымдағы әріптестерімнің де тәжірибесі жоқ десеңіз жағдайдың нашар болғаны. Мұндайда істі алып кете алады деген сенім болмайды. Ал "иә, мен мына компанияда бес жыл жұмыс істедім, мынаны істей аламын, мынандай жетістікке жеттім" десеңіз, бұл тағы бір қосымша плюс болады. Немесе ең болмағанда командада бір маман болуы шарт. Инвестор ретінде мен табыс компоненттеріне қараймын. Олар: білім, тәжірибе, таныс, капитал, бизнес жоспар, локация, бірегейлік, табысты өнім. Айтылғандардың жартысы жоқ болса, мен үшін бизнес бастаудың, инвестиция құюдың мәні жоқ.

Ең басты үш кеңес

Айтар кеңесім, әңгімелесу кезінде өтірік айтпаңыз. Себебі тәжірибесі мол инвестор өтірік айтып отырған адамды дереу біліп қояды. Абырой бәрінен де маңызды. Сондықтан оны құртпауға тырысқан жөн.

Инвестор алдында презентация қорғауға алдын-ала дайындалу керек. Ойды анық, дұрыс және жылдам жеткізе білу шарт. Оны Рower point форматында 10-15 беттік қылып жасаған жеткілікті. Ал қаржылық моделін көрсету міндетті емес, бастысы керек инвестиция құны мен оны қайтару уақытын презентацияда атау керек.

Дресс-код та маңызды. Классика немесе ресми стильде киініп келген адам инвесторға құрметін көрсетіп, шын мәнінде осы жобамен айналысуға деген ниетін білдіреді.

Инвестиция қандай жобаға беріледі?

Біріншісі, табысқа жету мүмкіндігі жоғары жобаларға, екіншісі, рентабельді, яғни, таза табысы көп болатын жобаларға.

А және Б жобасы бар делік, екеуіне де 10 миллион теңге мен алға басуы үшін бір жыл керек. Бірақ оның бірі 10 миллион, екіншісі 20 миллион табыс әкеледі. Яғни, инвестор үшін В нұсқасы тиімді, себебі ол үшін келісімшарт бойынша жұмсаған әрбір теңгесіне алатын дивиденті маңызды, ал кредиторға бәрібір, оған тек пайызбен қайтарып берсең болғаны. 

Жаңа, еш жерде жоқ дүние үшін ақша бөлу қиын. Себебі оның болашағын білмейсің, тәуекел де шексіз. Ең жақсы нұсқа, дайын, тесттен өткен жобамен келу. Мысалы, бір жерден мынаны аштық, нәтижесі мынандай, енді екінші жерден ашқымыз келеді деген ұсыныстардың өту мүмкіндігі жоғары. 

Инвестор идеяны ұрлап алуы мүмкін

Барлығы идеяны ұрлап ала алады. Сол үшін "инвестор" деп кез-келген адамға бара беруге болмайды. Оны таңдағанда абай болған жөн. Алдымен мұқият зерттеп, жұмыстарымен танысу керек. Күдік тудырса, жақындамаған жөн. Ал жұрт алдында абыройлы, сыйлы болса, жұмыс істей беруге болады. Ол идеяны ұрлап алған қездің өзінде, дәл сіз елестеткендей қылып шығармайды. Себебі түсініктер әртүрлі. Қайткеде де айырмашылықтар болады. 

Кәсіпкердің бір күні 

Кәсіпкердің қағазға жазып қойған нақты жоспарлы күні болмайды. Оның телефоны тәулігіне 24 сағат қосулы тұру керек. Себебі кез келген уақытта қелеңсіз жағдайлар болып қалуы мүмкін. Ал оны шешпесе, көп шығынға батады. Мейрамдарда да жұмыс істейсің, бірақ мен оған шағымданбаймын. Себебі бизнес - бәсекелі, қатал спорт түрі. Бірақ оның болашағы зор. Мұнда әлсіздік пен еркелікке орын жоқ. Бизнес бастасаң 200 пайызға жұмыс істеуге дайын болу керексің, себебі бәсекелестер сен ұйықтап жатқанда жұмыс істесе, таңертең сені озып кетеді.

Таңертең сағат 09.00-де келіп, 18.00-де қайтып кету деген де жоқ. Сондықтан талмай еңбек етіп, істі соңына дейін жеткізу керек. Орта жолда қалдырсаң, құрбан еткен нәрселеріңнің зая кеткені. Екі істі бірге алып жүруге де кеңес бермеймін. Себебі бір іс алға жүріп кету үшін қолдан келмеген нәрсені қайталап жасай беру керек және жетістік бірден келе қоятын нәрсе емес. Ол сені алдымен сынайды, одан өткенде ғана жетістік келеді. Көбінесе жағдай осылай болады. Ал бар күш-қайрат, жүйкеңді беріп, терлеп жеткен табыстан алатын ләззат ерекше, ыстық болады. 

Кәсіпкер болу үлкен еңбекті талап етеді. Бұл тек басқарып отыру ғана емес, сонымен қатар, тексеру, аналитикалық зерттеу жасау, маркетинг, қаржы жағын қадағалап отыру. Өзімде "мен бастықпын" деген ой жоқ, керек болса кафемде ыдыс жуып кете аламын. Басқаларға да бизнесті ең төменгі сатыдан бастауға кеңес беремін.

Менің бизнесімде басқаратын адам болса да, күнде тексеріп, маркетинг пен сыртқы саясатты бақылап отырамын. Статистика жүргізу арқылы, қай күні пайда көп, қай күні аз түсті, неге олай екенін түсіну арқылы кемшін тұстарын анықтап, жақсартуды ойлана бастайсың. Шығынды да есептеп отырамын. Маркетинг бойынша, SММ-мен айналысатын адамның жұмысын талдап, әлеуметтік желілер мен сайттардан кері байланыс жинап, келушілердің пікірін білемін. Оны бақылап отыратын адамдар болса да, кафе тынысын біліп отыруды жөн көремін. Ал сыртқы саясат - тұтынушымен қарым-қатынас дегенді білдіреді. Яғни, заңды тұлғалармен, қандайда бір компания, ұйым мен университет өкілдерімен келіссөздер жүргізу. Олармен коммерциялық келісім жасау. Мысалы, бизнес ланч жеткізуге қелісу. 


Суреттер pixabay.com сайтынан

Бизнестегі жетістік пен ұжым тығыз байланысты

Бизнес - қатал және командалық спорт түрі. Адам кез келген жағдайда қызметкерін алмастыра алатындай болуы керек. Сонда ғана ол бәсекеге қабілетті, қарсыластары үшін қауіпті кәсіпкер бола алады. Өйткені оның бір өзі бірнеше позицияда жұмыс істеуге қабілетті. Бизнесте қызметкер де, басшы да бір кемеде жүзеді. Көп бизнесте командалық рух жоқ, одан үлкен үйлесімсіздік пайда болады. Басшылықтың қызметкерлерге көңілі толмайды, ал қызметтегілердің 100 пайызға жұмыс істеуге мотивациясы жоқ. Олар тек өзі, отбасы және жалақысы үшін жұмыс істейді. Ақыры соңында бизнес құлдырай бастайды. Сондықтан барлығы кәсіпкердің көрегендігі мен ұжымды біріктіру қабілетінде. 

Бизнесте уақытты үнемдей білу маңызды

Уақытты үнемді пайдалану үшін, жасау керек нәрсені төрт топқа бөлуге болады. Олар: маңызды, жылдам орындауды талап ететін, маңызды бірақ шұғыл айналысуды талап етпейтін және жылдам жасау керек, бірақ шұғыл емес шаруа. Бастапқы екеуімен өзің айналыс, ал қалған екеуін кейінге қалдыруға немесе ол іске басқа біреуді жауапты қылуға болады. 

Бизнесте жүргеніме бір жыл болса да, мұның алдында істеген халықаралық копаниялардан үлкен тәжірибе алдым. Десе де, қиындықтарды шешуге көп уақыт пен ресурс жұмсаймын. Қазір өзімді және бизнесті барынша дамытуға тырысып жатырмын. Сондықтан жеке өмірге уақыт жетпейді. Олар отбасы, ата-ана, достарым, спорт, жәй ғана киноға барып қайта алмайтын кездер болады. Бос уақытымда жұмыс істеймін. Мен одан ләззат аламын десем де болады, себебі күн өткен сайын өсіп, бұрын кездестірмеген қателіктерді жасап, салдарымен күресуді үйреніп жатырмын. 

Көп кәсіпкердің жіберетін қатесі, қарқынды жұмыс істеп келіп, жетістікке жеткенде босаңсиды. Нәтижесінде біраз уақыттан кейін құлдырау басталады. Сондықтан әрдайым ізденісте жүру керек. Бизнес бастаймын дегендерге айтар тағы бір кеңесім, әрекет етуге қорықпа. Тәуекелдің түбі - игі дейді. Бір есік жабылса, алдыңнан үш есік ашылады.

Мақаланы дайындаған Камила Долаева

Получить короткую ссылку


Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц