07 октября 2021 | 14:59

IT-мамандар ақпараттық жүйені ресейлік платформаға көшіру туралы не дейді?

Қыркүйек айының басында Қазақстан мемлекеттік басқаруды цифрландырудың GovTech платформалы моделіне көшудегі басты серіктесі ретінде ресейлік компанияны таңдады. Бұл шешім қоғамда резонанс туғызып, қызу талқыға түскені анық. Осы орайда, Tengrinews.kz тілшісі отандық IT-мамандарына хабарласып, СБЕР-ден кейін қазақстандықтардың өмірі қалай өзгеретінін сұрады. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Қыркүйек айының басында Қазақстан мемлекеттік басқаруды цифрландырудың GovTech платформалы моделіне көшудегі басты серіктесі ретінде ресейлік компанияны таңдады. Бұл шешім қоғамда резонанс туғызып, қызу талқыға түскені анық. Осы орайда, Tengrinews.kz тілшісі отандық IT-мамандарына хабарласып, СБЕР-ден кейін қазақстандықтардың өмірі қалай өзгеретінін сұрады. 

Қазақстан IT-компаниялары қауымдастығының президенті Нұрлан Исин мемлекеттің терең анализге бармай, бірден шешім қабылданғанына қарсы. Ол бұған дейін ресейлік платформаға үзілді-кесілді қарсылық танытқан. 

"Бұл жалпыхалықтық мәселе екенін тағы естеріңізге салғым келеді. Керек десеңіз, республика деңгейіндегі референдум да көптік етпейді. Бүге-шүгесіне дейін зерттелген жоба болса, министрлік бұрын-ақ айқын жауабын берер еді ғой", - дейді ол.

Реклама
Реклама

Исиннің сөзінше, электронды үкімет СБЕР-дің тұғырнамасына көшірілсе, бұл жобаның Қазақстанға пайдасынан зияны көп.

"Біріншіден, жаңа платформаға 4-5 жылдай уақыт керек. Сол себепті тура осыншама уақыт қазақстандықтар электронды үкіметтен ештеңе күтпесе де болады. Екіншіден, жобаны жетілдіруге қазақстандық IT-компаниялардың бірен-сараны ғана ілігеді. Бұл елдегі инновациялық технологияның тоқырауға ұшырауына алып келеді. Кейін олар мемлекеттен қолдау таппай, шетелге кетуге мәжбүр болады. Үшіншіден, ең маңыздысы, қазақстандықтар үшін ақылы мемқызметтер қымбаттайды. Бұл үлкен соққы болып тиюі мүмкін", - деп пікір білдірді Нұрлан Исин.

IT саласында 15 жылдан аса қызмет етіп, көптеген жобаның негізін қалаған Болат Бәшеевтің пікірінше, Қазақстанның бір ұтары бар.

"Қандай жағдай болса да, Қазақстан үшін бұл тәжірибе болып қалады. Ал оның оң не теріс екенін уақыт көрсетеді. Digital El ұлттық жобасының бір басылымында СБЕР-ден кейін цифрлы қызметтер 5 минут ішінде жүзеге асады деп жазған екен. Шын мәнінде не болатыны бәрімізге беймәлім, сондықтан әліптің артын бағайық", - дейді ол.

Бәшеевтің айтуынша, мемлекет жаңа платформаға көшу жолын тыңғылықты қарастырып, мәселенің қыр-сырын аша білсе, мұншалықты дау көтерілмес еді.

"37 000-нан астам мемлекеттік функцияны трансформациялау мен автоматтандыруды бір ғана компанияның мойнына арту әбестік дер едім. Елдегі басты мәселе технологияда емес, ұйымдастырушылар мен басшылардың өз ісіне салғырт қарауында болып тұр", - деді ол.

Ал CEO-менеджер, веб-қосымшаларды әзірлеуші Ғасыр Құралбайұлының сөзінше, қазақстандықтар неден ұтатынын айтты.

"СБЕР-мен жасалған келісімнен қазақстандықтар не ұтады? Болашақта барлық екінші деңгейдегі банктер платформасы интеграцияланады, сондай-ақ, нотариус, университет базасы бір жүйеге келеді. Блокчейн технологиясы толығымен өндіріске енеді. Бұл кез келген қазақстандықтың өз уақытын электронды порталда тиімді жұмсауына мүмкіндік ашады", - дейді ол.

Еске салайық, 3 қыркүйекте Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин мен Сбербанк басшысы Герман Греф Қазақстанның цифрлық трансформациясы, цифрландырудың платформалық моделіне және Data Driven Government тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған еді.

Автор: Мұхтар Жәмішжанов


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная