Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
03 июня 2019 17:28

Жәрдемақы үшін жанұясынан безгендер қалай жазаланады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Шымкенттің Еңбекші аудандық сотының судьясы Қайрат Ізбасаров өткен айдың аяғында қазақстандықтардың назарын аударатын мәлімдеме жасады. "Ер адамдар әкелік құқығынан бас тартып жатады. Аптасына 10-15 өтінім келіп түседі. Сөйлесе келе, көпшілігінің АӘК алу үшін ажырасатыны анықталады. Әкелік құқығынан айырылған соң оны қалпына келтіру мүмкін емес екенін ескерткенімізде жартысынан көбі өтінімін қайтып алып кетеді", - деп мәлімдеген Ізбасаров. 


Шымкенттің Еңбекші аудандық сотының судьясы Қайрат Ізбасаров өткен айдың аяғында қазақстандықтардың назарын аударатын мәлімдеме жасады. "Ер адамдар әкелік құқығынан бас тартып жатады. Аптасына 10-15 өтінім келіп түседі. Сөйлесе келе, көпшілігінің АӘК алу үшін ажырасатыны анықталады. Әкелік құқығынан айырылған соң оны қалпына келтіру мүмкін емес екенін ескерткенімізде жартысынан көбі өтінімін қайтып алып кетеді", - деп мәлімдеген Ізбасаров. 

Tengrinews.kz тілшісі жәрдемақы алу үшін ажырасудың құқықтық мәселесіне үңілуді жөн көріп, заңгер Абзал Құспанмен сұхбаттасқан еді.

"Бізде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік заңдар бар. (...) Жағдайы жақсы, жақсы екенін өзінің ауылы білетін, кәсіпкерлікпен айналысып жүріп, оны өзгенің атымен жүзеге асырып, өзі заң жүзінде табысын жоқ деп жәрдемақыға жармасып жатса, мұндайларды заң жүзінде жауапқа тартуға негіз бар. Бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы - "Алаяқтық". Яғни бұл дерек бойынша тексеруге негіз бар деген сөз. Алдымен оның шын мәнінде өз табысын жасырып, қандай да бір қулық-сұмдыққа көрінеу барып отырғанын дәлелдеу керек. Сонда ғана оны жазалауға негіз болады", - дейді заңгер.

Ал жазасы, Абзал Құспанның айтуынша, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру. 

"Бұл бапта алаяқтықтан келген шығын көлеміне байланысты, істің қанша рет қайталап жасалғанына байланысты қылмысын ауырлататын, жеңілдететін уәждемелері қарастырылған. Әрбір істе өзінің нақты қарастыратын мән-жайы болады. Яғни бірінші бөлігі бойынша 3 жылдан 5 жылға дейін, екінші бөлігі бойынша 5 жылдан 7 жылға дейін жаза көзделген", - деп түсіндірді ол. 

Абзал Құспан мұндай амал-айлаға баратындардың мотивіне үңіліп көрді.

"Бұл адам баласын еңбек етіп, жағдайын түзеуге деген көмек түрі болуы керек. Ал бізде бұл көмек табысы күнкөріс деңгейінен (26 915 теңге) төмен отбасыларға ғана беріледі. Бір қызығы, сіз 26 916 теңге, яғни бір теңге артық алсаңыз, сізге атаулы әлеуметтік жәрдемақы берілмейді. Мұнда айтқым келетіні адамның тағдыры 1 теңге үшін шешілмесе екен деймін", - деген ол адамдар әлгі амал-айлаларға осы себепті жүгініп жатыр деп бағамдады.

Алайда заңгер атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ажырасатындарды жазалауға емес, бірінші кезекте бұл мәселенің қайдан және қалай шығып отырғанына назар аудару керек дейді.

"Жұрт жаппай осы жолмен АӘК алғысы келсе, оның бәрін жазалай берсек, бұл әлеуметтік теңсіздікті туғызады. Ел арасында әлеуметтік алауыздық туады. Алдымен халықтың әлеуметтік жағдайына үкімет жауапты екенін баса айтқым келеді. Бірінші кезекте атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге қатысты нақты, жан-жағынан пысықталған, мұндай қулық жолдармен айналып өте алмайтындай тәртібі жоқ заңдағы кемшіліктен туып отырған мәселе", - дейді ол.

Заңгердің айтуынша, бұл мәселені шешудің жолы - АӘК-ті беру-бермеу мәселесін шешетін комиссия құрамын дұрыс құру.

"Әлгі айтқан 1 теңге шешіп кететін жағдай біздің жаппай формализмге ұрынғанымыздың көрінісі. Комиссияның жұмысына тоқталайық, олар әркімнің әлеуметтік жағдайын дұрыс есептемесе немесе негізсіз тағайындап қойса оларды ұлттық бюро тексеріп, сыбайлас жемқорлық бойынша айып тағады. Комиссия өкілдерінің мұндайдан қашып, әрбір адамның жеке пайдасы мен табысына үңілетін себебі сол. Сондықтан менің ұсынатыным - жәрдемақы беретін комиссия өкілдерін, әр адамның жағдайы бар-жоғын анықтауды жақсы білетін адамдардан таңдауымыз керек. Ал көпбалалы аналарға жағдайы бары немесе жоғына қарамай, бөліп-жармай, бәріне беруді ұсынамын. Себебі бір көпбалалы ананың күйеуі жұмыс істейді, ал екіншісінің күйеуі жұмыс істемейді. Сонда екіншісіне ғана бергеніміз қаншалықты әділ? Бірінші көпбалалы әйел күйеуінің жұмысы болғаны үшін кінәлі ме сонда", - дейді Абзал Құспан.

Еске салайық, жәрдемақы үшін жарынан безіп, әкелік құқығынан айыруды сұрап, өтініш түсіретіндер жайлы шымкенттік судьяның айтқан мәлімдемесі туралы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірген болатын. "Атаулы Әлеуметтік Көмек алу мақсатында көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетті. Үкімет пен Президент Әкімшілігіне алаяқтыққа тосқауыл қою үшін цифрландыру жүйесін енгізуді жеделдету тапсырылды. АӘК - бұл мұқтаж азаматтарға берілетін мемлекеттің жәрдемақысы", - деп ескерткен еді Мемлекет басшысы.

Кейін Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов арам пиғылмен жәрдемақы алғысы келетіндердің ісі қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын айтқан еді. "(...) Қарапайым алаяқтық. Ата-ана міндетін орындаудан қашып, осындай жол табатын адамдарды мінеуіміз керек", - деп мәлімдеген болатын Асанов.

Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмекті берудің толықтай заңды болуы үшін әрі алаяқтықты тоқтату үшін цифрландыруды жеделдету жұмысы жүргізіліп жатқанын айтқан еді. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.77   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети