20 сентября 2019 | 17:03

Желілерде Қытай туралы ең көп таралған жалған ақпараттар

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Қытай экспансиясы деп бағаланған түрлі жаңалық таралып жүр. Оның ішінде фейк-жаңалықтар да бар. Тengrinews.kz тілшісі қазақстандықтардың Қытайға қатысты сенген қауесеттерін жинап шықты. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Қытай экспансиясы деп бағаланған түрлі жаңалық таралып жүр. Оның ішінде фейк-жаңалықтар да бар. Тengrinews.kz тілшісі қазақстандықтардың Қытайға қатысты сенген қауесеттерін жинап шықты. 

"Қазақстанда қытайлық 55 зауыт салынады"
Реклама
Реклама

Қыркүйектің басында WhatsApp мессенджері арқылы Маңғыстау облысында Қытайдың 55 зауыты салынады деген ақпарат тараған. Сондықтан Жаңаөзенде 500-ге жуық адам алаңға шығып, қытайлық зауыттардың салынуына қарсы болған. 

Ертеңіне Алматы мен Нұр-Сұлтанда да қытайлық зауыттарға қарсы шыққан бір топ адам жиналды. 

"Бізге ешқандай қытайлық зауыттар керек емес. Біздің жастарымыз бен ер адамдарымызға жұмыс керек",  - дейді жиынға қатысушы алматылық азамат. 

"Өз экономикамызды өзіміз көтереміз, бізге қытайлық зауыттар керек емес. Олар біздің экологиямызды құртады", - дейді тағы бір тұрғын. 

Кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға қытайлық зауыттардың әкелінетінін жоққа шығарды. 

"Соңғы уақытта жер шетелдіктерге сатылып, шет мемлекеттің 55 ескі зауыты тасымалданып, оған мыңдаған шетелдік жұмысшы тартылады деген қауесет тарады. Біздің халық мұндайға сенбеуі керек. Мұндай қауесетті адамдардың патриоттық көңіл-күйлерін айла-шарпып, эмоционалды, эпатажды адамдарды өздерінің белгілі бір мақсаттарына қол жеткізу үшін қаскөйлер қолданады", - деп мәлімдеді Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында. 

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев та 55 зауыт туралы бағдарлама жоқ екенін айтты. 

"Шымкентте Қытай туы ілінген"

Қыркүйектің ортасында әлеуметтік желілерде Шымкентте Қытай туы ілінді деген атаумен видеоролик жарияланған.

Кадр сыртындағы дауыс салынып жатқан үйдің төбесінде Қытай туы ілінді дейді. "Тойхана "Екі жұлдыз", "Ұлытау", қарсы жақта "Шымкент Sity" құрылысы жүріп жатыр. Қазақ жерінде Қытай туы желбіреп тұр. Сіздер қазақ туын Қытайға барып іліп көріңіздер", - дейді кадр сыртындағы дауыс. 

Оқырмандардың кейбірі оған қатысты "Қандай мақсатпен қойды екен жалауын", "Алып тастау керек" деп пікір қалдырған.

Алайда артынша сол құрылысты салып жатқандар бұл видеоға жауап ретінде ролик түсіріп, жариялаған. Құрылыспен айналысқандардың бірі өзін Өмірзақ Кереңқұлов деп таныстырып, даулы видеода Қытай туы емес, қарапайым қызыл мата ілінгенін айтады. 

"Мен, Өмірзақ Кереңқұлов, Қазақстан Республикасының азаматымын. Біз бір топ жұмысшылар осында жұмыс істейміз. Біз бұл қызыл матаны көз тимеуі үшін ырымға ілдік. Себебі жұмыс жақсы жүріп бара жатыр. Біреулер түсіріп, халық арасына іріткі салу үшін бе, білмеймін, таратып жіберіпті. Бұл қарапайым қызыл мата. Міне, көріңіздер. Қытайдың ешқандай жалауы жоқ", - деген ер адам матаның арғы бетін де камераға көрсетеді.

Ал Шымкент қалалық әкімдігінің ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаеваның айтуынша, бұл видеода ілініп тұрған Қытай туы емес, өлшем белгісі ретінде ілінген қызыл мата.

"Желіде жүрген видео, бұл жерде ешқандай Қытай туы емес, өлшем белгісі ретінде ілінген қызыл түсті мата болатын. Кеше алынып тасталды", - деп пікір білдірді басқарма басшысы.

"Қытайлықтарға визасыз режим енгізіледі"

Былтыр WhatsApp мессенджерін қолданушылар Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим болады деген ақпарат таратқан. 

Бұған Сыртқы істер министрлігі жауап берді. 

"Қазақстан Қытаймен визасыз режим енгізу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқан жоқ. Қытайлық азаматтарға визалы режимді алып тастау туралы мессенджер арқылы тарап жатқан ақпарат жалған, бұл арандату", - деп жазды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Facebook-парақшасында.

Сол кезде ҚР СІМ қазақстандық тарап өз азаматтары үшін Қытай халықаралық әуежайында визасыз болу уақытын 24 сағаттан 72 сағатқа ұзарту бойынша жұмыс істеп жатқандарын айтқан болатын. 

"Қазақстанға Қытай әскері кіреді"

Қыркүйектің басында Facebook желісінде Қытайға қатысты тағы бір ақпарат тарады. Жазбаларда "Енді Қазақстанда төтенше жағдай болса, Қазақстанға Қытайдың әскерін кіргізетін заң қабылдапты!" делінген. 

Сонымен қатар, бұл жазбаларда "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заңның сілтемесі жарияланған.

Бұл қауесетке қатысты factcheck.kz сайты түсініктеме берген. 

"1-тармақта жазылған заңға қарайтын болсақ, Қазақстанда немесе Қытайда төтенше жағдай болса, екінші тарап көмек көрсету туралы сұрау сала алады. Ол дегеніміз Қытай ғана Қазақстанға көмектеспейді, сонымен қатар Қазақстан да Қытайға көмек қолын соза алады", - делінген сайтта. 

Төтенше жағдайда көмектесу туралы келісім Қазақстан мен Қытай арасында ғана емес, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше елдер арасында да бар. 

"ШҚО-да қытайлықтарға жер сатылады"

Биыл мамырда әлеуметтік желілерде Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданынан 40 мың гектар жер Қытай азаматтарына сатылады деген ақпарат тарап, шу шыққан. 

Өңірдің жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова жердің ешқайда сатылмайтынын айтқан. Жер учаскелерін қытайлық компанияларға сату жөнінде қойылған сұраққа ол былай деп жауап берген: "Бұл жерлер мемлекеттің иелігінде, оны ешкімнің шетелдік инвесторларға сатуға құқығы жоқ". 

Жер сатылымына қатысты шу басылмай тұрғасын, ШҚО әкімі Даниал Ахметов те ақпаратты жоққа шығарды. 

"2019 жылы Үржар, Жарма және Күршім аудандарындағы ауыл шаруашығына арналған жерді қытайлық кәсіпкерлерге сату туралы ақпарат - жалған және жала жабу. Бұл аудандарда бір шаршы метр де Қытай Республикасы азаматының иелігінде емес. Болашақта да жер сатылмайды және жалға берілмейді", - деген еді ШҚО әкімі брифингте. 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная