ПОДЕЛИТЬСЯ
21 июня 2019 | 16:10
"Қарудың қайда екенін сұрап, жүрек тұсыма оқ атты". Лаңкестерге тойтарыс берген Ақжол
2016 жылы 6 маусымда Ақтөбеде болған лаңкестік шабуыл бүкіл Қазақстанды дүрліктірген еді. Сонда Ақтөбедегі әскери қызметкерлер террористердің шабуылына тойтарыс берген еді. Тengrinews.kz тілшісі шабуыл кезінде оқ тисе де, лаңкестерге қару-жарақты бермеген Ақжол Шайсұлтанмен әңгімелесіп, сол қатерлі күнді еске түсірді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
2016 жылы 6 маусымда Ақтөбеде болған лаңкестік шабуыл бүкіл Қазақстанды дүрліктірген еді. Сонда Ақтөбедегі әскери қызметкерлер террористердің шабуылына тойтарыс берген еді. Тengrinews.kz тілшісі шабуыл кезінде оқ тисе де, лаңкестерге қару-жарақты бермеген Ақжол Шайсұлтанмен әңгімелесіп, сол қатерлі күнді еске түсірді.
"Өмірімді бронжилет құтқарды"
Ақжол Шайсұлтан лаңкестер шабуыл жасағанда небәрі 20 жаста еді. Алматы облысы, Панфилов ауданы, Лесновка ауылында дүниеге келген ол 2015 жылы желтоқсанда Алматы қаласы Алмалы ауданынан Ақтөбе қаласының "Ұлттық ұлан" әскеріне отан алдындағы борышын өтеуге атанған. Ол кезде Ақжол Ақтөбеде өміріндегі үлкен сынақтардың бірі күтіп тұрғанын білмеген де еді.
"Осыдан 3 жыл бұрынғы Ақтөбедегі лаңкестік оқиға, әрине, осы күнге дейін есімізде. Есімізден кетпейді де. 5 маусым, жексенбі болатын. Бәрі әдеттегідей өз жұмыстарын істеп жатқан. Мен бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшілікке түстім. Кезекшінің көмекшісі болып жасаққа тағайындалған едім. Кезекшілікті сағат 13:00-де қабылдап алдым. Лаңкестік оқиға кезінде мен қақпа қасында кезекшілікті атқарып тұрғанмын. Шамамен, 14:50 шамасында Ақтөбе қаласының ішінде қатынайтын №1 жолаушылар автобусы келіп, әскери бөлімнің қақпасын соғып ішке кірді", - дейді Ақжол.
Лаңкестерді байқап қалған ол бірден штабқа қарай жүгіріп, әскери бөлім бойынша кезекшіге бәрін баяндаған. Кезекші кетіп қалған соң, бөлмеде қатардағы әскери қызметкер Досбол Сапар екеуі қалады.
"Бір кезде біз тұрған бөлменің есігіне оқ атылды. Артынша лаңкестердің бірі бөлмемізге кіріп, мылтығының дүмімен иығымнан ұрды да, "Қарулар қайда?" деп сұрады. Мен айтқан жоқпын, сол кезде жүрек тұсыма оқ атты. Үстімде бронжилет, басымда каска болған еді. Солар құтқарып қалды. Оқ тиген соң, есімнен танып қалдым. Қанша жатқанымды білмеймін. Есімді жисам, қасымда болған Досбол Сапар жоқ екен. Кейін ғана лаңкестер оны сыртқа алып кетіп, өлтіріп тастағанын естідім. Сол кезде штабтың екінші қабатына көтеріліп, барлық бөлменің есіктерін аша бастадым. Прапорщиктердің бірі өз бөлмесіне кіргізіп, алғашқы медициналық жәрдем көрсетті. Артынша, әскери бөлім бойынша кезекші фельдшер аға сержант Балмағамбетованың штабқа дереу келуін сұрады", - деп еске алды ол.
"Мұндай тек фильмдерде болады деп ойлаушы едім"
Кезекші фельдшерден медициналық жәрдем алған соң Ақжол Шайсұлтанды офицерлер сыртқа алып шыққан. Сол сәтте жедел жәрдем көлігі келіп, Ақжолды бірден ауруханаға алып кетеді. Сол күні кешкі сағат 6 шамасында оған ота жасалған.
"Жедел жәрдем көлігіне алып бара жатқан кезде лаңкестердің әскери бөлімге жасалған шабуылына төтеп бергенімізді естідім. Содан ауруханаға кетіп, емделіп он күндей жаттым. Кейін әскери бөлімге қайта оралдық", - дейді ол.
Әскери бөлімге келген соң сол кездегі ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың оны "Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" марапаттағанын біледі. Марапатын алған соң, бір айға демалыс беріліп, ауылына барып қайтады.
Автобустан лаңкестердің түсіп жатқанын алғаш көргенде ол бойын қорқыныш билегенін, бірақ өзін бірден қолына алғанын айтады.
"Лаңкестер шабуылын көргенде толқыныс болды. Сол өмірімнің соңғы секундтары болып көрінді. Лаңкес өз қаруын маған кезеп тұрған сәтте ішімде не болып жатқанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұрын мұндай шабуылдар тек фильмдерде болады деп ойлаушы едім. Лаңкестерге қарулардың қайда сақталғанын айтып қойсам, не боларын ойлағым да келмейді", - дейді Ақжол Шайсұлтан.
"Шабуылдан соң әскери қызметкер боламын деп шештім"
2016 жылы желтоқсанда өз борышын өтеп болған соң, Ақжол Алматы қаласындағы 75-52 әскери бөліміне келісімшарт бойынша жұмысқа орналасқан. Ол жақта 10 айға жуық жұмыс істеген екен. 2018 жылдың қазанынан бері 36-50 әскери бөлімінің сарбаз атқышы қызметін атқарып жатыр.
2017 жылы қыркүйекте шаңырақ көтерген ол былтыр ұлды болып, отбасы бүгінде тұңғышын тәрбиелеп отыр. Бұрын әскери қызметкер болуды ойламаған Ақжол енді Отанын қорғауды борышы деп санайды.
"Өмірімде әскери қызметкер боламын деп ойламаған едім. Сол лаңкестік оқиға әсер еткен болуы керек, бірден Отанымды қорғау үшін әскери қызметкер болып қаламын деп шештім. Халқым мен отбасымның басына дәл осындай қауіптің қайта төнгенін қаламаймын", - дейді Ақжол Шайсұлтан.
Батырлар арамызда" жобасы ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Сондай-ақ, ERG компаниясымен бірлесіп "Қазақстанның дарынды балалары", "Жеңімпаздар" арнайы жобалары қолға алынған.
Показать комментарии
Читайте также