Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
23 апреля 2019 12:25

Қасым Қайсеновтің қазақтың батыр жауынгерлері жайлы естеліктерінен

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қасым Қайсенов. © ҚР Мәдениет және спорт министрлігі
Орталық мемлекеттік архиві қорларынан Қасым Қайсенов. © ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Орталық мемлекеттік архиві қорларынан

Ұлы Отан соғысы - бүкіл кеңес халқымен бірге қазақ ұлтының қаһармандық күресінің отты шежіресі. Осы соғыстағы қазақ халқының шежірелі ерлігі қаншама шығармаға арқау болып келді, әлі де жазыла бермек.


Ұлы Отан соғысы - бүкіл кеңес халқымен бірге қазақ ұлтының қаһармандық күресінің отты шежіресі. Осы соғыстағы қазақ халқының шежірелі ерлігі қаншама шығармаға арқау болып келді, әлі де жазыла бермек.

Ұлы Отан соғысының даңқты партизаны, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, жазушы, публицист Қасым Қайсенов те өзіндік келбетімен танылған бірегей қаламгер. Көзі тірісінде аты аңызға айналған әйгілі партизан ШҚО-дағы Ұлан ауданында 23 сәуірде дүниеге келген. 

Ол - 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының нағыз қаһарманы ғана емес, сол өзі көрген, көкейіне түйген соғыс шындығын жеткізуші. Әрі өзі секілді соғысқа қатысқан қазақтың даңқты хас батырлары: Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Жұмағали Саин, партизан Байұзақ, Рақымжан Қошқарбаев сынды тұлғаларымыз жайлы естеліктер жазып қалдырған. Айта кетсек, Қасым Қайсеновтің жеке қоры ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы. Сол мәліметтерден қазақтың батырлары жайлы естеліктерін жинақтап беруді жөн көрдік.

Мәлік Ғабдуллин жайлы

Сондай естеліктердің бірі 1946 жылы әскер қатарынан босап келген Мәлік Ғабдуллинге тиесілі.

Қасым Қайсенов Мәлік Ғабдуллин жайлы "Әскери киімі тұла бойына құйып қойғандай, кеудесіндегі Алтын Жұлдыз да туғаннан бері тағып жүргендей әсер қалдырады. Батыр келбетін қиялшыл суретші де мұндай етіп сала алмас" деп, ол кісінің қанша шырғалаңға ұшырап, тағдыр тауқыметін тартса да мойымас төзімділігін, қайсарлығын, аса кең пейілділігін, парасаттылығын қазақ "таспен ұрғанды аспен ұр" деген сөзінен-ақ аңғаруға болады деп жазған.

Кеңес Одағының батыры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Ғабдуллин. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Орталық мемлекеттік архиві қорларынан

Жұмағали Саин жайлы

Сондай-ақ, Қасым Қайсенов аға буын қаламгерлердің қайсысы жөнінде жазса да Жұмағали Саинға тоқтамай кеткен емес, себебі кезінде олардың барлығымен таныстарған Жұмағали аға болатын. Ол кісі Қасым естелігінде үлкен жүректі, жалынды патриот, жауға мейрімсіз, Отанының батыр солдаты, елін, жерін үлкен жүрегімен сүйе білген, үлкенге көрсеткен ілтипатымен талай жанның есінде қалған қазақтың біртуар азаматы ретінде бейнелеген.

Қазақтың белгілі ақыны, аудармашы, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Жұмағали Саин Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Орталық мемлекеттік архиві қорларынан

Қасым Қайсенов естеліктерінде екеулерінің арасында өткен әңгімелерін еске ала отырып, соғыс аяқталған соң Украинада қызметте қалмақшы екенін айтқанында Жұмағали Саин "Неге қаласың? Қолыңа қару алып, жау тылыңда жүрсең бірсәрі, ал енді, жай қызметке қалуыңның орны жоқ. Елің, жұртың, әке-шешең, сүйген жарың бар, елден де қызмет табылады" деп, елге алып қайтқанын, әрі оған ағалық қамқорлығын көрсетіп, шығармашылық еңбектерінде ақылшы, қатал сыншы да бола білгенін соғыс зардабынан пайда болған қыңыр мінезінен арылып, өзін қайта тәрбиелеп, бейбітшілік кезеңге бейімделуіне көп көмегін тигізгені жайлы жазады.

Жұмағали Саинды Қасым аға жанашыр, қамқоршы, қайсар мінезді, адамгершіліктің игі сипаттарын бойына мол жинаған, нәзік жанды ақын адам ретінде суреттейді. Соғыс аяқталған соң денсаулығы сыр беріп, жағдайы нашарласа да, тіпті, отбасы қаржылай көмекке зәру болса да "Бойымдағы жарам үшін Отанға салық салмаймын! Біз Совет заңы - Конституция бойынша тек азаматтық борышымызды өтедік. Отан үшін қанша адам жас өмірін, шыбын жанын қиды ғой! Олардың ата-аналары, туғандары Отаннан олардың құнын сұраған жоқ оның үстіне біз тірі қалдық соғанда шүкірлік етуіміз керек. Соғыс елімізді орасан зор шығынға ұшыратты, күйзелтті. Мен қалайша Отан қалтасынан ақша аламын" деп, өмірінің соңына дейін бірінші, екінші дәрежелі мүгедектігі үшін көзін жұмғанша зейнетақы алмай, одан ресми түрде бас тартты. Қасым Қайсенов үшін Жұмағали Саинның аға буын ретінде орны ерекше болды.

Келесі естелігі "Өкініш оты өртейді жүрегімді" деп, аталады. Онда ол сонау 1943 жылдың Киев шаһарының Панктов орманында өткен оқиға туралы жазады. Ол кездері бірде-бір қазақ баласын кездестірмегеніне қазақша сөйлемегеніне алты жылдың жүзі болғандығын "дауыстап сөйлемесем де ішкі ойым қазақ тілінде сайрап тұр, алайда қазақ тілінде іркілмей сөйлеп кету қаншалықты дәрежеде екенін білмедім" деп жазады. Сондай бір кездері орман ішінде жалғыз өзі мұңлы өлең айтып отырған қара торы, сақал-мұрты өсіп кеткен жасы қырықтар шамасындағы жігітті кездестіргенін, оның Байұзақ деген кісі болғандығы туралы айтады. Ол Темір жол станциясындағы тұтқындар лагерінен қашып шыққандығы, өзі кездестіргенге дейінгі жағдайы мүшкіл болғандығы туралы жазады. Қасым ол кісіге өз автоматын ұсынып, енді ол да партизандар қатарына қосылатындығы фашистерге бірге қарсы соғысатындығы жайлы айтып, оған күш-қуат, демеу береді.

Алайда, ол кісінің тек атын ғана есіне сақтаған Қасым аға "Өкінішке орай ол кісінің әкесінің аты есімде жоқ. Тек әйелі екі баласы бар екенін ғана білетінмін. Соғыс аяқталып, естеліктерім, кітаптарым жарыққа шыққан соң Байұзақ атты әкелері соғысқа кетіп, қайтып оралмған бірнеше отбасы хат жазып сұрағандарында артық мәлімет бере алмадым. Егер соғыстан аман қайтып, сол күнгі тарихтың тірі шежіресіндей қолыма қалам ұстап, ұрпаққа ақиқатын айтарымды білсем қалайда ол кісі туралы мәліметтерді, әкесінің атын есіме қалайда болса сақтайтын едім ғой" деп өкінішін білдіріп, өзін кінәлі жандай сезінгеніндігін жазады.

Бауыржан Момышұлы жайлы

Қасымның "Баукенді іздеп..." атты естелігінде жау тылынан босап шыққан кездері майдан шебінде кездейсоқ кездескен қазақ жігіттерінен Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллин жайлы олардың соғыста көрсеткен ерліктері жайлы көп еститінін және Баукенді бір көруді аңсап жүргені туралы жазды.

Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі, жазушы Бауыржан Момышұлы. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Орталық мемлекеттік архиві қорларынан

Бауыржанды Махамбет, Амангелді сияқты алып батыр секілді елестейтінін, ал оның нақыл сөздері, соғыс кезіндегі өмірден алынған философиялық толғаныс лебіздері өзіне ерекше күш қуат беретіндігі туралы толғанысын жазды.

Күндердің күнінде көшеде келе жатып, полиция полковнигін Бауыржан Момышұлы деп ойлап, қасына барып аты-жөнін сұрауға бата алмай көше бойы артынан қалмай жүріп үркіткендігі, дер кезінде алдынан драматург Шахан Құсайынов шығып, ол кісінің Баукең емес, полиция полковнигі екенін айтып тоқтатқандығы туралы естелігінде жазды.

Бауыржанды біраз уақыт өткен соң Жазушылар одағында кездестіргені, оларды ең алғаш Жұмағали Саин таныстырғаны, әрі сол кезде Бауыржан Момышұлы оған бірбеткей, қатал да қайыспайтын, әскерде әбден шыңдалған, алып адам секілді көрініп, ол кісі мені ұната қоймайтын шығар деген оймен, бірден бауыр басып кете алмағаны жөнінде айтады.

Кейінгі кездесулер Бауыржан аға ауырып үйінде жатқанда өткені, оған Рахымжан Қошқарбаев екеуі жиі барып, қал-жағдайын сұрап, жақын араласып кеткені және Рахымжан Қошқарбаевтың қолынан келгенше көмектесіп жақсылығын аямағаны жөнінде жазады.

1982 жылдың маусым айында Украинаның Трускавец санаториясында емделіп жүрген кезінде орыс тілінде шығатын газеттер ілулі тұрған тақтасына көзі түсіп, елде қандай жаңалықтар болып жатқанынан хабардар болу үшін "Казправда" газетін қолына алып үңіліп қарағанында айналасы қара сызықпен қоршалған Бауыржан ағаның суретін көреді. Бауыржан Момышұлыдай досының қайтыс болғандығы туралы оқығанында көзі бұлдырап ешнәрсе көрмей есеңгіреп қалғандығы туралы естелігінде "Сонау Украинаның Карпат тауында жалғыз жүріп Баукеңнен қара қағаз алғандай болдым, Бауке, аяулы Бауке, осы суретің арқылы тұңғыш рет өзіңмен танысып едім, осы суретің арқылы енді өзіңмен қоштасып отырмын! Қош бол, Бауке!" деп, мұңын жазды.

Қасым аға Бауыржан Момышұлын ақын, жазушы, философ, екі тілде бірдей шешен, қас батыр, даңқты қолбасшы ретінде баға беріп, өзінің жеңістің 40 жылдығына орай шыққан "Партизанские тропы" атты кітабының Қазақстан жазушылар одағы тұңғыш белгілеген "Бауыржан Момышұлы атындағы сыйлығымен" марапатталғанын үлкен мақтанышпен, қуанышпен еске алатындығы жөнінде жазған.

Қасым аға осындай даңқты батырларымызды әрдайым мақтан тұтып, ол кісілерге еркеше құрмет көрсетіп, естеліктерінде, кітаптарында, мақалаларында, кездесулерінде де әрдайым еске алып отыратын.

Қасым Қайсенов, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Жұмағали Саин, Рахымжан Қошқарбаев т.б. жаужүрек батырларымыз, жалынды патриоттарымыз, қазақтың бар ізгі қасиеттері бойына дарыған, маңдайымызға біткен жарық жұлдыздарымыз іспеттес жауынгерлеріміз сұрапыл соғыста көрсеткен асқан ерліктерімен ғана емес сонымен қатар майталман ақын-жазушылар ретінде де әдебиет саласына қосқан сүбелі үлестерімен өздерінен кейін де мәңгі өшпес із қалдырған.

Авторы: Жұмажанова Айсұлу Серикжанқызы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі
Орталық мемлекеттік архивінің қызметкері

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.73   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети