25 февраля 2021 | 15:09

"Қазақ жері шетелдіктерге сатылмайды". Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында не деді?

©akorda.kz

Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысы өтті. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Президент отырыс барысында түрлі мәлімдеме жасап, бірқатар тапсырма берді. Tengrinews.kz тілшісі Тоқаевтың кеңес отырысындағы маңызды мәлімдемелері туралы баяндайды. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысы өтті. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Президент отырыс барысында түрлі мәлімдеме жасап, бірқатар тапсырма берді. Tengrinews.kz тілшісі Тоқаевтың кеңес отырысындағы маңызды мәлімдемелері туралы баяндайды. 

"Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қоғам бақылауында болуы керек"

Тоқаев Қазақстандағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының (ӘКК) жұмысын қоғам толық бақылауы үшін ашық болуын тапсырды.

Реклама
Реклама

"Аймақтардың әлеуетін арттыру мақсатымен кезінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құрылды. Мұндай құрылымдар қазір барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істейді. Енді әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды толыққанды институтқа айналдыратын кез келді.

Өңірлік корпорациялардың жұмысы қоғамның ашық әрі толық бақылауында болуға тиіс. Құзіретіне жатпайтын және маңызы төмен активтерді оның қарамағынан алып тастаған жөн.  Жалпы, осы корпорациялардың қызметін үйлестіру үшін ауқымды жұмыс жүргізу қажет. Бұл ретте, Ұлттық экономика министрлігінің аталған мәселеге қатысты құзыретін күшейту керек", - деді Президент.

Ол Ұлттық экономика министрлігі құзыретін күшейту керегін айтты. 


Фото: akorda.kz

"Қос азаматтыққа тыйым салу керек"

Тоқаев қос азаматтық алу деректері туралы пікір білдірді. Мемлекет басшысы мұндай заңбұзушылықтың жазасын қатаңдатуды тапсырды.

"Қазақстан қос азаматтыққа тыйым салған елдер тобына жатады. Бұл норма Конституциямызда бар. Алайда кейінгі уақытта тіпті шенеуніктердің арасында қос азаматтық барын анықтап жатырмыз. Бұған түсінікті себеппен тыйым салу керек. Бұл өте ауқымды проблема, себебі ұлттық қауіпсіздігімізге қатысы бар. Мұндай деректердің алдын алу керек.

Былтыр Жолдауымда қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілерді, квазимемлекеттік сектордағы басшыларды қызметінен босатуды тапсырғанмын. Үкімет пен Мемлекеттік істер жөніндегі агенттіктен атқарған жұмысын баяндауды сұраймын. Соған қарағанда, мұндай заңбұзушылық жауапкершілігін күшейту керек", - деді Тоқаев. 

Бірнеше ай бұрын Желіде шымкенттік шенеуніктің қос азаматтығы бары туралы ақпарат пайда болған. Кейін мәліметті қала әкімдігі жоққа шығарған, алайда полиция өкілдері бұл мәліметті растаған еді.

"Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды"

Президент шетелдіктерге Қазақстанда ауыл шаруашылығына араналған жерлерді сату немесе жалға алуға тыйым салуды тапсырды. 

"Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл - мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет", - деді Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.


Фото: akorda.kz

Ол бұл мәселе бойынша нақты шешімдер қабылдағанын айтты.

"Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек.

Екіншіден, бір айдың ішінде жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын. Комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек.

Үшіншіден, Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын.

Төртіншіден, комиссия жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек. Басты міндеттің бірі – комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың мейлінше ашықтығын көрсету.

Біз жерге қатысты қоғам тарапынан көтерілген барлық мәселені дұрыс және тиімді шеше аламыз деп сенемін. Бұл шешімдер, ең алдымен, ел экономикасын дамытуға және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған. Ең бастысы, жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды", - деді Тоқаев.

Президент жер шетелдіктерге сатылмайтынын 2019 жылы мамырда да айтқан болатын. 


Фото: akorda.kz

"Хайп үшін жұртты шулатып жатыр"

Сондай-ақ, Тоқаев вакцинацияға қарсылық танытатындарға қатысты пікір білдірді. 

"Амал не, бүгінде қоғамдық талқының сапа деңгейі төмендегенін бақылап отырмыз. Белгілі адамдар ешқандай негізі жоқ әрі популистік мәлімдемелерімен хайп үшін жұртты шулатып, адастырып жатқанын байқап отырмыз. Жарқын мысалы - антиваксерлердің деструктив позициясы (екпеге қарсы қозғалыс. - авт.). Әлеуметтік маңызы бар мәселелердегі көзқарастардың бітіспестігі, біржақты көзқарастар алаңдатады", - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, мұндай жағымсыз бағыттар басымдыққа ие болатын тенденцияға айналуына жол берілмеуі керек.

"Адвокаттық қызметсіз құқықтық мемлекет құру мүмкін емес"

Мемлекет басшысы сот процесінде прокурорлар мен адвокаттарды теңестіру туралы айтты. 

"Мықты, тәуелсіз адвокаттық қызметсіз құқықтық мемлекет құру мүмкін емес. Мемлекеттік аппараттың тиімдігі көбіне адамдар мен кәсіпорындардың құқықтары мен мүдделерін кәсіби қорғауға мүмкіндік жасаумен байланысты. Елдегі кәсіпкерлік және инвестициялық белсенділік деңгейі де осыған байланысты. Сондықтан бұл жерде адвокаттардың рөлін асыра бағалап жіберу қиын", - деді Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

"Қылмыстық-атқару мекемелерінде бейнебақылау керек"

Мемлекет басшысының айтуынша, полиция мен қылмыстық-атқару мекемелерінде адам құқығын қорғау керек. Сондықтан барлық жерде бейне бақылау болуы қажет.

"Тәжірибе көрсеткендей, қазіргі бейнебақылау жүйесі бұл мекемелердің қабырғаларында не болып жатқанын толық бақыламайды. Олардағы көптеген жер әлі күнге дейін назардан тыс қалып жатыр. Сондықтан мен өз Жолдауымда барлық бейнебақылау жүйесін енгізіп, "көрінбейтін" аймақтарды қамтуы керек екенін тапсырдым", - деді Тоқаев.


Иллюстрациялық фото: Юлия Чернявская

"Балама энергетиканы дамытуға ерекше мән беремін"

Тоқаев үкіметке балама энергияны дамыту туралы жаңа заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Ол экономиканы әртараптандыру және оның энергия сыйымдығын төмендету шараларымен қатар, жасыл технологияларға дәйекті түрде көшу маңызын айтты.

"Балама энергетикаға қолайлы жағдай туғызбасақ, біз әлемдік прогрестен артта қалуымыз мүмкін. Бұл мәселеде тартынуға болмайды.

Мен балама энергетиканы дамытуға ерекше мән беремін. Бұл Қазақстанның болашағын айқындайтын аса маңызды сала. Біздің елімізде 2009 жылғы шілдеде қабылданған энергия көздері - су, жел, күнді қолдау туралы заң бар. Алайда ол барлық балама энергия көзін, соның ішінде сутегі, өнеркәсіптік газ, газ өлшегіш, көмір қабаты, көмір қабатының газ өлшегіші, биоотын, қатты тұрмыстық қалдықты өндіруді және пайдалануды қарастырмайды", - деді Президент.

Оның айтуынша, мемлекеттік саясат шаралары мұндай маңызды салада нақтыланбаған.

"Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық - әлеуметтік проблема"

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау үшін арнайы жасақ құрамын қалпына келтіруді тапсырды.

"Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық - маңызды әлеуметтік проблема. Жыл сайын елімізде әйелдерге қарсы 2,5 мыңнан аса қылмыс тіркеледі. Оның ішінде өліммен аяқталғаны бар. Зорлық-зомбылық салдары әйелдердің қоғамға араласуына және отбасы институтына теріс әсер етеді. Бұл өзекті мәселені мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп қана шешуге болады", - деді Президент.


Иллюстрациялық фото: Tengrinews.kz/Тұрар Казанғапов

Ол бұл іс бойынша маңызды рөл ІІМ-нің әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі 1999 жылы құрылған арнайы бөлімшелеріне жүктелгенін айтты.

"Олар полицияның азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесуінде тиімді буын болуы керек. Алайда оларда штат саны қысқарды, оның ішінде отбасылық зорлық-зомбылық дерегі жиі тіркелетін аймақтарда да. Бұл мәселені әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова Ұлттық кеңес алаңында көтерді. Ішкі істер министрлігіне әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау үшін арнайы жасақ құрамын қалпына келтіруді тапсырамын", - деді Мемлекет басшысы.

"2024 жылы аудан әкімі сайланады"

Сонымен қатар, Тоқаев қазір кенттердің, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға дайындық жүріп жатқанын айтты.

"Сайлау биыл шамамен тамыз-желтоқсан айлары арасында өтеді. Осы жылы 786 ауыл әкімінің өкілеттігі аяқталады. Яғни, 800 жуық елді-мекенді қамтитын жергілікті сайлау науқаны өтеді. Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ.  

Сайлау туралы заңнамаға енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар пысықталуда. Тиісті заң алдағы уақытта қабылданады. Содан кейін ғана кенттердің, ауылдар мен ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына қажетті барлық нормативтік-құқықтық негіз толығымен қалыптасады деп айта аламыз. Бірақ, біз мұнымен шектеліп қалмаймыз", - деді Тоқаев. 

Президент келесі маңызды қадам аудан әкімдерінің тікелей сайлауы екенін айтты. Бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керегін мәлімдеді.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная