ПОДЕЛИТЬСЯ
17 февраля 2020 | 10:23
Қазақстанда полицей адамға қандай жағдайда оқ ата алады?
Қордай ауданында болған жағдай бүкіл елді дүрліктірді. Желіде бірінші таралған видеода белгісіз ер адамдардың полиция қызметкерлеріне қарсы күш қолданғанын көруге болады. Жамбыл облысының Полициясы қазіргі таңда қызметтік міндетін атқару үстіндегі билік өкіліне қарсы күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын және ұсталғандардың изоляторға қамалғанын хабарлады. Бұл тұрғыда Tengrinews.kz тілшісі адвокат, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Жанна Таженовадан полицейлердің қандай жағдайда күш қолдана алатынын, оның тәртібі мен жауапкершілігі қандай екенін сұрап білді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қордай ауданында болған жағдай бүкіл елді дүрліктірді. Желіде бірінші таралған видеода белгісіз ер адамдардың полиция қызметкерлеріне қарсы күш қолданғанын көруге болады. Жамбыл облысының Полициясы қазіргі таңда қызметтік міндетін атқару үстіндегі билік өкіліне қарсы күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын және ұсталғандардың изоляторға қамалғанын хабарлады. Бұл тұрғыда Tengrinews.kz тілшісі адвокат, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Жанна Таженовадан полицейлердің қандай жағдайда күш қолдана алатынын, оның тәртібі мен жауапкершілігі қандай екенін сұрап білді.
Қай заңға қару керек?
Маманның айтуынша, қазақстандық полицейлердің жүріс-тұрысын, әдебін, жұмыс тәртібін "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 380-ІV Заңы реттейді.
"Осы Заңда құқық қорғау органдарындағы қызметтің құқықтық негізі, құқық қорғау қызметінің принциптері, кадр қызметі, қызметкерлердің құқықтық жағдайы толығымен көрсетілген. Дәлірек тоқталатын болсақ, полицейлер жоғарыда аталған заңға сәйкес құқық қорғау органының қызметкері болып саналады. Яғни, полицейлердің жүріс-тұрысын, әдебін, жұмыс тәртібін аталған заң реттейді", - дейді адвокат.
Ал егер осы заңда қызметкерлердің жұмыс тәртібіне байланысты кейбір мәселелер көрсетілмеген жағдайда аталған мәселелер ҚР Еңбек кодексі арқылы реттеледі екен.
Қару қандай жағдайда қолданылады?
Ал полицейлердің оқ атуына, қандай жағдайда тапанша қолдана алатынына қатысты сұрағымызға маман былай деп түсінік берді:
"Жоғарыда аталған заңның 59-бабына сәйкес қоғамға қауіпті әрекеттерді тоқтату, құқықбұзушылықтардың сипаты мен нақты ахуалдарды ескере отырып, оларды жасаған адамдарды ұстау және құқық қорғау органдарына жеткізу мақсатында қолданылады. Қолданылатын қару ретінде - атыс қаруы және өзге де қару, арнаулы құралдар және дене күші көрсетілген. Қызметкерлердің осы Заңда атыс қаруын және өзге де қаруды қолдану рұқсат етілген барлық жағдайда дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін, сондай-ақ арнайы құралдарды қолдануға құқығы бар".
Осы заңның 61-бабының 1-тармағына сәйкес қызметкерлердің атыс қаруын және өзге де қаруды мына жағдайларда қолдануға құқығы бар:
- жеке адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда оларды қылмыстық сұғушылықтан қорғау, сол сияқты кепілге алынғандарды босату;
- қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелеріне, қоғамдық тәртіпті қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі қызметтік немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген адамдарға жасалған шабуылға тойтарыс беру;
- құқық қорғау органының атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы көлік құралын тартып алу әрекеттерінің жолын кесу;
- жеке тұлғалардың тұрғын үй-жайларына, құқық қорғау органдары күзететін объектілерге, мемлекеттік ұйымдардың үй-жайларына жасалған шабуылға тойтарыс беру, қызметтік немесе әскери нарядқа жасалған шабуылға тойтарыс беру;
- қарсылық көрсететін не қылмыс жасау кезінде үстінен түскен, қамаудан қашқан адамдарды ұстау;
- егер көлік жүргiзушi қызметкердiң заңды талаптарына бағынбаса және жеке адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрсе, көлiк құралдарына ақау келтіру арқылы оларды тоқтату;
- адам өміріне немесе денсаулығына іс жүзінде қатер төндірген жағдайларда хайуанаттардың шабуылынан қорғану;
- қару қолдану ниеті туралы азаматтарға ескерту, дабыл сигналын беру немесе көмекке шақыру үшін;
- қажетті қорғаныстың және аса қажеттіліктің барлық өзге де жағдайларында.
Полицей бөтен қаруды қолдана ала ма?
Таженованың айтуынша, бұл заңның 62-бабының 3-тармағына сәйкес қажетті қорғаныс және аса қажет жағдайларда немесе қылмыс жасаған адамды ұстаған кезде қызметкер өзінде қажетті арнайы құралдар немесе қару болмаған кезде қолда бар кез келген құралды пайдалануға, сондай-ақ осы Заңда белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен жарақтандыруға тұрмаған өзге де қаруды қолдануға құқылы.
Cондай-ақ, полицейлер қару қолданған жағдайдағы талаптар мен жауапкершіліктер бұл заңның 62-бабының 4- тармағының 1-тармақшасынла қарастырылған екен. Оған сәйкес, полицей қару қолдану алдында ескерту жасауға және талаптарды орындауға жететін уақыт беруге міндеттеледі.
"Бұл бап бойынша, атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды, дене күшін қолдану кезінде қызметкерлер кешіктіру азаматтардың, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін, өзге де ауыр салдарға әкеп соқтыруы мүмкін жағдайда қару қолдану ниеті туралы ескертуге, бұл ретте оларды қолдану көзделіп отырған адамдарға өзінің талаптарын орындау үшін жеткілікті уақыт беруге міндетті", - деп түсіндіреді маман заңды.
Полицей қаруды негізсіз қолданса қалай жазаланады?
Алайда бұл ескерту мен уақыт орынсыз немесе мүмкін емес жағдайларда берілмейтін де жағдайлар бар. Бірақ адвокат осы баптың 6-тармақшасына сәйкес қызметкерлердің атыс қаруын өкілеттігін асыра пайдалана отырып қолдануы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.
"ҚР ҚК-нің 362-бабына сәйкес билiктi немесе лауазым өкiлеттiктерін асыра пайдалану, яғни мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адамның құқықтары мен өкiлеттiктерінің шегінен анық шығатын және азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттiң заң бойынша қорғалатын мүдделерiне елеулі зиян келтіруге әкеп соққан әрекеттер жасауы қылмыс ретінде сараланып, оны жасаған тұлғаға қатысты осы бапта белгіленген жаза түрі көзделген", - деді маман.
Ал полицейдің қаруды елімізде жиі қолданбауына себеп ретінде адвокат заңда мұндай жауапкершілік қарастырылмағанын атады. Яғни қазақстандық полицейлерге керек болған жағдайда қаруды қолданбағаны үшін жауапкершілік арқаламайды екен.
"Қазақстан Республикасының заңдарының шеңберінде "қаруды қолданбаудың жазасы" туралы мәселе қарастырылмаған. Сол себепті ондай жаза жоқ деген тұжырымға келуге болады", - деді Жанна Таженова.
АҚШ-та коптар қаруды неге жиі қолданады?
АҚШ полицейлерімен салыстырып көрсек, ол елде полицейлердің қаруды көп қолданатынын байқаймыз. Бұған маманның жауабы да дайын - АҚШ-та тек қызметкерлер емес, бейбіт тұрғындарға да қару алып жүруіне рұқсат бер.
"Менің естуім бойынша, АҚШ-та оқ қаруларының түрлерін қолдануға тек қызметкерлерге ғана емес, қатардағы азаматтарға да рұқсат етілген. Ал, біздің мемлекеттің заңнамасы бойынша қатардағы азамат тұрмақ, лауазымды құқық қорғау органы қызметкерінің өзі заңда көрсетілген ерекше жағдайларда ғана қолдануға құқылы. Қару қолдану кезінде белгілі бір салдар тууының жауапкершілікке әкеп соқтыру мүмкіншілігі біздің мемлекетіміздің құқық қорғау органының қызметкерлерінің қаруды сіз айтқандай қолдануға жүрексінуін туындатады деген ойдамын", - дейді ол.
Показать комментарии
Читайте также