28 января 2019 | 17:23

Қазақстанда соттасу қанша тұрады

Заңы үстем ел өркениетке жол бастайды. Барлық келіспеушілік пен дау сотта шешіледі. Ал соттасудың шығыны жайлы не білеміз? Сот шығыны өндірілетін істер қандай, олар қалай есептеледі және қай заңда көрсетілген? Бұл сұрақтарды Tengrinews.kz тілшісі заңгер Әбутәліп Ғабдулғаниға қойды. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Заңы үстем ел өркениетке жол бастайды. Барлық келіспеушілік пен дау сотта шешіледі. Ал соттасудың шығыны жайлы не білеміз? Сот шығыны өндірілетін істер қандай, олар қалай есептеледі және қай заңда көрсетілген? Бұл сұрақтарды Tengrinews.kz тілшісі заңгер Әбутәліп Ғабдулғаниға қойды. 

Заңгердің айтуынша, алдымен сот арызыңызды қабылдауы үшін мемлекеттік баж салығын төлеуіңіз керек. Оның тәртібі мен көлемі ҚР Салық кодексі арқылы анықталады. Мәселен, жеке тұлғаларға талап қою сомасының 1 пайызы болса, заңды тұлғаларға талап қою сомасының 3 пайызы салық болып саналады. 

Реклама
Реклама

"Мемлекеттік баж салығын төлеу үшін соттан банк реквизиттерін анықтап, төлем жасау жолын білу керек. Мұндай реквизиттер әр сотта әрқалай екенін түсініп алу керек. Осылайша салықты төлегеніңізді растайтын түбіртек арыз-талабыңызға қоса қыстырылуы тиіс", - деп түсіндірді ол.

Қылмыстық істе:
Мәселен, Талдықорған қаласында биыл 4 қаңтарда үш адамға мемлекеттік бағдарламамен үй алып беремін деп уәде беріп, олардан 6 558 000 теңге ақшасын алдап алған алаяқ әйел 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Судья ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен шығарған сот үкімінде жәбірленушілердің материалдық шығынын толық көлемде қайтаруды, соған қоса шағым-талап сомасының бір пайызын, яғни 65 580 теңгені мемлекеттің пайдасына баж салығы ретінде өндіруді міндеттеген.
Азаматтық істе:
Ал 16 қаңтарда Алматы қаласында Азаматтық іс бойынша сот бұйрығы шығарылды. Заңды тұлғалар 8 ай бойында жалға алу ақысын төлемей келген. Судья айыпты тарапты талап қоюшының 4 704 000 теңге материалдық шығынын толық көлемде өтеуді міндеттеп, оған қоса талап қою сомасының 0,5 пайызын, яғни тұрғынжайды жалдау шартын бұзғаны үшін 23 520 теңге салықты өтеуді бұйырды. 

Осыдан кейін маман сот шығындарының түрлеріне тоқталды. Заңгердің айтуынша, іс жүргізуге байланысты шығындарға куәгерлерге, сарапшыларға, мамандарға және басқа да үшінші тұлғаларға төленуге тиісті қаражат жатады. 

"2018 жылы Салық кодексінде өзгерістер болды. Оған байланысты кейбір баж мөлшері өзгерді. Яғни бұрын кейбір баж мөлшерлерін пайызбен есептейтін болсақ, қазір айлық есептік көрсеткішпен есептейтін болдық. Аудармашылар, сарапшылар және мамандарға төленетін ақыға келсек, егер ол жауапкердің немесе талапкердің екеуінің бірімен келісіп келген болса, өзара шартында қалай көрсетілсе, сонша сомада ақы төлейді. Ал егер мамандар белгілі бір қызмет бабымен іске тартылған болса, оның ақысы өз айлық жалақысы болып саналады. Бұл ақыны сотқа арызданған талапкер алдымен өз қалтасынан шығарады да, соттан бұл қаражатты айыпкерден өндіріп беруді өтіне алады. Ал қызметтік бабымен емес, бірақ осы саладағы маман шақыртылған болса, онда үкіметтің сол жолға бөлінген сыйақы мөлшерімен мемлекет бюджетінен бөлінеді", - деп түсіндіреді маман.

Оның айтуынша, азаматтық істерде адвокатты іске тартудың құны арыз-талап сомасының 10 пайызынан басталады. "Әкімшілік істер бойынша адвокат жалдаудың құны Азаматтық кодекске сілтеме жасап айтсақ, 50 мың теңгеден басталады", - дейді маман.

Сондай-ақ, маман сотқа жүгінудің шығынын нақты мысалмен түсіндірді. 

"Тағы бір мысал келтірейін, былтыр сәуір айында Жезқазған қаласында тұрғын үйді мирасқорлық бойынша марқұмның атынан баласы өзі атына аударып алғысы келді. Қайтыс болған әкесінің атынан баласы мүлікті өз атына ауыстыруы қажет болды. Баласының шығыны сонда нотариустық куәлік (биылдан 10 100 теңге), мемлекеттік БАЖ салығы (127 мың теңге - нақты осы мысалда), бағалау актісі (6 АЕК - 15 150 теңге) туралы шығындар болды. Үйді бағалағанда сомасы 12 миллион 700 мың теңге шықты, адвокат осы қызметіне 130 мың теңгедей ақы алған еді. Сонда бәрін қосқанда үйді өз атына ауыстырып алу үшін баласы 282 250 теңге жұмсады", - деп түсіндірді заңгер.


© pixabay.com

Сонымен қатар, маман атаған тағы бір шығын - Қарау жүргізуге байланысты шығындар. Заңгердің айтуынша, бұл шығын әртүрлі жағдайда болады және бұл да мемлекеттің бюджетінен төленеді.

"Мәселен қарау жасалатын мүлік басқа жерде немесе басқа қалада болса, оған кететін жол шығыны, бөлме жалдау жөніндегі шығындар және іссапарға жіберілген адамдар үшін белгіленген мөлшердегі тәулікақы - осының барлығы қарау жүргізуге байланысты шығынға жатады. Мұны сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен сотқа дайындық кезеңінде мемлекет бюджетінен шығатын шығын, бірақ сотта тараптың бірі жеңілген жағдайда сол тарапты судья осы соманы қоса төлеуге міндеттейді. Осылайша мемлекеттің өз бюджетін қалпына келтіреді", - дейді Әбутәліп Ғабдулғани.

Шығынның тағы бір түрі - заттай дәлелдемелерді сақтауға байланысты шығындар екен. Бұл да мемлекет бюджетінен төленетін ақы.

"Бұл көбіне азаматтық және қылмыстық істерде кездеседі. Сот заттай дәлелдемелерді ешқандай өзгеріссіз дәл сол қалпында сақтауға тырысып, шаралар қолданады. Сотқа әкелу мүмкін емес деп танылған заттар сол тұрған жерінде сақталады. Бұл дәлелдемелерді сот істі сот талқылауына дайындау кезінде немесе істі сотта талқылау барысында қарап-тексеруі қажет.  Іс-жүргізудің қарап-тексеру кезінде заттардың сыртқы түрі, қасиеттері және жай-күйі, жағдайы жеке процестік әрекет хаттамасында немесе сот отырысының хаттамасында тіркеледі, ал қажет болған жағдайда бұл заттар фотосуретке, бейнежазбаға түсірілуі мүмкін және мөрмен бекітілуі мүмкін. Сот заттай дәлелдемелерді іске қатысатын адамдардың және қажет болған кезде сарапшылардың қатысуымен қарап-тексеріледі. Заттай дәлелдемелерді қарап-тексеру хаттамасы іске қоса тіркеледі. Осы іс-әрекеттің істелу барысында шыққан шығындар заттай дәлелдемелерді сақтауға байланысты шығындар болып табылады", - дейді заңгер.


© akm.sud.kz

Маманның айтуынша, жауапкерді немесе күдіктіні іздестіру жөніндегі шығындарға күдіктіні іздеуге, табуға, алып келуге байланысты шығындар жатады. Бұл сома да сотқа дайындық кезеңінде мемлекет бюджетінен төленіп, егер сол жауапкердің немесе күдіктінің кінәсі мойындалса, бұл шығынды өтеу сол адамға міндеттеледі.

"Бұл шығынға жарияланымдар мен хабарландыруларға байланысты шығындар да жатады. Мысалы, күдікті дүкеннен сөмкені ұрлап кеткен жағдайда, оның суретін немесе видеосын БАҚ құралдарына ақпарат ретінде шығартып, "қандай да мәлімет білетіндерден полицияға хабарласуды сұраймыз" деп жариялауға қажетті шығын осы жағдайда болады. Мұны негізінен құқық қорғау органдары айналысады. Бұл жағдайда да жарияланымдарға кеткен шығындарды кінәлі деп танылған адамды төлеуге міндеттейді. Яғни адам өз қылмысын жасырмақшы болып, өзі жасырынып, қашып жүрсе, өз жағдайын өзі қиындата түседі", - дейді ол.

Сот шығындарының тағы бірі - тараптарға хабарлау және оларды сотқа шақыру жөніндегі шығындар. Сот тараптарға хабарлап, оларды шақырудың екі түрін қолданады. Бірі қағаз жүзінде (хат, SMS, электронды хат), екіншісі адам жіберу арқылы шақыру (курьердің жолақысы) екен. 

"Заңда тараптар мен үшінші тұлғалардың жолақысы және олардың сотқа келуіне байланысты шеккен тұрғын жайды жалға алу жөніндегі шығындар жайлы да айтылады. Бұл негізінен, мәселен, сот Алматы қаласында өтіп жатса, бірақ куәгер Астанадан болса, оны шақырту, оның жолақысы, жатын орны - барлығы мемлекет бюджетінен төленеді. Бұл жағдайда да бұл ақыны айыбы дәлелденген тарап өтеуге міндеттеледі. Бұл сома сол уақыттағы нарықтағы жалға беру және жалға алу көрсеткішінің орташа деңгейімен есептеледі", - дейді ол.

"Соттың шешімдерін, үкімдерін, ұйғарымдарын және қаулыларын орындауға байланысты шығындарға сот орындаушыларының шығаратын шығындары жатады. Яғни, оның қызметі үшін алатын сыйақысы, қаулыны орындату кезінде оған жұмсалатын ақшалай шығындар болады, баруы-келуі, пошта қызметтеріне төленетін ақы, банкке төленетін комиссиялар барлығы да өндіріледі", - дейді маман.

Егер айыпталушының кінәсі сотта дәлелденбеген болса, мемлекет сот шығынын өз мойнына алады. Ал егер талап-арыз жартылай қанағаттандырылып, жартылай қанағаттандырылмаса, бұл аталған шығын талапкер мен айыпкердің ортасында пропорционал бөлінеді екен. 

Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная